30.09.2022, 17:45
Оқылды: 44

Таза су ағзаға пайдалы

Тасқала ауданында филтрленген ауыз су алатын жер ашылды. Тасқалалық жерлесіміз, жас кәсіпкер Нұртілек Зайнетдинов ауданның орталық көшелерінің біріне ауыз судың қондырғысын орнатты.

Су 2

«2019 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығымен «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасының жанынан "Бастау бизнес" бағытында екі апта оқып, сертификат алдық. 2021 жылы жаз айында Тасқала ауданын таза сумен қамту қолжетімді бағада орнату бойынша ой келді. Соны жүзеге асыру үшін бизнес жоспарымды тиянақтап, комиссия мүшелеріне тапсырдым. Осы тақырып бойынша өзімнің бизнес жоспарымды қорғап шықтым. Менің ондағы мақсатым - халыққа қолжетімді бағаға орнатып, кішкене болса да пайдамды тигізгім келді. Аталмыш кәсіптің қолайлы жағы ешқандай жұмыс қолын қажет етпейді. Филтрі мен суын ауыстырып тұрамын. Бейнебақылау қойып, онлайн түрде қадағалап отырамын. Заманауи кәсіптің түрі болғандықтан адамдардың да қызығушылығы арта түсуде. Аталмыш кәсіпке аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы берілген жалпы сомасы 583 мың қаражат жұмсалды. Бұл кәсіпті ашуға жеткіліксіз. Себебі бұл апараттың өзі миллиондай тұрады. Одан оны белгіленген жерге орнату, бейнебақылау жүргізу және насос бар. Үстіне 600 мың қаражатты өз қалтамнан қостым. Алдағы уақытта таза суды басқа жерлерге орналастыру ойда бар. Ауылдастарымызға таза су қашанда керек. Айына шамамен 70-80 мыңдай қаражат жиналады»,- дейді жас кәсіпкер Нұртілек Зайнетдинов.

IMG_6102

Тазартылған ауыз суды сатып алып ішетін адамдардың да пікірін білген болатынбыз.

«Таза суды қондырған кезде көп естіген жоқпыз. Мүмкін, жарнама аз болған соң шығар. Халықтың көбісі басында естімеді. Өзіміз де жақын арада естіп, қуанып қалдық. Енді сол жерден таза су алып тұрамыз. Әрине, су адам баласына керек әрі пайдалы. Және өте қолжетімді бағамен қойылған. Үйге су келіп тұр. Бірақ ішкен соң филтрден өткен суды ішкен жақсы. Осындай нәрселерді ойлап тауып, халыққа пайдасын тигізіп жатқан кәсіпкерге рахмет айтамын»,-деді ауыл тұрғыны Рысқаным Даутова.

«Бәйтерек» ет сататын орнының жанында филтрленген су бар екенін білеміз. Суды сол жерден жиі алып тұрамыз. Өте дәмді әрі таза, денсаулыққа пайдалы. Отбасыма да ұнайды. Бағасы да қолжетімді. Литріне он бес-ақ теңге. Қолымыз босағанда, кешкі уақытта суды алып кетеміз»,-деді Ақпияз Шоқанова.

Адамдар таза судың қаншалықты маңызды екенін білмегендіктен, оның орнына шай, кофе, шырын секілді сусындарды тұтынады. Су адамның дене мүшелеріне әсер етіп, дене қызуын тұрақтандырады. Оның құрамындағы заттар ағзадағы қажетсіз нәрселерді сыртқа шығарып, тазартады. Мұнымен қатар зат алмасу процесін ретке келтіріп, ағзаға пайдалы заттардың тез сіңуін қамтамасыз етеді.

Гүлмира Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале