22.07.2026, 16:15
Оқылды: 10

Тасқұдықтағы тың бастама: егін егу ісі қолға алынды

Ермұрат Ахметқалиев ұзақ жыл шопыр болған адам. Өзі таптаған Тасқұдықтың қыры мен белін бүгін балалары шаңдатып жүр. Әне, Шошақтаудан бері қарай ақ “Toyota Hailuxe” - пен  түсіп келеді. Ол - ұлы Абылай.

IMG_2473

Биыл “Ахметқалиев” шаруа қожалығы  бірінші рет егін салды. 100 га жерге арпа дәнін шашты, 80 га алқапты мақсары алып жатыр. Ал, 100 га жерге судан шөбін екті.

Себебі, “Шөп қалай шығар екен?!” - деп табиғаттың “қас - қабағына” қарап отырмай, қам қылатын уақыт жетті. Бір жағынан, асыл тұқымды малдың мәзірі де өзіне сай болуға тиісті.

Айнала жұрт малдың жейтін шөбін егуде. Егесің, алқабыңды бір жазда кем дегенде екі, нәсібеңе жазылса үш - төрт рет шабасың.

Ахметқалиевтердің егістігінің басына қайтіп келейік. Аспан жомарт болса, жер - мырза. Биыл жауын - шашын көп түсіп, судан шөбі адамның бойынан асып сорайды. Шашағы төгіліп, жайқалып тұр. Қожалықтың механизаторы Виталий алқапқа шалғы түсіргелі он бес шақты ғана күн болды. Судан шөбін шабуға дискілі шабу агрегаты ыңғайлы.

Құдайға тәубе, өнім көл - көсір. Тек жауын - шашын жиі болғасын, кебуі баяу. Кеппей бууға болмайды. Жаңбыр жауса жұмыс тоқтайды. Сондықтан Абылай түнгі ауысымға өзі шығып жүр. Кешкі 22:00 - ден таңғы 04:00 - ке дейін шөп шабады. Артына қараса, қырылған жау әскеріндей судан масақтары.

IMG_2494

Ермұраттың үш ұлы да - дала сабағының озат оқушылары. “Әке көрген оқ жонады” - деген осы.

Үйдің үлкені Арман - әкесінің кеңесшісі, інілерінің ақылшысы.

Жазмыш солай болып, ортаңғы ұл Асхат бес жыл бұрын бақилық болған. Қазір шаруаның басында Абылай жүр.

Қалада оқуда жүрген Абылайға ағасы Арман ескілеу неміс көлігін сатып алып берген. Сол көлікпен “Рамстор” сауда орталығына жеміс - жидек тасып кәсіп қылды біздің студент. Ақыры «Passat” - ты біреулер малға сұрап келіп, сауданың сәті келіп, көлік 9 бас қашарға айырбасталды. Сол 9 бас берекенің басы болды.

Бүгінде Ахметқалиевтердің жайлауында 120 бас асыл тұқымды ақбас сиыр жайылып жүр. Қой, жылқы өз алдына.

Үш трактор, ЗИЛ  жүк көлігі - шаруашылықтың күші. Әсіресе, Қытайда шығарылған 160 аттың қуаты бар YUTONG тракторы жер жырту секілді далалық жұмыстарда - дарабоз.

Ауланың асты биік, толық жетекті қос тайпалғыр тұтанып тұр. Иесі “Жүр!” - десе, “Кеттік!” - дейді болар.

- Таңның атысы, кештің батысы даланың басында жұмыста жүру қиын емес пе?! - деп сұрадық.

- Әкелерден көргеніміз - осы еңбек. Сол дала, сол трактор. Тек енді біздің уақыт туды. Меніңше, ебін білсе еңбектің қиыны жоқ. Түске дейін ұйықтау, жалқаулық, бос жүріс пен бос сөз - міне, сол қиын! - дейді жас фермер.

Абылай - қырдың қазағы. Асыл тұқымды арғымаққа аңсары ауады да тұрады. Бұл құмарлық емес, қанның қасиеті. “Ер жігітке бақ бітер де қазығына ат бітер!” - деген.

Бүгінгі күні Абылайдың қазығында аққу мойынды арабы қазанат тулап тұр.

“Нұрқасқа” - өңірдегі бәйгелердің жеңімпазы. Өткен жылы Бұлдыртыдағы шабысы сойқан болды. Қара ілестірмеді.

2025 жылы Қадыр ақынның тойында “Жымпитының атынан бір жүйрік шабуы керек қой!” - деп Абылай баладай баптап Нұрқасқасын қосты. Аламан бәйгенің ақ сызығына Атыраудан, Арқа мен Алатаудан алуан - алуан жүйрік келіпті. Арасында Нұрқасқа тұр. Әп - дегеннен жұлқыныпты жануар! Шабандозы тұлпарының күшін сақтаймын деп, тізгінді шоқтықтан көтеріп, білекке орап, шірене тартпай - ма?! Ол арғымаққа ұнаушы ма еді, айғыр ауыздығын қарс шайнап, басын алға шұлғыды. Қайыс жүген тарс үзілді. Нұрқасқа жарыс жолынан шығып қалды. Сызып қойған шеңберді ойқастап олай - былай өтіп, күзгі самалды төске алып, аңқыды. Оның ұтқан ұлы жүлдесі - еркіндік еді.

IMG_2456

Атбегі Абылай сыр білдірмеді. Бірақ, жасаған дайындығы, сарп еткен уақыты ақталмағанына, жүлдеге деген үміті жүгенмен бірге тарс үзілгеніне көңілі түсті.

Кеше Ақсай маңында атшабарда өткен сынақ бәйгеде сол сәйгүлік маңдайының қасқасы күнге шағылысып, мәреге екінші болып кірді.

Жеңіс - алмакезек!

Қазір Абылайдың ат жалын тарап тұратын уақыты тапшы. Ақ “Tayota” - cымен ала шаң көтеріп егін жаққа бет алып барады.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале