30.06.2020, 15:56
Оқылды: 86

Сырымда аудан әкімі журналистерді қабылдады

 Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев бұқаралық ақпарат өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің ұжымымен және газеттің штаттан тыс тілшілерімен кездесті.

1EAB4928-0EF1-4A8C-B84B-509FA2771353

- «Сырым елі» басылымының ұжымы мен оқырманын журналистердің кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Аудандық газеттің шыққанына биыл 90 жыл толады. Алайда Сырым өңірінде газет жұмысы бұдан да бұрын, 1918 – 19 жылдары қолға алынды деген дерек бар. Ахметқали Мәмедовтың Теке қаласынан баспа құралдарын алдырып, Жымпитыдан газет шығарғаны рас. Демек, біздің аудандық газеттің мақсаты мен міндеті ғасыр бұрын белгіленген, халық мүддесі үшін сапары ғасыр бұрын басталған.

0C525FB5-908A-4499-BE26-79DAE552D241

«Сырым елі» - сол міндетіне адал. Газеттің бастамаларын халық қуаттауда. Жергілікті билік те мүлт жіберген тұстарын басылым бетінен көріп, шешуге жұмыстануда. Бұл – әріптестік! Сол әріптестік ұзақ болсын! – деді аудан басшысы.

Газеттің директор – редакторы Бауыржан Ширмединұлы, жаһандану заманында аудандық басылымның еңбегі тек аудан көлемімен шектелмейтінін, ақпарат аясының кеңігенін, «Сырым елінің» араздық тудыратын емес, амал жасайтын газет екенін айтты.

DB785D41-484B-4D8C-935B-08534630B069

Салтанатты қабылдауда редакция қызметкері Сая Айдарханова мен Гүлнұр Сапарғалиева бұқаралық ақпарат саласында еткен еңбектері үшін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің алғысхатымен және сыйлығымен марапатталды. Газеттің І санатты тілшісі Айжан Амангелдинаға қызметтік куәлігі, қалтқысыз қызметі үшін «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитовтың алғысхаты мен сыйақысы табысталды.

Осы шарада редакцияның жауапты хатшысы, белгілі қаламгер Мүсірбек Айташев газеттің штаттан тыс тілшілеріне арнайы куәліктер мен медиахолдинг басшысы Рауан Сәбитовтың алғысхатын тапсырды. Айта кетейік, «Сырым елінің» қоғамдық тілшілерінің саны биыл 11-ге көбейіп отыр. Олар әр округтен апта – күн сайын жылт еткен жаңалықтарды газетке жолдауда.

Әкім мен журналистердің кездесуінде газеттің тынысы мен жұмысы, 90 жылдық тойға дайындық мәселелері сөз болды.

 Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале