23.05.2022, 14:30
Оқылды: 46

Тағдыршешті кезең

Қарап тұрсақ, тарихымыз саяси қателіктерге толы. Мұны білу, аңғару түк қиын емес. Тек бізде емес, әрине, талай елде солай. Міне, саяси жаңаруды біртіндеп жүзеге асыру мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндетінің бірі болып көзделгеніне үшінші жыл. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен наурыз Жолдауында саяси жүйемізді кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Осыдан арна тарта келіп, күн тәртібіне қойылған  айтулы үлкен шара – Конституцияға енгізілгелі отырған 56 түзетуге байланысты референдум.

27421ff40fdc2b5f9b406ceedb81b6360c988d8a

Ата Заңымыздың 33 бабына енгізілетін бұл түзетулер өткен уақытта билік тарапынан болған қателіктерден, осалдықтардан, тоқыраудан арылуға апаратын жол деген сөз. Оптимизмге шынайы қадам, ізгілікке сай демократияға бетбұрыс жасалады деген сөз. Саясаттағы жылдар жүзіндегі қитұрқылықтардың бетпердесі  сыпырылған соң, жұртымыздың бұдан былай мемлекет халық сөзіне құлақ түріп,  заңдылық, қоғам болмысындағы плюрализм үстемдігі орнайтынына сенімі барған сайын ұшталуда.

«Күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап...» (Абай) дегендей, әнеу ғасырдан бері саяси еркіндігімізден айырудың, жан-дүниемізді жұтатудың, әманда төмен қарап бұқтырудың небірін көрді халқымыз. Қисық әрекетті ашық, батыл айтқан арлы азаматтарымыздың соңына түсті, қырына алды.

Енді жасықтықтан, жалтақтықтан арылып, намысқа басатын, өз қадір-қасиетімізді, құнымызды білетін, басқаның да ар-ожданын қастерлеуге қол  жеткізетін заман келді.

Тәуелсіздік кезеңіндегі Конституциямызға осыған дейін 4 рет өзгерістер енгізілді, соның бәрі Парламентте қабылданды. Ал енді Ата Заңымыздың үштен бірін қамтитын түзетулер, әлбетте, тек сан жағынан емес, мазмұны бойынша ерек. Мемлекеттік және саяси басқару түбегейлі өзгереді, сайлау жүйесіндегі уақытымызды босқа кетірген қасаң қағидалар келмеске кетеді. Ендеше, азаматтық позициямызды шыңдау үшін берілген қайсыбір мүмкіндікті қапы жібермеу керек. Мемлекет әлеумет пікірімен шынайы санасуға кірісті. Қазіргі және ертеңгі тағдырымызды айқындауға бұрыннан болып келгендей, жасандылыққа, ұйқылы-ояу қалпымызға ұрынып жүрмейік.

Референдум – бұл менің үнім. Саяси өмірге қатысуым. Елімнің, өңірімнің, туған жерімнің дамуына атсалысуым.

Референдум – бұл менің пікірім. Әділетті Қазақстан үшін үлес қосуым. Заң шығаруға тікелей талабым.

Референдум – Отанымның іргесі, мемлекетімнің іргетасы берік болуы үшін, отбасымның, бала-шағамның бақыты үшін ақ жолымды айқындауым.

Осыған дейін біз қандай болдық? Бұдан былай қандай болуға тиіспіз? Тағдырымызды жүректен өткізіп, бұлтартпас ақиқатты табуға тырысайықшы. Жаңа Қазақстан дегеннің мәніне, салмағына тереңдейікші. Надандықты, ескілікті, сөзуарлықты ысырып, ығыстырып  шығаратын кезеңдеміз. Алдағы референдум осы үшін келісетін бетбұрысты, тағдыршешті шара. Еліміздің амандығы, жеріміздің тұтастығы жолында бірауыздылық, ұғыныстық танытатын шақ.

Парасат Пайым,

еңбек ардагері.

Бударин ауылы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале