26.03.2021, 12:56
Оқылды: 104

Таңдайынан бал тамған Майра

Майра Әбуқызы тасқалалықтарға жақсы таныс. Көпшілігі оны «Ақ тілеу» әжелер ұжымының жетекшісі деп білсе, сонау 1990 жылдары орыстанған ортада тіл жанашыры ретінде шәкірт жүрегіне патриоттық рух ұялатқан санаулы тіл мамандарының көш басында болғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Таңдайынан бал тамған шешендігіне қарапайым жұртшылық қана емес, кезінде қазақтың Қадыры да риза боп, ақ батасын берген екен.

49616941-4EA2-483D-802A-49A901A11839

Ауданға алғаш ат басын бұрған кезім. Мәдениет үйінде мәдени шара өтті. Облыстан әлде респу-бликадан танымал тұлғалар келді ме екен... Әйтеуір сол кезде көрермен залының алдыңғы қатарында отырған жылы жүзді апайдың суырыла сөйлегені есімде қалыпты. Ұйып тыңдадым. Кейін сол жылдың қыс айында тағы бір арнайы барып тілдестім. Таныстық. Тілшілерді жақсы көретінін айтқан соң ба, ішім жылып қалды. Бұл Майра Нұрмақовамен екінші рет жүздесуім. Үшіншісінде осы мақаланы дайындау барысында шаңырағында болдым. Біреу туралы жазарда сол адамның ойыңнан шықпай қалатын кездері болады. Рухани дүниесі бай адаммен тілдескім кеп жүрген. Ойыма Майра апай орала берді. Шаңырағында әдемі әңгіме тиегі ағытылды. Өлең, жырға сусап жүрген мен ішкі дүниеме «ел қонып», кәдімгідей шабыттанып қалдым. Шығармашылық адамының алақұйын мінезін кез келгеннің түсінуі қиын. Әңгіме арасында екеуміздің бірдей жанарымызға мөлдір тамшы ұялай берді. Сезімталдық па, әлде рухтас адаммен ішкі әлемнің үндесуі ме?

3CE03D51-D908-4EE6-A637-BD6D30C54F13

Шәміл күйшімен кездесу

Майра апай – Фурманов (Жалпақтал) ауданының тумасы. Кейін Тасқала ауданының Оян ауылына қоныс аударғанымен, сол Жалпақталдың қаймағы бұзылмаған Тасқұдық ауылында 6 жасынан мектеп табалдырығын аттайды. Пысық қыз сабақты да жақсы оқиды. Өзі айтқандай, бастауыштағы мұғалімі Шадияр ағайы білім негізінің дұрыс қалануына үлкен еңбек сіңіреді. Әрі үйінде кітап, газет-жорналдың көп болғаны әдебиетке жақын болуына әсер еткені сөзсіз. Мектеп сахнасында өлең оқитын кішкентай қыздың жүрегінде өлеңге деген махаббат ерте бүр жарды. Белсенді шәкірттің талабы ұстаздар назарынан тыс қалмады.

Бірде Түркияның Измир қаласында өткен түркі халықтарының дүниежүзілік құрылтайында жыршы атағын алған белгілі күйші, композитор Шәміл Әбілтаев гастрольдік сапармен Фурманов (Жалпақтал) ауданына келеді. Ол кезде күйші әлі жыршы атағын алмаған. Кейіпкеріміздің де киелі ортаға тұлымшағы желбіреп алғаш шығып жүрген кезі. Шәміл күйші оқушы қыздың өнерін тамашалап, талабына сүйсінеді. Көпшіліктен қымсынбай өлең оқығаны танымал күйшінің де ризалық сезімін оятады. Болашағынан үлкен үміт күтті ме әлде қаршадай қыздың сахнаны еркін билеп тұрғанына риза болды ма, оны Алматы қаласына оқуға шақырады. Ол кезде Майра апай отбасындағы үйелмелі-сүйелмелі сегіз баланың тұңғышы еді. Ес біліп қалған кезі. Ата-анасының қолғанаты. Өзінен кейін жеті бауыры бар. Ата-аналары да әп дегеннен ботасын алысқа жіберуге қимайды. Бірақ осы бір елеулі сәт есінде сақталып қалды. Танымал тұлғаның көзіне түскен шәкірт әдебиет атты әлемге осылай бірте-бірте қадам басады. Бала кезінде ата-аналары газет-жорналдың түр-түрін жаздырып алып оқитынын айттық. Сол кітап, газет-жорналға құмарлық кейіпкерімізге де жұғысты болып, кейін ойларын өзі де ақ қағазға түсіре бастайды.

Мектеп қабырғасында жүргенде «Лениншіл жас» газетінің («Жас алаш») «Ақ бантик» деп аталатын арнаулы бетіне алғашқы шағын мақаласы шыққанда қатты қуанғаны есінде. Кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Шәмшия апайы осы бір ақ сары қыздың әдебиетші әлде журналист болатынына үлкен сенім артқан екен. Дегенмен мектептен соң шұбартаулықтардың бастамасымен құрылған комсомол жастар бригадасы құрамында өзге құрбылармен бірге екі жыл қой да бағады. Бұл өмірге ысылу кезеңі еді. Одан әрі өзі қалаған БҚМУ-дың филология факультетіне оқуға түседі. Білім ордасында тіл білімінің білгірлері – Шәнда Жұмағазиева, марқұм Серікқали Шарабасовтардың алдын көреді. Иә, табиғатпен үндес апайдың өз әлемі бар. Жаңбырлы күндері ойға шомып, табиғат аясында жүргенді ұнататын оның бұл мінезіне аяулы жары Асқар аға да түсіністікпен, құрметпен қарайды. Басында «ауырып қаларсың» деп алаңдаушылық білдірсе, кейін өзі де бірге шығып, қолдау білдірген. Қазақтың белгілі қаламгер, ақындары – Әзілхан Нұршайықов, Қадыр Мырзалиев, Ақұштап Бақтыгереевалардың қолтаңбалары қалған кітаптары тым ыстық. Қимас дүние. Әсіресе, Қадыр ақынның өлеңдерін жанына жақын көреді. Танымал тұлғаларға қатысты керемет естеліктер сақталған.

B0AE3696-7F3F-4836-BD22-EE89D647DA94

Қадырдан бата алған

Иә, бұл Майра Әбуқызының жүрек түкпірінен орын алған ұмытылмас сәттер. 1990 жыл. Жалпақтал ауданында қазақ тілі мен әдебиетінен оқушыларға сабақ беріп жүрген. Белгілі ақын Қадыр Мырзалиев ҚАЗССР-і Жоғарғы Кеңесі депутаттығына үміткер боп сайланар алдында аудан халқымен кездесу өтеді. Бұл – алғаш рет өзі өлеңін сүйіп оқитын айтулы тұлғамен бетпе-бет кездесуі. Ол кезде бар-жоғы отыз жаста еді. Айтулы тұлғаның алдында көкейге оралған ордалы сөзді іркпей айту екінің бірінің қолынан келмесі айқын. Қазір не айтқаны есінде қалмапты. Таңдайынан бал тамған шешен қыз өз ойын әсерлі жеткізген болуы керек, ақын риза болып: «Қарағым Майра, сөзің қандай дәмді, мәнді еді», – деген еді. Бұл ақын берген баға – Майра апай үшін өте қымбат естелік.

2005 жылы Қ.Мырзалиевтің 70 жас мерейтойына орай Тасқала ауданында кездесу өтеді. Айтулы тұлғаның ауданға ат басын бұратыны жайлы алдын ала хабарланады. Ол кезде Тасқала ауданында қызмет етіп жүрген кезі. Ұйымдастырушылардан «Сіз сөйлесеңіз..» – деп ұсыныс айтылады. Айтулы күн де келіп жетеді. Зал лық толы. Ақынға халықтың құрметі қашанда жоғары ғой. Майра апай бұл жолы сөз сөйлемейді. Қадыр Мырзалиевтің «Алпыста да туған жерге баламын» деп келетін өлең шумағының тонын айналдырып (жетпіс жаста деп) оқып береді. Сонда ақын риза болып, Майра апайдан кейін қолына гүл ұстап сахнаға көтеріліп келе жатқан қызына: «Қызым, тезірек келгеніңде гүліңді өлең оқыған апаңа сыйлар едім» деп жылы жымиған. Әрине, Қадыр ақын гүл сыйлаған бүлдіршіннің Майра апайдың қызы екенін білген жоқ. Мұның өзі ұмытылмас сәт боп көптің есінде сақталды. Тасқала ауданының Оян ауылына қоныс аударғандарымен, сол өзінің туған жері – Жалпақталда 20 жылдай қызмет етті. Өнегелі, сыйлы әулетке келін болды. Құдай қосқан жары Асқар аға Нұрмақовпен төрт қызғалдақ қызды өсіріп, өндірді. Олар әр салада білікті маман.

Қазақылықтың тамырына қан жүгірді

Ұстаз үшін шәкіртінің өз жолын табуы – үлкен бақыт. 1990 жылдары Тасқала ауданында қазақылықтың тамыры солғындау соғып тұрған уақыт. Ауданда қазақ мектептерін ашу жайында әңгіме қозғалып, тіл жанашырларының үндері жиі естіліп қалып жүрген. Мектепте қазақ балалары ана тілінде сөйлеу түгілі түсінбейтін. Қаламдарын түсіріп алса, «Қаламым құлап қалды, алуға бола ма?» деп сұрайтын. Әр баламен жұмыс қарқынды жүрді. Ақын жырларын жаттатып, әртүрлі көркемсөз шеберлерінің байқауларын ұйымдастырып, оқушылар патриоттық рух бағытында тәрбие жұмысы жүрді. Біртіндеп алғаш ашылған қазақ мектебінде сең қозғалып, тіл жанашырларының арқасында көшбасынан көріне бастады. 2003 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев болған кезде «Үздік ауыл мұғалімі» атты байқау өтеді. Аудан мұғалімдері қатысқан бұл байқауда Майра Әбуқызы дайындаған Оян орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Мұхамбетжанова бас жүлдені қанжығасына байлайды. Сол жүлдеге 300 мың теңге қаржылай сыйлық берілгені бар.

Бұл тіл жанашырларының үздіксіз еңбегінің жемісі еді. Тіл білмейтін балалардың өр Махамбет жырларын, Абай өлеңдерін жаттап, байқау жеңімпазы болғаны – мақтанарлық жайт. 

Сүйікті шәкірті – опера әншісі

Кейіпкерімнің тағы бір шәкірті – танымал опера әншісі Дина Хамзина. Шет елдердің сахнасында ән салып қана қоймай, шет елде қызмет етіп келген Дина белгілі өнер қайраткерлері Нұржамал Үсенбаева, Майра Ілиясовалармен бірге ән салады. Ұстазына деген риясыз пейілін көрсетіп жүретін танымал опера әншісі ұстазының да сүйікті шәкірті. Ол әрдайым әдебиетті сүю арқылы күллі өнерді тануға болатынын зердесіне құя білгені үшін апайына алғыс сезімін айтудан жаңылмайды.

Иран елшілігінде

Бақыттың өзі қанағатты сезіну, шүкірліктің болуы ғой. Қыздарының бәрі де – жоғары білімді маман. Ортаншы қыздары Қаламқас Алматы қаласынан Әлем тілдері университетін бітірген. Иран елшілігінде қызмет етеді. Мамандығы – аудармашы. Қаламқас Иранда болған кезінде Майра апай да шет елде болып, парсының әйгілі лирик шайыры Қожа Хафиздің басына зиярат еткен. Оның Құранды жатқа біліп, хафиз атанғаны тарихтан белгілі. Сонымен бірге кезінде ұлы Абай табынған Шығыс шайырларының мазарларын көрген. Әйгілі Иран бағы, әдебиеті, мәдениеті, тарихын тереңірек тануға мүмкіндік алған. «Парсылар өте мәдениетті, кітапты көп оқитын ел екен», – дейді Майра Әбуқызы. Қаламқас Иран президенті Ахмадинеджад келгенде дипломаттармен бірге қабылдауында болған. Біз барғанда Қаламқас қос періште сәбилерімен ата-әжелеріне қонақ боп келіп жатыр екен. Ирандағы халықтың әдет-ғұрыптары жайында әдемі әңгіме тиегін ағытты. Мұның бәрі отбасынан алған өнеге екені рас.

Көктем көңіліңізге шуақ дарытсын, Майра Әбуқызы!

Гүлнар Қадырова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале