5.05.2021, 17:55
Оқылды: 85

«Тәжірибенің бәрі де уақытпен келеді»

Қылышын сүйреткен қыстан аман-есен шыққан жұртшылық жаздың қамына кірісетіні анық. Жазғы науқанды бетке алып, жоспарда тұрған біраз шаруалармен шұғылданады. Олардың ортасында тәжірибесі мол, көпті көрген қарияларымыздың да өз білгенімен бөлісіп жүретіндігін көзіміз көріп жүр. Шөп шабу, егіс егу немесе оны ору, егістік алқапты келесі жылға дайындау секілді науқанның ауылы алыс емес. Осы орайда «егін шықпайды, жылда құрдымда қаламыз» деген егіншілерге аз да болса да тәжірибелі маман, шежіндік Ғұбайдолла Танабаевтың әңгімесін қағазға түсірген едік.

 аг3

– Өзім І Шежін ауылының тумасымын. Сонау 1940 жылы дүниеге келдім. Бала күнімде оқымаған жерім жоқ. Басында Қазақстан, Шежін ауылынан білім алсам, кейін Мереке ауылдарының мектебінен білім алдым. 10-сыныпты сәтті аяқтап, Орал қаласындағы педагогикалық институтқа барып, құжаттарымды тапсырып көргенмін. Онымен жолым болмады. Содан аталмыш қаладағы №9 техникалық училищесіне оқуға түсіп, автослесарь мамандығын алып шықтым. Ол оқу орнын сәтті аяқтап, әскери борышымды өтеу мақсатында Балтық флотына аттандық. Әскери борышымды өтеп келген соң, өз ауылымда жүргізуші қызметін біраз уақыт атқардым да, Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумының агроном мамандығына түсіп кеттім. Оқуды аяқтап, 1969 жылы Шежінде бөлімше агрономы болып жұмысқа орналастым. Кейін басқарма басшысы қызметін атқардым. Төрт айдан кейін басшылық мені бас агроном қызметіне ауыстырған болатын. Содан сол қызметті 1998 жылға дейін үзбей атқардым. Ол кезде бір аласапыран кез еді. Көзге елестетудің өзі қиын. Жұмыс жоқ. Табыс таппайды. Совхоздағы барды бөліп алудың көкесі болып жатқан шақ еді. Нағыз науқан кезде бір-екі ай далаға барып, аз-мыз тиын тауып келеміз. Еңбекақы атымен жоқ. Сондай уақыттардан да өттік-ау, әйтеуір. Қазір бәрі шүкіршілік. Әңгімемді әрі қарай жалғар болсам, содан 2003 жылы зейнеткерлікке шықтым. Жалпы агро саласындағы еңбек өтілім – 41 жыл. Агрономдық қызмет сол кезде өзіме қатты ұнайтын. Қанша шаршасам да, даланың тірлігі өзіне тартып тұратын. Негізінен, қай мамандықтың да өз қиыншылығы бар ғой. Тек оны сүйсініп жасаған адам ғана шыдай біледі. Ең басында бұл қызметті жалғыз өзім бастадым. Қай саланың да алға жылжуына айналаңдағы әріптестеріңе байланысты екен. Егер қызметтестерің сенің берген тапсырмаң мен ұсынысыңды іліп әкетсе, жұмыс алға басады. Сондай жандар менің айналамда болды. Мен оларды әрдайым құрмет тұтамын. Кезінде жеті мың гектар жеріміз болған. Соны уақыт өте келе 15 мың гектарға апардық. Әуелі жерді зерттейміз. Құнарлығы төмен жерлерді жыртып, алдағы уақытқа дайындаймыз. Екпе шөптер мен көп жылғы шөптерді егіп тастаймыз. Сосын сол жерге келесі жылы жаңадан шөп шығатын. Ол кездің ылғалдылығы да бөлек еді ғой, шіркін?! Соның бәрі ауылымыздағы 36 мың қой, 2000 ірі қара мен 600 бастай жылқыға жеткілікті болатын. «Жерді демалту» деген ұғым бар ауыл шарушылығы саласында. Күздігүні жерді жыртып тастасақ, ол жерге ештеңе екпейміз. Басқа жыртылған жерге егіп тастаймыз да, әлгі жерді бір жыл демалтамыз. Бірақ оны алдағы жаз мезгілінде тырмалап, арам шөбін жойып отырамыз. Сосын келесі күзде «күздік» егіп тастаймыз. Ол кезде центнеріне 30-дан өнім алып жүрдік. Сосын жоспар бойынша Үкіметке тапсырамыз. Ол кездегі жұмыс пен қазіргі шаруаны салыстыруға келмейді ғой. Сол заманда жұмсайын десең, ауылдан бос адам таба алмайтын едік. Бәрінде бір-бір қызмет. Ал қазір ауылға келсең, бірең-сараны болмаса, бәрі үйлерінде. Әсіресе, жас балалардың көшеде сенделіп жүргенін көргенде жаның ауырады. Ең бастысы, сол жастарымыз бір жамандыққа ұрынып қала ма деп уайымдайсың. Сол заманда ауылымыздағы 21 дана «К-700», 66 дана трактор, 32 дана «ДТ» және 41 дана комбайнның дауысынан құлағымыз тұнатын еді. Соның бәріне жұмысшылар табылып, әрқайсысы өздерінің отбасын асырады.

Қар тоқтатудың маңызы зор

«Егісті жинап алғаннан кейін сол жерді дереу алдағы жылға жыртып дайындауға кірісетінбіз. Қар тоқтатудың маңызы зор. Арнайы техниканың күшімен қар тоқтатамыз. Мұның маңыздылығын, еккен егісің мен мал азығы мол болған кезде байқайсың. Арасын төрт метрден ашық қалдырып қарды үйетінбіз. Ортасы тақыр қалады. Боран болған кезде манағы тақыр жердің бәрін сыйпап, басып қалады. Содан жазғытұрым шақта алдымен бос қар ериді де, әлгі үйген қар кейіннен ериді. Яғни жердің ылғалы мол болуына оң әсерін береді. Мұның бәрі – тынымсыз еңбектің нәтижесі. Қазір ауа райы да қатты өзгерді. Бұл күнде еккен егіс шықпайды дегенді көп естиміз. Әрине, әр нәрсе уақытымен жасалуы керек. Дер кезінде жер жыртылып, дән уақытында егілуі керек. Қазіргі таңда мамырдың аяғында егіп жатады. Ол дұрыс емес. Диханшы ылғалды жоғалтып алмауы керек. Қар ерігеннен кейін топырақтың піскенін бақылау керек. Ол былай. Топырақты уысыңа аласың да, кәдімгі жейтін құрт сияқты тығыздап жасайсың. Кейін оны лақтырып жібергенде, ол жерге шашылып түсуі керек. Егер сол көрініске көзіңіз жетсе, онда топырақтың піскендігін білдіреді. Сол кезде тырмалап жіберіп, дереу дән себу керек. Мына заманда егін салушылардың бәрі агроном. Ешкім біз секілді тәжірибесі бар адамдардан ақыл сұрамайды. Егер сұраса, білгенімізді аямаймыз ғой. Осы жерде айта кететін жайт, бұрында әр ауыл бір-бірінің науқанға дайындығын тексеретін еді. Оның құрамында білікті агрономдар мен тәжірибелі механизаторлар болатын. Агроном жердің дайындығын тексерсе, механизаторлар сол жерге қызмет ететін техникалардың сақадай сай екендігіне көз жеткізеді. Мысалға, біздер көршілес орналасқан Мереке ауылының шаруашылығын бақыласақ, бізге Қазақстан ауылынан келген білікті мамандар тексеріс жүргізетін еді», - деп өзінің тәжірибелі жылдарын еске алды шежіндік зейнеткер Ғұбайдолла Дүйсеұлы.

аг1

Кейіпкеріміз Кеңес үкіметі кезінде бірнеше марапат алып үлгерген. Тіпті Мәскеудегі көрмеге де қатысыпты. Мұның бәрі тегіннен-тегін емес, қажырлы еңбектің арқасы деп білеміз. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген зейнеткеріміздің қазіргі жағдайы шүкіршілік, өзі тың. Барына разы болып отырған еңбек адамы, бұл күнде ІІ Шежін ауылында тұрады. Немере-жиендерінің қызығын көріп отырған ата. Жоғарыда айтқан әңгімесін тыңдасақ, тек қара жұмыстың барысы. Сол кездегі адамдардың бірлігі мен еңбекқорлығы еріксіз көз алдымызға келеді. Техниканың күші мен сол техниканы басқаратын адам баласының тынымсыз еңбегінің айғағы. Барғаннан «Қош келдің!» айтып, ақ жарқын жүзімен қарсы алған Ғұбайдолла Танабаев біздің қойған сұрақтарымызға қуана жауап берді. Көргенбілгенімен немесе жинаған мол тәжірибесімен бөліскісі келетін еңбек ардагерлері ортамызда жоқ емес, бар. Тек олардың айтқан әңгімесіне құлағын түріп тыңдап, ақыл-кеңесі арқылы өзінің шаруасын дамытатын жан болса, қандай жақсы?! Бұл материалдың газет бетіне жариялағандағы мақсатымыз да осы еді. Көпті көрген еңбек адамдарының тәжірибесінен оқырманымыз өзіне сабақ алса деген ниетіміз бар-тұғын.

 

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале