15.05.2020, 16:27
Оқылды: 209

Сырым ауданы әкімі құрылыс жұмыстарымен танысты

 Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев ауылдық округтерді аралап, ауданда жүзеге асып жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты.

4DB1F027-D53A-4EE5-943B-885B26D409EC

Аудан басшысы жұмыс сапарын Шолақаңқаты ауылдық округінен бастады. Мұнда Тоғанас ауылындағы су құбырын жаңарту жұмыстарының барысын көрді. Тоғанас, Құспанкөл, Аңқаты  ауылдарына су құбырын жаңарту жобасына 599,34 млн. теңге бөлінген болатын. Құрылысты жүргізіп жатқан «Сәт-Сервис» ЖШС-нің директоры Бақытбек Садибеков аудан әкіміне үш ауылдағы жұмыстың қалай жүзеге асуда екенін көрсетіп, түсіндірді.

 110713D6-828C-4A22-B68C-102FCBBDDA30

Бүгінде құбыр тарту жұмыстары 70 пайызға орындалып тұр. Жүргізілген су құбырларының ұзындығы 25,531 км, құбыр әр үйге дейін тартылып жатыр. Су берілсе, Тоғанаста 110 аула, 451 адам, 3 әлеуметтік нысан, Аңқаты ауылында 47 аула, 177 адам, 2 әлеуметтік нысан, Құспанкөл ауылында 48 аула,  282 адам, 3 әлеуметтік нысан ауыз сумен қамтылатын болады. Құрылыс жұмыстары маусым айында аяқталады деп жоспарлануда.

Тоғанас ауылы үшін тағы бір қуанышты жаңалық мұнда салынып жатқан спорт алаңы да аяқтала келді. Жоба құны 15,2 млн теңге тұрса, құрылыс жұмыстарын Мереке Молдағалиевтің «Жайық Сити» ЖШС жүргізуде. Спорт нысаны  мамыр айының соңында пайдалануға беріледі.

Аудан әкімі жолай Алғабас ауылына ат басын тіреді. Алғабаста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауыл ішіндегі ұзындығы 787 метрді  құрайтын С.Датұлы көшесіне жол салынуда. Жолдың ені 6 метрді құраса, жол жиегі 1 метр. Бұл көшені жөндеу халықтың көптен бері көтеріп жүрген мәселесі-тұғын. Көктем, күз мезгілдері қиындық туғызатын. Ауыл әкімдігі,  дүкен, мейрамхана, дәрігерлік амбулатория, мектеп  секілді әлеуметтік нысандар осы көшенің бойында орналасқан. Құрылысты  «Ануш-Құрылыс» ЖШС жүргізуде. Жоба құны 56,1 млн. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарына Алғабас ауылынан  8 адам жұмысқа тартылды.

Аудан әкімі түстен кейін Жетікөл ауылдық округінде болып, Қосарал, Жетікөл ауылдарының су құбырларын қайта жаңарту жұмыстарымен танысты. Құны 316,459 млн. теңге тұратын жобаның жұмысын Ербол Шоқановтың «Айтемір-Құрылыс» ЖШС жүргізуде. Округ орталығынан 112 км жерден Боқай нүктесінен жерасты суы тартылады. Ұзындығы 25,21 км-лік құбырлар жүргізілуде. Қосарал ауылына 27, Жетікөл ауылына 12, барлығы 39 су бағаны орнатылады. Қосарал, Жетікөл ауылдарының су құбырларын қайта жаңарту жұмыстары 90 пайызға орындалып тұр. Қосаралда 908 адам, 196 аула, Жетікөлде 187 адам, 48 аула ауыз сумен қамтылмақ. Былтыр басталған жұмыстар биыл маусым айында аяқталады.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале