19.08.2021, 11:45
Оқылды: 64

Тәуелсіздік түлектерін түлеткен

Еліміз еркіндікке енді қол жеткізген жылдардың қиындығы халық жадында. Ол шақтағы жайсыз кездерді еске түсіру үшін тарихты ақтарып, құжатты қопармаса да болады. Өйткені тоқсаныншы жылдарды көзімен көрген, еркіндіктің қазығы қағылған жылдардағы өтпелі шақты басынан өткергендер арамызда жүр. Сол бір аумалы-төкпелі заманда еңбек жолын бастаған жас мамандар – осы күні елуді еңсерген ел ағалары. Тәй-тәй басқан тәуелсіздікті көзімен көрген 91-дің жас мамандары елмен бірге жасасып, бірге есейіп, Қазақстанның іргесі мығым мемлекетке айналғанын көзбен көрді.

30 жыл гүлжан

Отыз жылын бір салаға арнап, қандай қиындық болса да таңдаған мамандығының жілігін шағып, майын ішкен майталманға айналған жерлестер Бәйтерек ауданында да бар. Солардың бірі – Новенький ауылындағы Қасым Қайсенов атындағы мектеп мұғалімі Гүлжан Ахметова.

Железнов ауылдық округіне қарасты Новенький ауылында туып өскен кейіпкеріміз кіндік қаны тамған жерде мектепті аяқтаған соң Орал қаласындағы педагогикалық училищеге (қазіргі Жаһанша Досмұхамедов атындағы педколледж) оқуға түседі. Оны 1991 жылы ойдағыдай аяқтап, жас маман ретінде Белес ауылына қарасты қазіргі Ақжол елді мекеніндегі мектеп-балабақшаға бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. Ақжолда бір жыл еңбек еткен Гүлжан Сәниқызы 1992 жылы Новенькийдегі балабақшаға ауысады. Ауылындағы мектепте бос орын болмаған соң балабақшаға жұмысқа тұрып, 1994 жылға дейін тәрбиеші қызметін атқарады. Одан соң ауыл мектебіне ауысып, содан бері туған жерінде мұғалім қызметін абыроймен атқарып келеді.

- Отыз жылғы еңбек жолымда талай қиын сәттер болды. Ондай шақтарда тәжірибелі ұстаздар көмекке келетін. Ақжол ауылында еңбек жолымды бастаған кездері Елена Тэн есімді балабақша меңгерушісі болды. Сол кісі көп нәрсе үйретті, - деп еске алады еңбек жолының алғашқы жылдарын кейіпкеріміз.

Қандай қиын кездер болса да таңдаған мамандығына адал, еңбек етуге құштар болған Гүлжан Ахметова тоқсаныншы жылдардағы қиын шақтарды елдің татулығы мен бірлігінің арқасында жеңе білгенімізді айтады. Өйткені алты-жеті айлап жалақы алмаған шақтарда ұстаздар бір-біріне көмектесіп, барымен бөлісіп отырған.

- 1995-1996 жылдар тіптен қиын болды. Дүкендер бос, тауар болған күннің өзінде оны сатып алатын қаражат жоқ. Сол кездерде бір ұстаздан ұн, енді бірінен май алып жүрдік. Өзіміз де қолдан келгенше өзгемен бөлістік. Жағдай қиын болды. Бірақ елдің ауызбіршілігі сынақтарды оңай еңсеруге көмектесті, - дейді Гүлжан Сәниқызы.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас маман болған кейіпкеріміз отыз жыл ішінде маман ретінде де елмен бірге өскенін жасырмайды. Оның сөзінше, 1997-1998 жылдардан кейін жағдай түзеле бастапты.

- Әлі есімде, 1997 жылы жалақымыз уақтылы түсе бастады. Содан бері алар ақшамыз өсті. Ал қазір жағдайымыз тіптен жақсы. Бұл да елдің дамығанының көрсеткіші ғой, - дейді мұғалім.

Өткенді ойлап, тоқсаныншы жылдарды еске алған Гүлжан ұстаз оқушылардың шығармашылығын дамытып, білімдерін шыңдауға да мүмкіндік болмағанын айтады. Тіпті іргеде тұрған аудан орталығында өтетін түрлі білім додаларына оқушы алып келудің өзі мүмкін болмаған.

- Тек 2000-ншы жылдардан соң балаларды түрлі олимпиадалар мен конкурстарға апара бастадық. Тоқсаныншы жылдары ондай мүмкіндіктің не себепті болмағанын білмеймін. Елдегі жағдай оны ойлауға жағдай бермеген болар? Шынымен де қиын болды ғой. Бірақ осы күні оқушыларды түрлі сайыстарға алып барып, білімдерін шыңдай аламыз. Соның арқасы шығар, соңғы жылдары үздік оқушылар саны артты, ал түлектеріміз еліміздің мықты деген оқу орындарына түсе бастады. Осы бағытта жүрер болсақ, болашақта әлі талай жетістікке жетеміз, - дейді Гүлжан Сәниқызы.

Отыз жыл өмірін ауыл мектебіне арнаған тәжірибелі ұстаздың өмір жолы осындай. Қанша қиындық болса да мамандығына адал бола білген жан ауылдастары арасында беделге ие. Алдын көрген оқушылары да құшақ жая амандасып, алғыстарын білдіріп жататынын да жасырмайды.

Жолдасы Нұрлыбек екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Күні кеше қызын ұзатқан олар ұлдың үйленгенін күтіп жүр.

- Өмір бойы ауылда тұрдық. Осы елде қаламыз. Айтуға ерте. Десе де немере-жиендерімді қолыма алып, ұл-қызымның рахатын көруді армандаймын. Ал мектеп... Ол менің екінші үйім. Мектепте өстім, сол жерде тұлға ретінде қалыптастым, - деді сөз соңында Гүлжан ханым.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале