18.01.2024, 21:00
Оқылды: 26

Сырымдық үш ана «Күміс алқа» иегері атанды

Бүгін Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязов үш бірдей көпбалалы анаға «Күміс алқа» мемлекеттік наградасын табыс етіп, естелік сыйлық ұсынды.

күміс алқа 3

Аудан басшысы аналарға ізгі тілегін білдіріп, демографиялық саясатқа қосқан үлестері мен саналы ұрпақ тәрбиелегендері үшін алғысын жеткізді. Мемлекеттік наградаға ие болған алтын құрсақты аналар – Алғабас ауылының тұрғыны Гүлзат Өтеуова, Жымпиты ауылының тұрғындары Шынар Мырзаш пен Зайдагүл Ғайнуллина.

Алғабастық көпбалалы ана Өтеуова Гүлзат Ерболатқызы дүниеге 6 бала әкеліп, тәрбиелеп отыр. Ері – Ержан Көпболов М.Қаналиев атындағы орта мектепте слесарь-сантехник болып жасайды. Балалары Ерқанат, Гүлнұр, Айсезім, Асылым – оқушы. Нұрқанат балабақшада, Әлихан мектеп жасына жетпеген, анасының тәрбиесінде. Балалардың бәрі де тәрбиелі, кішіпейіл, адамгершілігі мол, сабақ үлгерімдері жақсы. Гүлзат Ерболатқызы мен Ержан Меңжанұлы балаларының жақсы білім алуына және тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Бұл отбасы ауыл тұрғындары арасында беделді, еңбекқор, өнерлі, шебер, ағайын-тумалары арасында сыйлы.

Жымпитылық Мырзаш Шынар Нұрсұлтанқызы 6 перзентке жарық дүние сыйлады. Ер азаматы Медет Мырзаш – мемлекеттік қызметте. Көп балалы ата-ана ұрпақтарының жақсы білім алуына және тәрбиесіне зор көңіл бөледі. Тұңғыш ұлы Мәулен – Сырым лицейінің 9 сынып оқушысы, үздік оқушылардың қатарында. Қыздары – Малика, Адина, Медина және Айша жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің оқушылары. Балалардың сабақ үлгерімдері жақсы, мектептің қоғамдық және спорттық шараларына белсене қатысады. Малика би үйірмесіне қатысып, облыстық, республикалық конкурстардан жүлделі орындар алып жүрсе, егіз гүлдері Адина мен Медина сурет салу, би, туризм үйірмелеріне қатысады. Айша –даярлық топта. Кіші қызы – Алуа үйде, ата-анасының тәрбиесінде. Шынар Нұрсұлтанқызы бала тәрбиесімен қатар «Asylana» жеке кәсібін жүргізіп, сырымдықтарға балалар массажы мен косметология қызметін ұсынады. Отбасы мүшелері өзара тату, ағайын-тумалары арасында сыйлы.

күміс алқа 2

Ғайнуллина Зайдагүл Әлібекқызы да – алты баланың анасы. Жолдасы Рамазан Ғайнуллин Атырау қаласында вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ата-ана балаларының жақсы білім мен тәрбиені сіңірулері үшін күш салуда. Үлкен қызы Гүлім медициналық колледж бітіріп, Теректі ауданында тұрмыста. Мадина, Наргиза, Назира жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің оқушылары, сабақ үлгерімдері жақсы, мектептің қоғамдық және спорттық шараларына белсене қатысады. Мадина би үйірмесіне қатысады, ортаншы қыздары Наргиза мен Назерке шығармашылық орталығының қол өнер және сурет салу үйірмелеріне қатысады. Кіші қызы Лейла даярлық топқа барады. Балаларының кішісі, ұлы Сұлтанбек үйде, ата-анасының қамқорлығында.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы 

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале