15.12.2023, 23:00
Оқылды: 62

Теректіде Пойма ауылына таза ауыз су келді

Тәуелсіздік күні қарсаңында Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округіне қарасты Пойма ауылында су құбыры пайдалануға берілді.

1-3

Ауыл тұрғындарының қуанышымен Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова, Теректі аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев және облыстық мәслихат депутаты, жерлесіміз Сержан Идиятов бөлісті.

Пойма ауылына таза ауыз су «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жетіп отыр. Аталмыш жоба «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да көрсетілген еді. Жұмыстарды «Дәнекер» ЖШС жүргізген. Оған 558 млн теңге шамасында қаражат бөлінген.

Халық көп күткен қуанышқа ортақтасып, жылы лебізін білдірген аудан басшысы Әлия Биғазықызы барша теректіліктерді тәу етер Тәуелсіздігіміздің мерекесімен құттықтады.

Құттықтау сөз сөйлегендер қатарында облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Сержан Серікұлы, Ақсауат ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаламдар Исмақов және ауылдық округтің қоғамдық кеңес төрағасы Қайрат Әділханов болды.

1-1

Салтанатты лента қию рәсімін аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова мен ардагер Қаламдар Ғайсаұлы жүргізді.

Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы өнерпаздары әсем әнге салып, мереке сәнін келтірді. Мердігер компания өкілдері ауыл тұрғыны Мәншүк Ибатқызына су жаңа кір жуатын машина сыйға тартты.

1-4

Мәншүк Науанова, Пойма ауылының тұрғыны:

- Қалаға іргелес жатқан ауыл болғандықтан осы қуанышты біраз күттік. Адам өмірінде таза ауыз судың алар орны ерекше ғой. Қазір ауылымыз қарқынды дамып жатыр. Күні кеше ауылымызда жаңа мектеп бой көтерді. Көршілес Магистральный ауылына жол келіп, жыл соңына дейін ол ауылда да жаңа білім ордасы ашылмақ. Поймаға су келгені көңілді қуантады. Жергілікті тұрғындар риза. Мемлекеттік бағдарламалардың іс жүзінде жүзеге асып жатқанына бүгінгі шара дәлел деп ойлаймын.

Әділет Орынбасар,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале