14.02.2020, 17:32
Оқылды: 234

Тарихты түгендеу – ұлттың парызы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған өлке тарихын тереңірек зерттеу мақсатында Жаңақала өлкентанушылар орталығының мүшелері №3 қазақ мектебі қызметкерлерімен бірге экпедиция ұйымдастырды.

janaqala 90 (2)

Экспедиция жұмысына жергілікті өлкетанушылар орталығының мүшелері Шаһидолла Әбуғали, Тыныштық Өтешқалиев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әлихан Декартұлы, №3 қазақ мектебінің мұғалімдері Ернат Сұпығалиев пен Ақан Ижанов, Мәстексай ауылдық округінің тұрғыны, еңбек ардагері Наурызғали Жанғожин, аудандық «Жаңарған өңір» газетінің тілшісі Алтынбек Ермекқалиев және аудан әкімі аппаратының операторы Ержан Тойлыбаев қатысты.

janaqala 90 (3)

9 желтоқсан күні таңғы сағат 6:40-та экпедиция мүшелері қажетті құралдар мен материалдарды жинақтап, жолға шықты. Алдымен Мәстексай ауылдық округіне аялдап, кейін Мұқыр ауылы мен Қарақоға-Көкмола-Бозмола қыстақтары арқылы Жақап елді мекеніне жетіп, оның жанындағы «Сарытөре» қорымына тағзым еттік. Одан кейін Жансұлтан обасының үстімен Қараман моладан асып, Шыманқұлағы елді мекеніне келдік. Мұнда мәстексайлық Біржан Айғалиев жетекшілік ететін шаруа қожалығы қоныстанған екен. Бұдан кейінгі бағыт – Ақшағыл болды. Бұл жер 1840-шы жылдар шамасында Қамыс-Самар елінің билеушісі Әбубәкір Ақбайдың әкесі Ақбайдың мекені болған деседі. Ақбай - Байбақты руының Әлтеке тайпасынан шыққан рубасы.

janaqala 90 (4)

Айта кетейік, осы елді мекенді Мәстексай ауылдық округінің тұрғыны, «Атамекен» шаруа қожалығының жетекшісі Кенжебек Бисенғалиев иемденіп, мал өсіріп, шаруа қожалығын дамытып жатыр. Мұнда аз ғана уақыт аялдап, амандық-саулық сұрасқаннан кейін бағытты Мәңке елді мекеніне қарай бұрдық. Бұл маңда өткен ғасырда Ысық руының адамдары қоныстанып, жер «Ақ кірме» деп аталыпты. «Біз Ақ кірменің ысығымыз» деген сөз содан қалған деседі. Ысық руының рубасы Самарбай Балғынбай да, оның баласы Меңдіғали да (Мәңке) старшын-правитель болып сайланып, болыстық қызмет атқарған.

Келесі тоқтаған жер атауы - әкімішілік картада «Балғазы» деп аталады. Осы төңіректе Есқазы, Ерғазы, Жұмағазы, Серғазы, Омар, Ғұсман, Дүйсе, Нұрғазы, Балғазы, Беркіәлі, Жаншуақ, Жүсіпқали атты ысық Аралдықтың балалары мекен етіп, өмір сүрген. Шамамен 130 жыл бұрын хазіреттер қатарында саналған Есқазы, Ерғазы, Серғазы, Жұмағазы мешіт-медірессе салдырып,төңірігендегі халықтың көкірек көзін ашып, діни һәм рухани сауаттандырған. Эспедицияға шыққандағы біздің негізгі мақсатымыз - аталмыш мешіт-медірессенің ескі орнын көзбен көріп, құрылысымен танысу еді. Алдымен мешіттің көлемі өлшеніп, қабырға тасының биікті мен ені жөнінде өлшемдер алынды. Қабырға көлемі - 70 см. Бір таңғалдырған жай, мешіттің қабырғасының ортасынан төрт бұрышты ауа алмасатын орын ойластырылып, асқан шеберлікпен орнатылған.

Туған өлке тарихынан ойып тұрып орын алған, шындықты бетке айтатын, турашыл, қиянатқа жаны төзбеген, әділетті көксеген Аралдықтың Жүсіпқали атты ұлының ұрпақтары Дәулетқали мен Батырғали мекен еткен мекенге де жеттік, әкімшілік картада солай аталған. Бірнеше шеген аулалары бар қара орынмен таныстық. Одан әрі Байбақты руының Әлтеке тайпасынан шыққан, қажыға барған ағайынды Есмұхай мен Қабаштың қара орындары мен мешіт-медірессе орындарына аялдап, суретке түстік. Бұл жерде өткен ғасырда қайнаған тіршілік болғанын аңғару қиын емес. Себебі мешіттің орыны сол қалпында сақталған. Және де тұтынған тұрмыстық заттардың қалдықтары да там-тұм көзге көрініп жатты. Бұл жер «Есмұхай-Қабаш» аталады. Бір ерекшілігі мешіт пен тұрғын үйдің арасы 40 қадам ғана. Екі араға тас қамал орнаталыған. Табандары көрініп жатыр. Есмұхай қажы өте ауқатты, бай, сауатты адам болған деседі.

Иә, мұндай сапардың туған өлке тарихын түгендеуде, тарихтың ашылмаған жаңа қырларын ашуда, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор, берері мол екені анық. Қазақты оқымаған деп сөгетіндерге, міне - жауап, міне - дәлел. Ендігі қалғаны, біз, жас ұрпақ сол бабаларымыз аманаттап кеткен ел мен жерге, асыл дінімізге, салт-дәстүрімізге үлкен құрметпен қарап, тарихымызды қастерлей білсек, болашағымыздың жарқын болары хақ.

 

Алтынбек Ермекқалиев

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале