5.02.2024, 17:00
Оқылды: 74

Теректіде қызылша ауруына байланысты 35 шұғыл хабарлама түскен

Әлемдік пандемияға айналған короновирустан соң эпидемиологиялық жағдайға құлақ түріп отырамыз. Әсіресе, былтыр ел ішінде қызылша жиілеп кетті. Оның себебін эпидемиологтар да, медицина мамандары да соңғы жылдары тұрғындардың екпе салуға немқұрайлы қарағанынан болды деседі. Бүгін сол қызылшадан бастап Теректі аудандағы жұқпалы аурулардың таралуы, олардың алдын алу жайында Теректі ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Ләйла Ашықовамен сұхбатымызды назарыңызға ұсынамыз.

ашыкова

 

- Ләйла Тілектесқызы, сіз былтыр қарашада ауданға оралып, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына басшы болып  тағайындалдыңыз. Сізді аудан тұрғындарына таныстыру қажет емес деп ойлаймын. Теректі туған жеріңіз әрі 2018-2022 жылдары ауданда басшылық лауазымда болдыңыз. Әсіресе, короновирус пандемиясы кезінде асқан жауапкершілікпен жұмыс жасадыңыз. Аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды «бес саусағыңыздай» білесіз. Сондықтан әңгімені бірден халықты алаңдатқан қызылшадан бастайық.

-Былтыр сәуір айынан бастап облыста қызылшадан эпидемиологиялық жағдай қолайсыз болды.

Қызылша – қауіпті инфекция. Оған шалдыққан адамда дене қызуы 38-40° C дейін көтеріледі. Жалпы интоксикация, көздің шырышты қабығы, мұрын-жұтқыншақ, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы, бөртпелер шығуымен сипатталатын жіті инфекциялық ауру кезінде әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, ұйқының бұзылуы пайда болады.

Инфекция науқас адамнан таралады. Қызылшамен ауырған адам айналасындағылар үшін 7-10 күн бойы қауіпті. Қызылшамен ауырмаған және оған  қарсы егілмеген адамға инфекция жұғуы әбден мүмкін.

Біздің ауданда қызылша жұқтыру саябырсымай тұр. Яғни, эпидемиологиялық жағдай әлі тұрақсыз. Жалпы басқармаға алғашқы диагнозы қызылша деп көрсетілген 35 жағдай туралы шұғыл хабарлама түсті. Оның ішінде 23 жағдай зертханалық расталды, 2 жағдай - жұмыс үстінде.

- Ауданда 40 мыңнан астам тұрғын барын есепке алсақ, небәрі 23 адамның қызылшамен ауруы көп емес сияқты. Бұл көрсеткіш өспеуі үшін қандай шаралар қабылданды?

- Қызылшамен ауырған әр адам есепке алынды. Ауырғандардың негізгі бөлігі - балалар. Жас құрамына келсек, 14 жасқа дейінгі 15 бала қызылша жұқтырған. 15-17 жас арасындағы 2 жас адам, 6 ересек адам қызылшамен ауырды.

Жұқпалы инфекция - қызылшаға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде. 21 ауру ошағында байланыста болған адамдарға медициналық бақылау тұр. Науқаспен қатынаста болған 5 адамға эпидемиологиялық көрсетілім бойынша, яғни 72 сағат ішінде қызылшаға қарсы екпе салынды.

Теректі аудандық әкімдігі жанында қызылша жұқпасының алдын алу шаралары бойынша штаб құрылды. Штаб отырысында аудандағы ахуалды сараптап отырамыз. Теректі орталық ауруханасының бас дәрігері Дархан Манарбекұлы, Теректі №2 аудандық ауруханасының бас дәрігері Бекзат Құбаев медициналық мекемелердегі қызылшаға қарсы қолданылып жатқан шараларды баяндайды. Сонымен қатар жүргізіліп жатқан қызылша жөнінде ақпараттық түсіндіру жұмысы, мектепке дейінгі мекемелердегі екпе алу туралы ақпараттар қаралады.

- Қызылша жұқпасының жиілеуіне бірден-бір себеп – ата-ананың баланың екпе алуына немқұрайлығы, ал кей жағдайда мүлдем қарсы болуы дейді мамандар. Мәселен, kaz.nur.kz сайтында «Премьер-министр Әлихан Смайылов қызылша жұқтырғандардың көбі екпе алмағандар екенін атап өтті. «Тек өткен жылдан бері елімізде қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай өсіп кетті. Ол соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетіп отыр. Олардың 80 пайызға жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар» деген келтірілген.

- Иә, эпидемиолог ретінде мен бұл сөзге толық қосыламын.

Қызылша вирусы – адам үшін қауіпті. Оның алдын алмаса пневмония, энцефалит ауруларына шалдығу қаупі бар. Бұл дерттен менингит секілді әр түрлі асқыну туындайды. Ал көзі ауыратындар қызылша жұқтырса, ауруы асқынып, соқыр болып қалуы мүмкін. Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралу қажет. Қызылшаның алдын алудың ең тиімді де нақты жолы - екпе салу. Бұл – жылдар тәжірибесімен дәлелденген.

- Аудан аумағында қызылшадан басқа қандай жұқпалы аурулар тіркелген?

- Биыл ауданда бір мәрте сәбидің көкжөтелмен ауруы болды. Сонымен қатар скарлатина, желшешек жұқтырғандар бар. Осылардың ішінде желшешек жиі кездеседі. Мысалы, 2022 жылы 259, 2023 жылы 106 мәрте желшешекпен ауырған адам тіркелген. Әсіресе, балабақшаға барып жүрген бүлдіршіндер арасында бұл жұқпа тез таралады. Желшешекке бізде жеңіл ауру ретінде қарау қалыптасқан. Шындығында, бұл вирус иммундық жүйеге қатты соққы тигізеді. Балаларға қарағанда ересектерде желшешек ауыр өтеді, тіпті өлімге соқтыруы кездеседі. Сондықтан желшешекке жеңіл-желпі жұқпа деп қарау дұрыс емес.

Жалпы жұқпалы, жіті таралатын вирустардың қай-қайсы да адам үшін қауіпті. Дер кезінде емделмесе, қызылша, желшешек, скарлатина, тіпті, екінің бірі аяқ үсті ауыратын ЖРВИ асқынып, созылмалы ауруға айналуы мүмкін. Бұл жұқпалардың кең таралуы, көбінесе, өзімізден болады. Науқас адам тез арада оқшауланып, дәрігер шақыртудың орнына «сәл қызулап тұрмын», «жәй тұмау ғой» деген желеулермен көпшілік жерлерге барып, вирустың таралуына себепші болады. Сондықтан әр адам өзінің денсаулығына, жанындағы адамдардың денсаулығына мұқият қараса екен.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале