6.10.2021, 16:29
Оқылды: 53

Тағылымды кеш

Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіздікке тәу ету» атты поэзия кеші өтті. Жас ақындардың қатысуымен өткен тағылымды шарада ауданның жазба ақындары Манас Жармұханов, Сапар Мәмбеталиев, Журналистер Одағының мүшесі Қарлыға Қадырәлиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова қонақ болды.

61729085-B3F2-461E-826E-DAC55E0C7B53

Кеш шымылдығын аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алтай Бақтығалиев ашып, қонақтарға қош келдің айтты. Одан соң Қарлыға Күзембайқызы  Жәнібек топырағынан шыққан жазба ақындар мен айтыстың азулы ақындары туралы бейнеролик көрсетіп, жерлес ақындар туралы жас ұрпаққа баян етті.

Кеш барысында өлеңдері облыстық, республикалық газет беттеріне шығып, бірнеше мәрте жыр мүшәйраларында топ жарған ақындар Сапар Абдоллаұлы мен Манас Қайырұлы ақындық өнердің қасиеті, алғаш шығарған тырнақалды туындылары туралы айтып берді. Аға буынның өнегелі әңгімелерімен сусындаған жас ақындар өз кезегінде Тәуелсіздікке тарту жасап, айтулы мерекеге шығарған өлеңдерін оқыды. Басқосудың ортасында аудан өнерпаздары Ш. Рамазанов пен А.Кәрімов Ермұрат Үсеновтың жүрек қылын шертіп өртер «Сұлу кербез» күйін орындап берді. Өз кезегінде жас ақындарға «қос қиял» немесе «өнер дуэті» тапсырмасы үйге берілді. Яғни олар күйді тыңдай отырып, қандай сезімде болғанын өлең шумақтарымен жеткізуі керек.  Рухани кеште аудандық мәдениет үйі жанынан «Қауырсын қалам» жас ақындар үйірмесі ашылды. Кеш соңында қонақтар аудан оқушылары арасында әдеби орта қалыптастыру, жазба өлеңдер жазуға оң бағыт-бағдар беру мақсатында құрылған үйірмеге сәттілік тіледі. Сондай-ақ қонақтар мен үйірмеге қабылданған оқушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Әсемгүл ӘБділда,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале