15.03.2021, 11:35
Оқылды: 147

Теректіде шаруагерлерге арналған семинар өтті

Бүгінде тек Теректі ауданы емес, жалпы қазақстандық агроөнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласында шағын қожалық немесе қосалқы шаруашылығымен нәпақа айырып жүрген жанның біразы «ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі деген не?», «біріккенде ұтамыз ба, ұтыламыз ба?» деген сауалдар төңірегінде ойланып жүр.

 f0707c28-6a9e-486e-9f07-d4479554b737

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында» деген болатын.

Бірікпеген істе береке болмайды. Сондықтан, бүгінгі таңда шаруашылықтардың басын қосып, кооператив құру маңызды істің бірі болып отыр.

Өткен аптада Теректі ауданы, Новопавловка ауылында «Қазақстандағы қосымша құнның азық-түлік тізбегін дамыту үшін шағын шаруашылықтарға инвестициялық қолдау көрсету» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

a0f9873f-cb22-4caf-8e8a-548d84ad4ff1

Семинар жұмысын ашып, алғы сөзбен бастаған аудан әкімі Арман Өтеғұлов «Ауыл тұрғындарына мемлекеттік қолдау көрсету тетіктері» жайында мәлімет берді.

- Ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив жұмыстарын жандандыруды қолға алу ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуге, өндірілген өнімді өткізуге мүмкіндік жасайды. Осы бағытта біз әлеуметтік бағдарламалар бойынша берілетін грант алушылардың жұмысын сүймелдеу және толық қанды жұмыс жасауға қол жеткізу үшін жұмыстанамыз, - деді аудан басшысы Арман Кәрімұлы.

Семинар жұмысын арнайы келген спикерлер жалғастырды. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперациялары бойынша сарапшы Т.Кенжеғұлов «Кооперативке бірігу тиімділігі» тақырыбында жасаған сараптамасы жайлы баяндады.

«G-Global «жасыл экономика» мен даму коалициясы» ұйымының атқарушы директоры А.Сүлейменов семинардың бас тақырыбы бойынша баяндама оқып, дайын «Ауыл өнімі» жобасы жайлы мәлімет берді.

- Сіздерге ұсынып отырған жоба бойынша біз былтырдан  бері жұмыс жасап келеміз. Бұл жобаның басты мақсаты – ауыл өнімдерін сұранысқа шығару. Осы жылы да өнімдердің саны мен сапасын арттыра отырып, мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты тиімді пайдалану жағын қарастырамыз. Бұл жұмыс жалғасын табады, - деді Асхат Мұратұлы.

"Барбастау" құс фабрикасының директоры Арман Аманғалиев құс өсіруге ынталы адамдарға  балапанның  бір күндік кезінен өсіп жетілгенше  қалай баптау, азықтандыру жөнінде толып ақпарат берді. Осы бағытта тәжірибе жинақтап алған маманның ақыл-кеңесі құс шаруалығымен айналысып, кооператив құрамын деушілерге пайдалы болғаны сөзсіз. Осы жерде айта кетеріміз, биыл ауданда «Еңбек» бағдарламасы бойынша балапан алуға 600-ден астам адам ынталы.

Бизнес-тренер Ақмарал Елемесова қарапайым өнімді үлкен нарыққа шығару, брендке айналдыру жолдарымен бөлісті. «Шағын кәсіпкерлікте тоқтап қалмай, үлкен бизнес әлеміне ену керек» деген Ақмарал Нұржанқызы оның ең тіке жолы бірігу, кооператив құру екенін жеткізе айтты.

Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық сақтық шараларын орындаумен өткен семинарда теректіліктер кооператив құру, шаруашылық жүргізу жайындағы бірқатар сұрақтарына мамандардан жауап алды.

 

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале