10.05.2024, 17:00
Оқылды: 47

Тасқыннан кейінгі «тасқын». Теректіліктердің жанайқайы

Үлкендеріміз «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дейтін еді. Иә, тоқшылықты бұл жағдаймен салыстыруға да келмейтін шығар. Көнекөз қариялардың айтқаны осы тұстағы ахуалға антоним болып тұр. Яғни жұмыстың қызған шағы су тасқыны бәсеңсігеннен кейін басталды. Табиғи апат, әсіресе су тасқыны өз дегеніне жеткен соң тынады да қалады. Ал одан кейінгі шығын мен зардапта шек жоқ. Ақ адал еңбегімен тұрғызған үйлері, мүліктері судың астында қалған қараша халықтың ендігі тұрмысы қандай болады екен деп қазақ жұрты алаңдаулы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Үндеуінде олардың жағдайын бәрінен биік қойып сөйледі. Топан су толассыз келген өңірлердің әкімдеріне нақты тапсырмаларды беріп, жауапты міндетті жүктеді.

FB_IMG_1715278587137

 

Қалыпқа келер күн қашан?

Подстепный ауылындағы үйлерді қалыпқа келтіру басталғанынан дүйім жұрт хабардар. Аудан бойынша 81 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Ал соның ішінде 56 үй Подстепный ауылында салынады. Қазіргі таңда арнайы комиссияның шешімімен жарамсыз үйлерді бұзу басталды. Бір түрдегі үш бөлмелі үйлердің құрылысы қарқын алған. Бес мердігер анықталса, төртеуі аталған ауылда. Ақсуат ауылының ақ пейілді жұрты да есеңгіреп қалды. Бұл ауылда 24 үй салынбақ. Мердігерлер қыркүйек айына дейін аяқтаймыз деген уәдесін беріп отыр. Уақыт – емші һәм төреші...

FB_IMG_1715278590630

Ауданды сарсаңға салған тасқын біраз кеселін тигізді. Аудан депутаттарына өткір сауалдарын жолдаған Подстепный ауылының тұрғындарымен аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова жүздесті. Ауыл жұрты су тасқынынан келген зардаптың қалыпқа келуін сұрап, бірнеше мәселені жайып салды. Әлия Биғазықызы тұрғындардың арыз-шағымын тыңдады. Орынбасары Ерлан Амандықов, аталған ауылдың әкімі Мейірбек Сұлтанов ауылдағы ахуалды жан-жақты талдап, көпшіліктің пікірін назарға алды. Тұрғындардың жағдайы өте ауыр екендігін жасыруға болмайды. Оларды қарғын судың кесірінен апаттық күйге айналған үй жайы толғандырады. Әп дегеннен үнтаяққа ұмтылған халықтың базынасын тыңдау оңайға соқпады.

FB_IMG_1715278593724

- Өткен аптада да тұрғындармен жүздестік. Жетпіс тұрғын өздерінің жанайқайларын жеткізді. Бұл жағдай президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатаң бақылауында тұр. Ең бастысы – есеңгіреген халықтың тасқын судан кейінгі тіршілігінің қалыпқа келуі,- деді аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова.

Техникалық бақылау қалай өрбіді?

          Құлағалы тұрған үйді бағалаушылар салғырт тексерген. Тіпті алғашқы жүзеге асатын әрекет, яғни техникалық тексерісті жүргізетін мамандар көпшілігінің үйін сығалап та қарамаған. Ауыл тұрғыны Алтынай Құбашева:

          - Бағалаушылар шығынды қалай есептеп жатыр? Жөндеуге арналған материалдардың соңғы бір жылдық бағасын сараптап алды ма? Маған тіпті олардың тарапынан кері байланыс та жасалмады. Көршілеріме келген нәтижеде «1 миллион теңге ғана қарастырылады» делінген. Мұндай көлемдегі ақша қалыпқа келтіруге мүлдем жетпейді ғой, - деді.

FB_IMG_1715278597672

          Кенет көптің ортасынан шыққан заңгер Жеңіс Жақұтов елдің атынан түйткілді сұрақтың бірнешесін қойды. Бір реттік ақшалай көмек беруге, шығынды есептуге араласатын комиссия мүшелерінің жұмысы барысын, техникалық бақылаудың қалай жүзеге асып жатқандығын сұрады.

Бүгінгі таңда «Premium Group Kz» мен «Batys stroy engineering» ЖШС-тері техникалық бақылауды жауапкершілігіне алған. «Premium Group Kz» ЖШС жетекшісі Абат Қалиев:

          - Тексеріс жүргізу ісіне өзім араластым. Алғашында 200 үй берілген еді. Уақыт өткен сайын көп қосылуда. 150 үйдің нәтижесін тапсырдық. Әр түрлі деңгейдегі үйлерді көрдім. Су кіргені бар, кірмегені бар, техникалық құжатта ракушеблок тастары деп жазылған саман тастан, қамыстан салынған үйлер бар. Барлығын ой елегінен өткізіп, шешім шығардық. Бізден кеткен қателіктерді жасырмаймыз. Тексеретін үйдің көптігінен түсірген суреттерімізді шатастырып алдық. Бірақ мұны қалыпқа келтіреміз, - деді.

Десе де бұл жауапқа қанағаттанбаған жұрт өре түрегелді. Залдың ішіндегі шудан құлақ тұнды. Тұрғындардың айтуынша, Абат Құрмантайұлы жалған сөйледі.

FB_IMG_1715278602908

Нақтырақ айтсақ, су кешіп, іс атқарғанын көпшілігі көрмеген. Тіпті сол бірде-екілі тұрғынның үйлерін визуалды шолып өткен. Жеңіс Тілекұлы заңгер ретінде өзінің зерттеулерін ұсынып, аталған компанияның мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы сайтында тіркелмегенін айтты. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қанатжан Айбергеновтен gov.kz сайтындағы тіркеу бөліміндегі штаттан шығарылған компанияның неге жұмыс істеп жатқандығын сұрады. Өкіншке қарай бөлім басшысынан мардымды жауап болмады.

Жұбан көшесінің тұрғындарын кім жұбатады?

          Подстепный ауылының Жұбан Молдағалиев көшесінде тұратын Роза Әубәкірова көшенің ең алғашқы тұрғыны болғанын негізге алып, ылдида орналасқан жерге ырыс тұрақтамайтынын айтты. Оның айтуынша, 2006 жылы аудан әкімдігінің келісімімен берілген жер апаттық жағдайдың талаптарына сай келмейді.

          - Үйді қарауға келген маманның қақпаны өлшейтіні қалай болғаны? Ылдида тұрған соң бірінші қонақ бөлмені су басты. Оның үстіне үй қамыстан салынған. Шаңырақта тыл ардагері бар екендігін де ескерттім. Топан су осы көше арқылы келді. Бұл жағдай тағы қайталанбайтынына кім кепіл болады? - деді.

          Сонымен қатар аталған көшенің тұрғындары бірден қостап, бір амалын табуды тапсырды. Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова тұрғындардың ойын құптап, биылдан қалмай бөгет салу басталатынын айтты.

Бағалаушыларды құда күткендей күтті

          Тұрғылықты тұрғындардың базынасына сүйенсек, бағалаушылардың әрекетіне бас шайқауға болады. Біріне 600 мың, біріне 900 мың, енді біріне 60 мың теңге бегіткен «Национальная оценочная компания» маманы бір жарым сағаттан соң ғана келді. Халық дегенінен қайтпай, әр сөзінде аталған бағалау жұмысын жүргізетін компанияны жерден алып, жерге салды. Бума-бума қағаздарын құшақтап келген Альберт мырза Қазыбек би көшесінде тұратын тұрғынның үйін қалыпқа келтіру үшін 60 365 теңге жетеді деп отыр.

  - Егер бұл шешімге келіспесеңіздер хат жүзінде жазып, жолдасаңыздар болады. Біз тағы да зерттеп, нақты шешімге келеміз, - деді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев өзінің депутаттық сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдап, сауалында осы мәселелерді талдап берді.

          - Жерінің сегіз жүз шақырымынан Жайық өзені ағып өтетін Батыс Қазақстан облысындағы ағайынның ахуалы қазір арқамды аяздай қарып барады. Сәт сайын сан құбылған сандарға назар салсақ, су тасқынынан 1292 тұрғынүйге зақым келген. Соның 116-сы Қаратөбе, 243-і Сырым, 218-і Бөрлі, 649-ы Теректі, 43-і Бәйтерек, 6-ы Тасқала аудандарында, ал 17 үй Орал қаласында орналасқан. Баспанасын су басқан халыққа дереу үй берілсін! Баспанасы қираған саяжай иелеріне өтемақы нарықтағы бағаға сай қарастырылып, тез арада комиссия шешімімен төленуі тиіс. Баспанасы қираған саяжай иелерінің өтемақысы әділетті бағалағануы қажет,-  деп кесіп айтты.

Уақыт өткен сайын мәдениет үйінің залы лық толып, ауыл жұрты талаптарын нақты қоюға кірісті. Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова барлығының аты-жөнін, көшесін жеке-жеке жазып, тағы да тексеріс жүретінін жеткізді. Іс насырға шаппай тұрғанда жауаптылар қамданса дейміз ғой. Ең бастысы – халықтың жағдайы қалыпқа келу.

 

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале