Сырым ауданы орталығындағы Қ.Мырзалиев атындағы мектепте 4 «а» сынып жетекшісі Тамара Омарованың ұйымдастыруымен халықаралық айтыс ақындары мен жыршы термешілер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ж.Ерман атындағы айтыс мектебінің жетекшісі, журналист, айтыскер, ақын «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Бауыржан Ширмединұлының шығармашылығына арналған «Жыр өлкесіндегі жас дарын» атты кездесу кеші өтті.

Кешке ақынның анасы Майра, әпкесі Назгүл, қарындасы Ақбота, өнердегі әкесі Махмет Қажиахметов, ауыл қариясы Сүйінғали Дауылов, достары Бекей Қанатов, Нұртілеу Болат, сыныптастары, мектеп әкімшілігі қатысып, Нұркелді Ғабдуллин мен Айасыл Сарқұл жүргізді.

«Сыр сұхбат» және «Дәптер» кітабы сөйлейді» атты бөлімдерден тұрған кеште оқушылар Бауыржан Ширмединұлына сұрақтар қойды. «Бала Бауыржан қандай болды?», «Қандай арманыңыз бар?», «Досыңыз көп пе, досқа адал болу дегенді қалай түсінесіз?» «Бос уақытыңыз бола ма, қалай өткізесіз?», «Кітабыңызды неге «Дәптер» деп атадыңыз?» «Ақын деген кім, қалай ақын болуға болады?» деген балғын жүректерден шыққан сауалға Бауыржан шынайы жауап берді.

– Елдің баласы болу – бір абырой да, оны көтеріп жүру – бір жауапкершілік. Қазақтың жыр өлкесіндегі жоғын жоқтаушысы болсам деймін. Аспан қандай асқақ болса да, әкеден асқақ емес, жер қандай шетсіз-шексіз болса, ананың махаббатынан шексіз емес. Ананың жүрегіне сыймайтын дүние жоқ. Ананың жүрегі жер шарынан үлкен. Алла менің бір тілегімді қабыл етсе, жер бетіндегі аналардың тілегін қабыл етсін. Аналардың тілегінің ішінде сіз де барсыз, мен де бармын. Менің басқалардан биігім – досым көп. Досқа адал болу деген – досыңды өзіңдей көру, оның қуанышы – сенің қуанышың деп, қайғысын – сенің қайғың деп ұғу. Менде адал дос көп екенін жүрегім сезеді. Қайда бармайын, айтысқа барсам да, жапа-тармағай шашбауымды көтеріп жүреді. Ақшасы бар адам бай емес, ақылы бар адам бай, ордасы бар адам бай емес, Отаны бар адам бай, байлығы бар адам бай емес, баласы бар адам бай, көлігі мықты адам бай емес, көңілі мықты адам бай, доллары бар адам бай емес, достары көп адам бай, -деді Бауыржан Ширмединұлы.
«Дәптер» кітабы сөйлейді» атты екінші бөлімде жырсүйер шәкірттер әдеби монтаж қойып, өлеңдер оқыды. Сыныптың жас ақындары да Бауыржан ағаларына арнаған балғын жырларымен бөлісті.
Шарада республикалық Қадыр оқуларының жеңімпазы Темірлан Маратов та ақынның бір өлеңін әдемілеп оқып берді. Бауыржан Ширмединұлының сөзіне жазылған «Жасай бер, елі Сырымның!» әнін Нұртаза Амандықтың жеке орындауына сыныптық ұлдары қосылды. 4 «а» сыныбы хормен «Жаса, Қазақстан!» әнін шырқады.
Кеште ақынның анасы Майра апай аналық аппақ жүрегінен алғысын білдірсе, ұстаздары Тойған Сағындыққызы, Алмагүл Жолдыбайқызы бала Бауыржанның қызықтарын айтып, тебірене сөйледі.
Қ.Мырзалиев атындағы мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ербол Дауылов пен Бауыржан Ширмединұлы бір-бірлеріне естелік сыйлық табыс етті. Кешті ұйымдастырған Тамара Жетпісбайқызы да қонаққа сыйлығын ұсынды.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер