24.11.2022, 12:30
Оқылды: 56

«Тағам дайындау – мамандық емес, ол – өнер»

Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа бөлейді. Рас. Өйткені, жүйелі жұмыстың жемісі өнбек. Ендеше, маңдай терімен нанын тауып, адал еңбегінің арқасында көпшіліктің ризашылығына кенеліп жүрген аспаз хақында әңгіменің тиегін ағытпақпыз. 

IMG-20221124-WA0062

Жанат Ихсанова 1989 жылы Сырым ауданы, Талдыбұлақ ауылында дүние есігін ашқан. Аталмыш ауылдағы Талдыбұлақ орта мектебін тәмәмдап, Орал шаһарының Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға оқуға түседі. Бұл оқу орнынан  азық түлік өнімдерін өндіру технологиясы мамандығы аясында диплом алған. Дәл қазіргі таңда Подстепный ауылындағы Теректі колледжінде аспаз мамандығы бойынша арнайы пәндер оқытушысы қызметін абыроймен атқарып жүрген жан.

«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» дегендей, бүгінде ауылда қалып жұмыс істеймін деген жастарға біршама мүмкіндік бар.  Ең бастысы, дұрыс мақсат һәм талап қоя білсең болғаны. Осы орайда, әсіресе «Дипломмен — ауылға» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі өте жоғары. Себебі бұл бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан әрбір жас жұмыспен қамтылып қана қоймай, бір реттік жәрдемақы мен тұрғын үй алу үшін қаржыға да ие болады.  Сөйтіп, әрі қарай өз саласы бойынша мамандығымен жұмысын жалғастыра береді. «Баспана — бақыт шамы» демекші, оқуды жаңа ғана бітіріп келген жас мамандарға бұл үлкен көмек болмақ.

— 2014 жылы «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы арқылы баспаналы болдым. Бағдарлама —  еліміз еркіндік алғалы бергі ауылды жерлерді дамытуға бағытталған қарқынды қадамдардың бірі. Тəуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында жастардың ойып тұрып орын алуына, өз білімі арқылы ауылдық жерді көркейтуге және сол арқылы мемлекет ұсынған көмекке қол жеткізуге тамаша мүмкіндік екені анық. Айта кеткен жөн, бұл бағдарламаның жастар үшін берер шарапаты мол. Сол себепті жастарды туған өлкені гүлдендіріп, көркейту үшін ауылда еңбек етуге шақырамын. Ауылдың əлеуетіне қанық бола тұрып, осы елдің ертеңі үшін аянбай еңбек ету сіз бен бізге міндет, — деген кейіпкеріміз  алған үйінің құтты қоныс болғанын тілге тиек етті.

Жалпы, дұрыс әзірленген тамақ — адамның көтеріңкі көңіл күйінің кепілдігі. Тамақты жақсы әзірлейтін маман барлық жерде қажет. Бір сөзбен айтқанда, аспаз —таптырмайтын мамандық. Астың дәмін келтіретін тұз болса, екеуінің де дәмін келтіретін —білгір аспаз. Аспаз — өз алдына бір сала, мамандық. Өнердің түрі көп. Дегенмен астың қадірін білу, дәмін сезіну, адамға тағам арқылы қуаныш сыйлай білу  — тым басқа дүние.

– Тағам дайындау — мамандық емес, ол  — өнер. Оған еңбек, ынта-ықылас пен шеберлік, жігер және талап керек. Мен кішкентай кезімнен тамақ пісіруге жақын болдым, сол себепті көп уақытым ас үйде өтеді. Кіндік шешем тортты жақсы пісіреді, көрші тұрдық, содан үйрендім. Тамақты қалай болса, солай дайындай салмай, дәмді пісіргенді ұнатамын. Сөйтіп, аспаз мамандығын бітірдім. Қолыма диплом тие сала, Теректі колледжіне жұмысқа орналастым. Бұл жерде қызмет атқарып жүргеніме 12 жыл болды. Өзімнің білгенімді өзгемен бөлісу — өмірлік ұраным десе де болады. Сондықтан да тамақ әзірлеудегі эстетика, дайындалу тәсілі, безендірілуі, қала берді әдемі ұсынуды үйретіп жүрмін, — дейді Жанат  Жұмабайқызы. «Ас — адамның арқауы» демекші,  жас аспаздың пісірген тамағын әріптестері және былайғы жұртшылық та жоғары бағалап жүр. Расында да, оның қолынан шыққан тағамдардың дәмі тіл үйіреді, ал дастарханды жайнатып жіберуі – тіпті ғажап! Дастарханға қарап тұрып-ақ, тәбетін ашылады.

IMG-20221124-WA0063

Шыны керек, көптеген қыз-келіншектер тамақ пісірудің жолдарын әр түрлі әлеуметтік желілерден үйреніп жүр. Жанат та өзінің әзірлеген тамақ құрамын әлеуметтік желіге жүктеп, блог жүргізуді жөн көріп отыр. Сөйтіп, әріптестерімен бірлесіп Теректі колледжінің атынан инстаграм парақшасын ашпақ ниетте. Бір жағынан пайдалы ас мәзірін ұсынса, екінші жағынан жұмыстың инстаграм парақшасын дамытады. Несі бар, бұл да құптарлық іс!

Дана қазақта «Әйел — қырық шырақты» деген дана сөз бар. Тірлік пен отбасынан бөлек, әйелдің нәзік болмысына артылған ана, абыройлы жар атауын қатар алып жүрген Жанатымыз, мінекей — осындай жан!

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале