1.05.2022, 9:43
Оқылды: 74

Табиғатқа жаны құмар Яков

Жымпитылықтар «Өзіміздің Яшка» деп атап кеткен Яков Ғазизов кәнігі осы елдің тумасы. Марқұм әкесі Евгений Ұлы Отан соғысының ардагері болса, анасы Евдокия бау-бақша өсіріп, баптаудың шебері, көрші-көлемге сыйлы жан болды.

EA36EEF8-BCAC-4D54-BC8F-CB922E0110A0

Ұлты орыс болса да Яков қазақы салт-дәстүрге берік, қазақтың мақал-мәтелдерін, сөзін майын тамыза әңгімелейтін, қазақтармен емен-жарқын әңгімелесіп, араласуды қанына сіңірген азамат.

Ұзақ жылдар бойы аудандағы «Қазақтелеком» АҚ-да жер астына кабельдік сымдар тартумен айналысқан Яков Евгенийұлы соңғы он жыл бойына аудан орталығындағы «Сырым Датұлы» атындағы саябақта күзетшілік міндетін абыроймен атқарып келеді.

Аталмыш саябақта өзіне жүктелген міндетін мінсіз атқарып жүрген Яков Ғазизов өзінің көмекшілері Нұрлан Баймұратов, Асқар Жұмажановпен бақтың ішіндегі егілген алма, жүзім, өрік сияқты жеміс ағаштары мен терек, үйеңкі, шырша сынды ағаштарға күнделікті күтім жасау, суғару, түрлі зиянкестерден қорғауда дамылсыз еңбек етуде.

– Бау-бақша өсіріп, баптауға, гүлдің түрлерін өсіруге деген құштарлық бала кезімнен, яғни марқұм анамнан дарыған қасиет. Осы қаныма сіңген дәстүрден жақсылық көрмесем, зияны тиіп отырған жоқ. Үйренгенім өзіме, қала берді халқыма пайдасы тиіп жатыр. Жеміс ағаштарының, гүлдің тұқымдарын жетілдіріп, тапсырыс бергендерге беремін. «Менің аулам – менің бағым» жобасы кеңінен қолдау табуда. Дұрыс жоба. Ауыл халқы елді көгалдандыруға, гүлдендіруге түбейгелі бет бұрса қуанарлық жағдай болған болар еді, - дейді Яков сөз арасында.

Иә, Яков Евгенийұлы жауапты қызмет атқаратын саябақта кезекшілік міндеті күні-түні қырағылықпен атқарылады. Қыс айында бақтың ішін қардан тазалау жұмыстары үнемі жүргізілсе, жаз айындағы атқарылар жұмыс ырғағы тіптен қауырт.

Өйткені, жаз мезгілінде балалар саябақ ішіндегі ойын алаңдарында сағаттарының басым бөлігін өткізетін болғандықтан кейбір келеңсіз жағдайлардың белең алмауына да қырағылық осы кезеңдерде қажет болып жатады.

Яковтың бойындағы жақсы қасиеттің бірі - өздері қауырт жұмыстан қолдары босаған сәттері арнайы демалатын күркешенің ішін жып-жинақы түрде безендіріп, электр шамын, радиоқабылдағыш орнатып қою да мәдениеттіліктің белгісі еді.

Жылдағы қалыптасқан игі дәстүрге сай Ұлы Отан соғысының ардагері Евгений қарттың ұлы Яков биылғы жылы аудан орталығындағы «Жеңіс саябағына» барша соғыс ардагерлеріне арналған гүл тұқымдарын өз қаражаты есебінде тегін еккелі отыр.

Жарайсың, Евгений қарттың ұлы, Яков!

Мүсірбек Әлібекұлы,

Суретті түсірген: Айжан Бауыржанқызы 

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале