29.03.2024, 15:15
Оқылды: 49

«Табиғи апаттың алдын алу мақсатында ертерек қимылдап, аудан халқын құлақтандырудамыз»

Бүгін Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың төрағалығымен су тасқынының алдын алу бойынша жиын өткізілді.

IMG_1991

 Алпамыс Жаңабайұлы облыс көлемінде төрт ауданға төтенше жағдай жарияланғанын ескерте отырып, аудандағы Қараөзен мен Сарыөзен секілді ірі өзендерді басты назарда ұстау қажеттігін айтты. Сондай-ақ суға кету қаупі бар Жаңақазан, Мәстексай, Жаңажол округтерінің әкімдерімен «ZOOM» платформасы арқылы онлайн байланысқа шығып, аталмыш ауылдардың қазіргі ахуалымен танысты. Құм салынған қапшық, солярка, техникамен қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді. Ауыл әкімдері де жағдайдың бірқалыпты екенін баяндады.

IMG_1993

«Қазсушар» РМК Жаңақала пайдалану учаскесінің басшысы Ербол Тулеуғалиев:

- Қазіргі уақытта Қараөзен бойынша жоғары жақтан келген су Жалпақтал ауылынан бастап түсіп жатыр. «Сарышығанақ» су қоймасын босатып, транзитті су төменге қарай кету үшін Айдархан су қоймасының қақпаларын толықтай ашып жатырмыз. Сонымен қатар округ әкімдерімен хабарласа отырып, құмды қапшық салу, дамбы көтеру, Сарыөзен өзені бойынша платиналарды көтеру жұмысы іске асырылып жатыр. Жалпақтал ауылының аумағынан су өткеннен кейін техникалар кезекшілікке қойылады. Тасқын судың басы бізге әзірге келген жоқ. Ауданымыздың жағдайы бірқалыпты. Дегенмен апат айтып келмейді, қол кусырып қарап отырмай, табиғи апаттың алдын алу мақсатында ертерек қимылдап, аудан халқын құлақтандырудамыз, - дейді.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының м.у.а. Мейірім Бақтыгереев өңірімізде бары 17 жұмылдыру орны бар екенін айта келе, қауіп төнген жағдайда бір ауылдың тұрғындарын орналастыратындай орын жоқ екенін тілге тиек етті.

IMG_1996

Сондай-ақ жергілікті халыққа хабарландыру жұмысы үздіксіз жүзеге асып жатқандығын, төрт түлікке тұрақтар белгіленгенін ескертіп, құтқарғыш жилет пен темір қайық қажет екендігін айтты. Ал аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Мұқанов округ әкімдеріне шаруа қожалық пен ондағы мал басының санын, халық санын алдын ала дайындап қою жөнінде ұсынысын ортаға салды.

Жиын соңында Алпамыс Көшкінбаев алдағы демалыс күндері барлық өзенді аралап шығатынын айтып өтіп, жауапты мамандарға қарапайым халықты тек хабарландырумен шектемей, түсінік жұмысын кеңінен жүргізуді, техникалық көліктерді тасымалдауға арналған мәселені тез арада шешуді және ауылдық жерлерге құм салынған қапшықтар таратып, қажетінше солярка жеткізуді жіті тапсырды.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале