25.06.2022, 12:40
Оқылды: 82

Теректіде «Қымызмұрындық» этнофестивалі өтті

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Теректі ауданына қарасты Долин ауылында «Қымызмұрындық» этнофестивалі дүркіреп өтті.

7E177007-7877-4B9A-8EAD-8B3759B888C5

Ұлттық дәстүрді дәріптеп, жаңғырту, халқымыздың игі дәстүрі мен қонақжайлығын паш ететін қымыз мерекесіне жиналған қауымға үлкендердің батасын беру, қымыздың емдік қасиетін насихаттау, ата-бабадан мирас боп қалған оның жасау өнерін болашақ ұрпаққа сапасын түсірмей жеткізу мақсатында дәстүрлі түрде 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан іс-шараға жиналған теректіліктердің қарасы қалың. Бірін-бірі құрақ-ұша қарсы алып, хал сұрасып жатыр. Көңіл-күйлері өте көтеріңкі.

Қазақтың жайлауға шығып, арқасы кеңіген тұста тойлайтын қымызмұрындығына арнайы келген Теректі ауданының әкімі Тілек Габдушев «Той тойға ұлассын!» деп лебізін арнаса, Долин ауылдық округінің әкімі Талғат Манатауов этнофестивальдің мән-маңызына тоқталды. Тойлы ауылдың сыйлы ақсақалы  Адиатолла Жаледдинов ақ батасын берді.

F5200ED3-E2F4-48C9-B6FD-B8FA1C5DDD81

Этнофестивальге келушілер «Қазақша күрес», «Асық ату», «Арқан тартыс», «Қой көтеру» сынды ұлттық ойындарды тамашалап қана қоймай, белсенді қатысты. Ақжаулықты әжелер киіз басып, ұршық иірді.

63AB3D88-E7F1-4CB6-B83C-06218AE8BC8A

Тойдың қызған шағында итбегілер тазыларын жарыстырды. Мәре сызығын бірінші болып «Текті», одан кейін «Нөкер» аттады (тазылардың иесі - Н.Мұқтар). Үшінші болып Ә.Жәнібек есімді итбегінің «Сарыгүл» атты тазысы келді.

3FBE3425-ED1F-4E9A-A7B8-505C2D6689C0

Одан әрі этнофестиваль «Қымыз – жанға дауа, дертке шипа» байқауына ұласты. Қымыздың сапасына мән берілген сайыста еңбек ардагері Ұ.Нұрмұханова, ауыл ақсақалы А.Жаледдинов, қымыз сарапшысы Г.Абакаримова, ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Қазиқанов және мәдениет, тілдерді  дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Л.Сердалиева әділ бағасын берді.

61B40E1E-7CBE-4DCF-B506-2B9890099731

Байқау нәтижесінде Абай ауылынан ат терлетіп келген «Жәнібек» шаруа қожалығының ұжымы І орын, сарыөмірлік «Еділ-Жайық» шаруа қожалығының иелері ІІ орын, Юбилейный ауылының қымызын ұсынған Б.Қуанышқалиев жүлделі ІІІ орынды иемденді.

Аудандық мәдени-демалыс орталығының әншілері әсем әндерді әуелетіп, тойдың сәнін келтірді.

Барлық жүлделі орын алған қатысушыларға алғыс хат пен ақшалай сыйлықтар табысталды.

13FCEA9C-9497-4BCB-AC4D-D5590B8C42EE

 Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале