21.11.2019, 19:51
Оқылды: 101

Сырым колледжінің студенттеріне жатақхана керек

Бүгінгі таңда бақташыны айтпай-ақ қойған да "механизаторлар азайып кетті, ауылшаруашылық мамандары жоқ" деген әңгімені екінің бірінің аузынан естіп жүрміз. Ондай мәселенің бар екендігі де рас. Бірақ ондай мамандарды дайындауда аудандағы Сырым колледжі қал-қадірінше үлкен еңбек атқарып жатыр. Дегенмен оның өзі кейде мүмкін болмай жатады. Себебі біраз мәселе бар. Әйтсе де, бұл оқу орны Сырым ауданындағы бетке ұстар, ауыл шаруашылық мамандарының «ұстаханасы» десек те артық емес.

syrym kolledj (1)

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында білім беретін Сырым колледжінің бүгінгі тынысы қандай, жастар қаншалықты техникалық мамандықтарды игеруге құлықты, Елбасының 2018 жылғы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінің үшінші бастамасында айтылған «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсарту» қалай жүзеге асты? Осы сауалдарды колледж директоры Санат Берсебаевқа қойдық. Директор әңгіменің төркінін әріректен тарқатты.

-Қазір коллежде 125 студент білім алып жатыр. Студенттерді машықтануға «Сайнов-А», «Тоқсоба», «Жаңаталап», «Уайс», «Көктөбе» сияқты ауылдық округтердегі әлеуметтік серіктестерімізге жібереміз.

syrym kolledj (3)

Студентттерімізді жұмыспен қамтуда көштен қалмай келеміз. 2019 жылы оқу бітірген 72 түлектің 56-сы жұмысқа орналасса, 2 түлек ҚР қарулы күштер қатарында қызмет етуде. Ұжымда 27 дәріс беретін оқытушы мен өндірістік оқыту шебері бар. Оқу орнының аудиториялары тар, инженер-педагог, тамақ өнімдерінің технологы мамандарының жетіспеушілігі сияқты мәселелер шешілмей тұр, - дейді Санат Дәленұлы.

Мектептердегі мәселе колледжде де бар. Бұл біріншіден, жас мамандардың техникалық оқу орындарына, ауылдық жерге баруға құлықсыздығы болса, екіншіден бос орынға мамандықтың сай келмеуінен.

Сырым ауданындағы үлкен қоғамдық күш - жастар саясатындағы белсенді жастар Сырым колледжінен шығады. «Жасыл елдің» сарбазы да, аудандық шараларда жалау көтеретін де солар. Ал сол студенттердің жөні түзу жатақханасының жоқтығы қынжылтады.

 -Жатақханадағы студенттер әрбір ауылдық округтен келген жастар. Оларды өз баламыздан артық көрмесек, кем көрмейміз. Әрқайсысының орны бір төбе. Жатақханадағы студент саны – 30. Ал жатақханаға зәру студенттердің 50 пайызына орын жетпеді. 2 бала жататын жерде 4 бала жатуға мәжбүр, - дейді жатақхана тәрбиешісі Назгүл Берсебаева.

 Жатақхананың әжетханасы сыртта орналасқан. Қазір күн тәртібінде заманауи білім өзекті. Заман көшінен қалған құрылғылармен, тар аудитория, кәріз жүйесіне қосылмаған жатақхана бұл заманауи жүйеге қайшы, кереғар. Акт зал мен бірді-екілі спорттық құралдары тұрған спорт залдың рөлін бір бөлме атқарып тұр.

«Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті екенін оны шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді» деп Елбасы тапсырма берген болатын. Келешекте жоғары оқу орындарының ғана емес, колледждердің де жатақхана мәселесі шешіледі деп үміттенеміз.

Айжан Амангелдина

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале