17.04.2024, 16:18
Оқылды: 6

Тазалыққа мән берейік

Көктем – жаңару мен жаңғырудың, түрлену мен түлеудің ғана емес, тазалықтың да айы. Бұл мезгілде тұрғындар ауыл болып айналаны жинап, көң-қоқыстан тазартады. Ал тазалық сақтау – біздің мәдениетіміздің белгісі. Сондықтан әр тұрғын бұл мәселеге бейжай қарамағаны жөн.

173fcbdf-e920-4dd5-9ea8-6c37a7d2d620

Иә, көктем шығып, қар кетісімен оның астындағы қоқыс-қалдықтардың қылтиып шыға келері белгілі. Әр жерде шашылған қағаздар мен целлофан қаптар, сынған ағаш бұтақтары мен түрлі сусыннан босаған қалбыр мен бөтелкелер – осының айғағы. Сол себепті әр адам керексіз затты тастар алдында ойлануы керек. Ол «Осы істі дұрыс немесе бұрыс жасап жатырмын ба?», «Бұдан қоғамға зиян болмай ма?», «Адамдарға ауырлық туғызбай ма?» деген сұрақтарға негізделуге тиіс. Өйткені сіз тастаған қоқыстар келесі бір адамның аяғына оратылып, қоршаған ортаны ластауы мүмкін. Осыны ескере отырып, жуырда тазалық айлығына қатысты аудан әкімінің қаулысы шығып, санитариялық айлық жарияланды. Өткен аптада әр мекеме өздеріне берілген аумақта тазалық жұмысын жүргізді. Соның нәтижесінде 56 текше қоқыс-қалдықтар шығарылып, арнайы орынға жеткізілді. Оны тасымалдауға бір «ГАЗ53» көлігі, екі трактор тіркемесімен, бір «Газель» және бес «Уаз Патриот» машинасы тіркемесімен қатысты.

Мұндай сенбіліктер бір мезетте ауданның барлық ауылында ұйымдастырылды. Қураған теректер кесіліп, үйілген қоқыстар далаға шығарылды. Енді әр жұма күні тазалық сенбілігі ұйымдастырылып тұрады. Бұл күн ұзағына жүргізілетін жұмыс емес. Аптаның бір күніндегі 1-2 сағат уақытымызды қоғам тазалығына арнасақ, ол – туған жерге деген құрметіміздің белгісі. Өйткені сырттан келер қонақ бар дегендей, өз ауданымыздың тазалығы мен санитариялық жағдайы бәрімізді бейжай қалдырмауы керек. Сын айтып, мін теру әркімнің қолынан келеді. Ал оны ретке келтіру, игі істерге уақытпен санаспай, белсене атсалысу туған жерге деген сүйіспеншілігімізді көрсетеді.

Бұл қоғам тазалығына да қатысты. Ал қоғамның таза болуына тек әкімдік қана емес, әрбір тұрғын тікелей жауапты. Сондықтан жауапкершілікті терең сезініп, тазалықты өзімізден бастауымыз керек. Үйіміздің айналасында тұрған ескі техникалар мен шарбақтың сыртына төгілген құрылыс заттарын ауламызға кіргізіп, көшенің келбетін келтіріп, қоршауларды сырлап, теректердің түбін әктеп қойсақ, қандай ғажап!

3246c917-e5af-4235-ba14-7246dc1bbddd

Көшеде келе жатып, қоқыстарды жинайтын адам бар ғой деп кез келген жерге лақтыра салатындар да кездеседі. Ол жасырын емес. Тіпті арнайы қоқыс төгетін полигонды да дұрыс пайдалануымыз қажет. Кей адамдар қоқысты апаруын апарғанымен, діттеген жерге жеткізбей, ішіне кіруге ерініп, қасына төге салады. Соның салдарынан айналаға шашылған қоқыс жел тұрса ұшып, ауыл ішін бүлдіреді. Әр тұрғын осыған баса назар аударса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені тазалықтың табалдырықтан басталатынын ескерсек, әр үйдің егесі өзі тұратын ауласы мен айналасын таза ұстауы арқылы өз денсаулығының кепілі болатынын естен шығармағаны абзал. Егер тазалықты жүйелі түрде жолға қоюды мақсат тұтсақ, қоқыс-қалдықтарды жинақтау мен тасымалдау жұмыстарын жүзеге асыруды бірге атқарғанымыз жөн. Сондықтан тазалыққа мән беріп, айналамызды таза ұстауға тырысайық. Жыл сайын жаңарып, жарқырап келе жатқан ауданымыздың келбетін одан әрі жайната түсуге атсалысайық!

Назгүл Серікқызы, 

Тасқала ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале