17.07.2020, 20:16
Оқылды: 160

Сырымдық Мирболдың "Құс фабрикасы"

Адам баласының бойында тау біткен қасиет болатындығы әркімге де белгілі жәйт. Бұл, әрине, заңды құбылыс. Ал бойындағы дарыған осы қасиетін өмір ағымында пайдалана біліп, қоғамға, отбасына сәл болса да пайдасын тигізе білетін азамат болса онда әңгіме әуені де басқаша қырынан өрбімек, өзгелерге үлгі-өнеге етерлік тұрғыда болмақшы.

12046B99-66AD-47C1-B14B-F6803B9FA1A8

    Аралтөбелік Мирбол Жұмабаевпен арнайы жұмыс сапары барысында кездейсоқ таныстық.

Әңгімешіл, ақжарқын жан екендігі әп дегенде байқалып, Мирболмен арадағы әңгіме тиегі де ағытылып жүре бергендігі рас.

2B0D2604-9B54-4F1D-9FAD-8B0B94684FAF

Ауылдық округтегі ірі қара малдары арасындағы кеңінен тараған бруцеллез дерті Мирболдың ауласындағы айран-сүтін айырып отырған төрт сиырын да "жалмап" тынды.

Бұл жағдай өткен жылдары тек Мирболдың басындағы ахуал емес, басқалай да ағайындардың отбасыларында орын алып, ауылдағы ірі қаралардың басым бөлігі осы дерттің шырмауына ілігіп, қолдағы ет комбинатына жөнелтілді.

F20FFF72-B886-4F90-8450-47E86AEA94B5

  Қорасы қаңырап, босап қалған соң Мирболдың санасына жылт ете тың ойдың келе қалмасы бар ма?!

Мынадай дерт өршіп тұрғанда ірі қара малын бағу тиімсіз екендігін ұққан Мирбол тәуекел етіп, құс шаруашылығын дамытуға білек сыбана кіріспекші болды. Солай етті де.

69EB62E0-A51F-4D8F-9CD6-CE4702E85902

Аралтөбе орта мектебінде күзетшілік қызмет атқаратын Мирбол Жұмабаев биылғы жылдың көктем айында Орал қаласынан он бас төрт айлық "Леггорн" тұқымдас жұмыртқалағыш тауықтарды сатып әкеліп, өсіруді қолға алды.

Іле шала бұл тұқымдас тауықтардың қатарын етті "Маран" тұқымдас тауықтары, етті, диеталық тағамның санатындағы үнді үйректері де толықтырылғандығын айта кеткен жөн.

    Айтқандайын құс шаруашылығын дамытуды дендеп қолға алған соң Мирбол ауладағы сарайдың ішіне инкубатор құрылғысын қолдан жасап, жұмыртқадан балапандар шығаруға да батыл қадам жасамақ болды. Ал, бұл істі қолға алу мақсатында ең алдымен Мирболдың мектеп қабырғасында білім алған жылдары физика, математика пәндеріне зеректігі мен қызығушылық танытуы басты себепкер болды десек, шыңғырлаулық физика пәнінің ұстазы Жасұлан Омарғалиевтың да ағалық ақыл-кеңестері үлкен қолдау, көмегін тигізгендігі сөзсіз еді.

Ал, қазіргідей техникалық құрылғының жаңарып, дамыған заманында интернет-компьютерлік құралдың "ішек-қарынын" төңкеріп ақтаратын замандастары сияқты Мирбол да ұялы телефон байланыс желісі арқылы "Құс өсіруші топтардағы" әріптестерімен тұрақты байланыста болып, инкубатор құрылғысын жасап, орнатудың қыры мен сырына қаныға түсті.

     Мирболдың айтуынша "Құс өсіруші тобындағы" жігіттермен байланыс орнатудың жұмыс ырғағына тигізетін өзіндік пайдасы өте зор.

Мысалы, Алматы, Қызылорда, Орал қаласындағы құс өндірумен білек сыбана кірісіп, жұмыс істеушілер тобының Мирболға айтқан кеңестері бүгінде іс жүзінде кәдеге асып жатыр.

- Бүгінде өзіме кәдеге асқан ақыл-кеңестердің нәтижесінде қолмен басқарылатын инкубатор құрылғысын сарай ішіне орнатып қойдық.

Бұл құрылғының схемасын сызып, түрлі техникалық жабдықтармен қамтуға бар болғаны 12 мың теңгедей қаржы жұмсадым.

Негізі инкубатордағы жұмыртқаның сыйымдылығы 90 жұмыртқаға арналған.

Ал, әзірге 7-10 күндік мерзімдегі 70 дана жұмыртқаларды инкубаторға салып, оларды 21 күн мерзім өткенде балапан түрінде көруге мүмкіндік болуда, - дейді М.Жұмабаев.

Пәлі, инкубатордан балапан шығарудың да өзіндік машақаты жетіп артылады екен.

      Мысалы, инкубатор құрылғысынан шыққан балапандарды қадағалап, күтім жасауда Мирболдың зайыбы Айгүлдің де қосып отырған өзіндік еңбегі зор. Яғни, сарайдағы арнайы орынға ілінген күнделікті кестеге сәйкесті қолмен басқарылатын инкубатордың тыныс-тірлігін үнемі қадағалап отыру, жұмыртқалардың сапасын тексеруден өткізу, сапалы балапан шығару үшін аппарат ішіндегі 37,8 температуралық жылылықты сақтау мен ылғалдылығын жіті қадағалау, 8 сағат сайын 3 мезгіл жұмыртқаларды аударып, қозғалыста ұстап отыр, инкубатордағы жұмыртқаның қабығын жарып шыққан балапандарды күні-түні қадағалап, бөлек күтімге алып отыру әрине оңай шаруа емес.

Күтім дегеннен шығады жаңа шыққан балапандарға сөк, жұмыртқа, жарылған жем беру жағы да алғашқы күндері атқарылатын жұмыстың бірі болмақ.

  Мирбол қолмен басқарылатын инкубаторлық техникасы арқылы алғашқы өнім шығаруын екі көршісіне арнап, олардың инкубаторға салған 26 дана жұмыртқаларын балапанға айналдырып, тегін жағдайда тарту етіпті.

Әрине, қолмен басқарылатын аталмыш құрылғының өзіндік қиындығы, түйткілді мәселелері көп. Осы тығырықтан шығу мақсатында Мирбол да өзіндік ізденістер таныту үстінде.

Мысалы, әр қиырмен байланыс орнатудың арқасында 72 дана жұмыртқаға арналған орынборлық инкубатордың құны 45 000 теңге болса, 1000 дана жұмыртқаға арналған қызылордалық инкубатордың құны 350 000 теңге.

  Бұл әрине, күнделікті жалақыға қарап отырған Мирболдың жағдайына келмесі анық нәрсе.

Сондықтан да Мирбол өзінше тірлігін істеп, күнкөрістің қамын жасауда.

Бүгінде сарай ішіндегі инкубатор құрылғысы қалыпты жұмыс істеп тұр. Ал, кездейсоқ электр жарығы айырылып қалар сәт болса,жұмыс ырғағы тоқтамас үшін қосымша аккумулятор қондырғысы қойылған.

Бір айта кетерлік қуанышты жағдай Мирбол Шаймарданұлы қазірден бастап жаңа ізденіс жағдайында жұмыстанып, алдағы күз айында автоматты деңгейде жұмыс істейтін инкубатор құрылғысын іске қосуды жоспарлап отыр.

    Құс шаруашылығын дамытуға мән беріп отырған М.Жұмабаевтың отбасы еті диеталық тағам ретінде саналатын үнді үйрегінің бір апталық балапанын 10 000 теңгеден саудалаушыларға сатуды бастап та кетті.

- Бұл тұқымдас үйрек-денсаулыққа еті өте пайдалы құстардың бірі.

Ерекшелігі сол бұл үйрек бауырына 20 дана жұмыртқаны басып, 36 күнде балапан шығара алады.

Үнді үйрегі көктемде, күзде жұмыртқа басып, балапан шығара алатын ерекше қасиеті бар құс,- дейді М.Жұмабаев.

Құс шаруашылығын дамытуға осылайша үлесін қосып отырған М.Жұмабаевтың ауласында бау-бақша дақылы да жайқала өсіп тұр. Ерлі-зайыпты Мирбол, Айгүл Жұмабаевтардың бүгінгі тірліктері осындай болса, ал, олардың "Құс фабрикасынан" шығатын сары ауыз балапандар қатары да тұрғындар игілігіне жаратыла берері анық нәрсе еді.

 Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале