9.03.2021, 10:48
Оқылды: 251

Теректіде қазақ күресінің тұралауына не себеп?

Құрметті редакция! Біз, өзімізге қажет нәрсені сараптап, санаға салып саралап, барымызды бағалап үлгергенше, ұлттық құндылықтарымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатырған жоқ па?! Қазақтың жеті қазынасы бар дейтін болсақ, сегізінші қазынамыз қазақ күресі деп айтар едім.

1840a510-7a86-4ecf-a087-2f37466001ad

Қазақ халқының өте ертеден калыптасқан, көшпелі тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан ұлттық спорт түрлерінің бірі – қазақ күресі. Қазақ күресі төзімділікке, батылдыққа, ептілікке, керек кезінде әдіс-айла ойлап табуға машықтандырады. Осы спорт түрімен айналысқан ұрпақта  ұлттық тамырдың ажырамас болмысы түзіледі, тарихи сабақтастық қалыптасады және ұлттық сезім күшейеді. Оның өзектілігі сөзсіз. Ұлттық код ұлтық құндылықтардан құралады және қайта жаңғыруды қамтиды. Қазақ күресі 2016 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгенін де айта кеткен жөн.

Бұл спорт түрін дамыту жолында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталайықшы. Бір қуантар жайт – қазақ күресі ассоцияциясы құрылды. Ілгерілеу бар. Енді тоқтамау керек. Ал енді өңірімізде жағдай қалай? Батыс Қазақстан облысы бойынша қазақ күресі федерациясының вице-президенті болып Әсет Сұлтанұлы тағайындалды. Аз ғана уақыт ішінде қандай жұмыстар жасалып үлгерді деген сұрақтың болуы заңдылық. Облысымыздың палуандары мен бапкерлерері, өзге өңірлерге оқу-жаттығу жиындарына барып, тәжірибе алмасып, кемшіл тұстарын дамытып, өсу жолында барларын салуда. Атап өтер болсақ, Қызылорда облысы, Маңғыстау облысы, Ақтөбе облыстарында оқу-жаттығу жиындарынан өтті біздің палуандарымыз. Ақтөбе облысындағы оқу-жаттығу жиынына аяқтай барып, палуандарымыздың аяқ алысын өз көзіммен көріп қайттым.

Бұның барлығы өңірімізде төл спортымыз, қазақ күресінен чемпиондар шықса екен деген ниетпен жасалып жатқан жұмыстар. Нәтиже жоқ емес. 25-28 ақпан күндері қазақ күресінен Нұр-Сұлтан қаласында кіші жасөспірімдер арасында 10 салмақ бойынша Қазақстан біріншілігі өтті. 55 кг салмақта жерлесіміз Жандарбек Сүндетов күміс жүлдеге ие болып, еңсемізді бір көтерді.  Мен Нұр-Сұлтан қаласына іс-сапарға палуандарымызбен бірге барып, осы бір жеңіске ортақтастым. Батыс Қазақстан облысы намысын қорғаған палуандармен сөйлесе келе менің түсінгенім, менің туған жерім – Теректі ауданынан бірде-бір бала жоқ екен. Әңгімені төтесінен бастап, бапкерлерден  себебін сұрадым. «Бұл балалар таудың тасындай іріктелген палуандар, облысымыздың ішкі біріншіліктерінен іріктеп алдық, ал Теректіден іріктеуге бірде-бір палуан қатыспады» деп шорт кесті бапкерлер.

Алғашында аңтарылып қалдым. Сонда талай дүлдүлдер мен мықтыларға мекен болған Теректіде қазақ күресімен айналысар бір бала болмағаны ма? Мүмкін емес жайт. Аудандық газет бетінде  осы мәселені көтерсеңіздер екен. Қазақ күресінен ауданда алға баспауына не себеп? Білікті бапкер жоқ па, дайындалатын спорт залдар тапшы ма, жоқ әлде басшылықта қазақ күресін дамытуға деген түк ниет жоқ па?

Мен туған жеріме жаным ашығаннан, болашағымызға алаңдағанымнан айтамын ғой. Шешілмейтін түйін жоқ, бұныңда бір шешімі болар. Ниетке қарай амал етсек екен.

Дәурен Шамұратов,

Теректі ауданының тумасы

Орал қаласы ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысының орынбасары

Теректі аудандық «Ғазал» жас ақындар клубының мүшесі

 

P.S. Редакциямызға келген осы хаттан туған жерге деген махаббаттың, өскен ортаға деген жанашырлықтың лебі есіп тұрғандай болды. Аталмыш хаттағы орынды сауалдарға жауап іздеу мақсатында Теректі аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры  Әлібек Ақнажимовке хабарластық.

49b489c6-57df-41cf-8ed3-bb1556ec66dc

- Дәурен мырзаның көтерген мәселесі орынды. Туған жеріне деген қамқорлық шығар деп ұқтым. Алайда, ауданда қазақ күресі тұралап жатыр дегенге мен келіспеймін. Әр ауылдың түрлі спортқа деген бейімі болады. Мысалы, Шалқарда боксшы балғындар қаулап өсіп келеді. Ал, қазақ күресі секциялары Ақжайық және Подстепный ауылдарында бар. Шүкір, спорт залдары, қала берді қажетті спорттық құралдар жеткілікті. Бапкерлеріміз де облыстағы ең үздіктер дер едім. Ақжайықтағы балғындарды Бейбіт Нығметов деген түрлі республикалық додалардың жеңімпазы баптайды. Подстепныйдағы балғындар Нұрсұлтан Болаттан тәлім алады. Нұрсұлтан жуырда әскери самбодан ҚР біріншілігіне қатысып келді. Енді қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы іріктеуге біздің палуандар сақадай сай болып, қатысқысы келді. Бірақ, карантиндік жағдайлар бізге тұсау болды. Аудандық білім беру бөліміне неше мәрте хат жазып, неше мәрте өзім аяқтай бардым. Алайда, келісім берген жоқ, оқушыларды босатпады. Бар себеп осы ғана, - дейді Әлібек Бекетұлы.

Редакция ұжымы лезде аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусайыновамен телефон арқылы сөйлесіп, спорт мектебі директорының айтқан сөздерінің растығына көз жеткізді.

- Әлібек Бекетұлы осы жайтты көтеріп, ақпан айында маған келді. Ол кезде ауданымыз бойынша аты жаман дерттің өршіп тұрған уақыты еді. Облыстық білім басқармасымен байланысып, оқушылардың денсаулығына басты назар аудару қажеттігі айтылды. Сондықтан рұқсат берілмеді. Облыстық білім басқармасымен сөйлескенімді спорт мектебі директоры өзі естіген болатын, - дейді Жанаргүл Жеңісқызы.

Осы шағын сұқбат арқылы біз оқырманымыздың хатына жауап бергендей болдық. Бірақ орынды тағы бір сауал өздігінен туындайды. Теректіде оқушыларды спорттық іріктеулерге жібермей жатса, өзге аудандардың балғындары сол бәсекелерге кедергісіз қатысып жатыр ғой. Түсінсек бұйырмасын... Сонда облысымыздың әр жерінде әртүрлі талап па? Әлде аты жаман дерт жер таңдай ма? Қазақ күресіне аударылмаған назарды карантиндік талаптарға ысыра салу ма бұл? Осы сауалдарға жауап таба алмай дал болдық... Бұл мәселе аяқсыз қалмайтыны ақиқат.

 

Әділет Әлібекұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале