25.10.2021, 10:42
Оқылды: 80

Теректіде ат бәйгесі өтті

Ел Тәуелсіздігінің  30  жылдығына орай  Ақжайық  ауылдық  округі әкім аппараты,  БҚО «Бәйге» федерациясының Теректі  аудандық филиалының ұйымдастыруымен және округке  қарасты  жеке  қожалық  иелері мен ауыл  азаматтарының  қолдауымен ат жарысы  өтті.

12

Шараны  ашқан  Теректі аудан әкімінің орынбасары Ержан Досмақов құттықтау сөз сөйлеп, бәйгеге сәйгүлік қосқандар атбегілерге сәттілік тіледі.  Айтулы шараға  БҚО “Бәйге” федерациясының президенті Берік Есенғалиев, БҚО “Бәйге” федарациясының Теректі аудандық филиалының директоры Кәкім Темір арнайы келді.

13

Ұлттық дәстүр бойынша, кең далада өткен ат жарысына халық жиналды.

Ат шабыста атбегілер жүйріктерін  “Аламан бәйге”, “Топ бәйге”, “Құнан бәйге”, “Тай бәйгеге ” салды.

«Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, “Аламан бәйгеде”  Бөрлі ауданы, Достық ауылынан келген Даваид Сахатскийдің  жүйрігі топ алдында келіп,  қанжығасына    500 000 теңгені байлады. Рыбцех ауылынан келген  Бақытжан Сәтбаевтың қылқұйрығына  2 орын бұйырып, жетегіне жылқы байланды. Ал, үшінші келген   ақжайықтық Асхат Аманбаевқа 200 000 теңге жүлде байланды.

 “Топ бәйгеде” 300 000 теңге жүлде   Шыңғырлау ауданынан Әл-Фараби Ибраевқа бұйырды. Қос ақжайықтық – Болат Жанабаев пен Асхат Аманбаев өз тойларынан олжалы болды. Болат Жанабаев  жылқы (2 орын) , Асхат Аманбаев (3 орын) 150 000 теңге жүлде алды.

14

“Құнан бәйгеде” Тасқала ауданынан келген Мирбол Мендіханов, “Тай бәйгеде” оралдық  Нұрбек Сағынбаевтың үміті ақталып, жүйріктері топ жарды. Екеуіне де жүлдеге жылқы берілді. Ал, осы кезеңде 2-3 орын алғандарға ірі қара мен 100 000  - 50 000 теңге байланды.

15

Даланы дүбірге толтырған ат жарысының басы-қасында Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Қадырәлиев жүрді. Шара соңында  ұлттық ойынға қолдау көрсеткен Ертарғын Манешов (“Сүйін ұрпағы” шаруа қожалығы),   Талғат Қайнекешов (“Абай” ш.қ),  Ғапитолла Қапезов (“Әділ” ш.қ),  Жәрдем Ырысқалиев (“Масқар” ш.қ),  Мендіғали Ғайнуллиев (“Мұрагер” ш.қ),  Қадырбек Қапизов (“Жәнібек” ш.қ),  Алмас Какимов (“Какимова” ш.қ), Ақжайық ауылының 1986 жылғы  азаматтары және БҚО «Бәйге»  федерациясының төрағасы округ әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Мейрамгүл Мұхамбетқалиева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале