Нұрлан Таженов - Талдыбұлақ өңірінде бірқатар жыл басқарушы болған Кеңес Таженовтың ұлы. Абайдың Қызылтаңында туғанмен, Талдыбұлақта оқыды, шаңында ойнады, әскерге аттанды. Сондықтан, Нұрлан үшін бұл ауыл ыстық. Әсіресе, ананың омырауынан шым - шым етіп тамған сүттей, айнала өніп жатқан қайнарлар Нұрланды ерекше баурайтын. Сиқырлы дәмі де, сылдыраған дауысы да. Сол кезде - ақ оған Талдыбұлақтан минералды су шығару туралы ой келіпті.

Арада 40 жыл өткенде Нұрлан бала арманы үшін ауылға келді. Бұған дейін шетелдік фирмаларда, құрылыс саласында еңбек еткен ол жеке кәсібін де аяққа тұрғызып үлгерген-ді. Орал қаласының “Жұлдыз” шағын ауданына кіреберістегі “Талдыбұлақ” дүкені - Нұрланның ауылға деген махаббаты мен сағынышының белгісі.

Биыл Талдыбұлақ ауылдық округінде минералды су шығаратын цехтың құрылысы басталды.

Ғимарат құрастырмалы панельден салынуда. Нұрлан Тәженовтың айтуынша, цех күніне 1000 құты су өндіруге қауқарлы. Бұдан бөлек, су құйылатын пластикалық ыдыстар да осы жерде өндіріледі. 3 адамға жұмыс көзі ашылады, жалпы жұмыс толық автоматтандырылады.
Мына әңгіме еріксіз сүйсіндірді:
- Талдыбұлақтың бұлағының суын сынама жасатуға алып бармаймын ба? Зертхана қызметкері бөлмесінен таңданған әрі сүйінген күйде шықты:
- Талдыбұлақтың суын кім сынамаға әкелген?!
- Мен едім…
- Тамаша! Минералдар құрамы бай, мынадай мөлдір суды көрмеппіз!? Алтынның көзін тауыпсыз! Ісіңізге сәттілік! - деді.

- Талдыбұлақтың бұлағынан тұнық, дәмді су жоқ екенін бала күнімнен білем ғой. Біздің бойымызға сіңген су ғой ол! - дейді цех иесі Нұрлан мырза.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы