31.12.2021, 17:43
Оқылды: 82

Теректіде үздік спортшылар марапатталды

Жыл бойы спортсүйер жұртшылықты жетістіктерімен қуантқан Теректі спортшылары бүгін «Жыл қорытындысы-2021» салтанатты марапаттау шарасына жиналды.

8A0A1A6F-B4C3-4F2B-80F6-61B9BFFE0294
Тәуелсіз ел атанған 30 жыл ішінде теректілік спортшылар небір жүлделі жарыстарда жарқырап көрінді.  Күні бүгін «ардагер» атанған спортшылардың ізін басқан жастар да ел үмітін ақтап жүр.

Жыл бойғы жүлде-жеңістерді Теректі ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Лунара Сердалиева жіпке тізгендей баяндап шықты.

Мәдениет үйіне жиналған қауымды Теректі ауданының әкімі Тілек Габдушев Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, табалдырық аттар жаңа жылда жеңіс пен жүлде легі үзілмесін деген тілегін айтты. «Салауатты өмір біздің салтымыз болып қалыптасуы үшін мен спорт саласына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынмын» деген аудан басшысы ауылдық жерлерде спорт әдіскерлерін жасақтау қажеттігіне де тоқталды.

7608C6B0-CEFE-4CDA-8C0A-DA0DD5429281

Мерейлі жылды қорытындылау салтанатында аудан әкімі марапаттау рәсімін атқарды.

Алдымен ауылда спорт пен салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосып жүрген, өздері де спортқа жақын ауыл әкімдері – Покатиловка ауылдық округінің әкімі Әділбек Дусенов, Долин  ауылдық округінің әкімі Талғат Манатауов, Новопавлов  ауылдық округінің әкімі Бахтияр Карл марапатталды.

Аңқатылық Рүстем Гирный, Теректі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары Сұңғат Бекқалиев, Иран Оразбеков, Ерлан Сағынәлин, Айдын Сүлейменов аудан әкімінің алғыс хатын алып, мәртебесі асты.

Осындай құрмет ҚР чемпионатында «Президенттік көпсайыста» І орын алған Жасұлан Мұхамбетовке көрсетілді.

«Ақ бидай» VII облыстық ауыл спорты ойындарында шағын футболдан жеңімпаз атанған футбол командасы да жыл қортындысында үздік атанды.

Теректіде мемлекеттік қызметшілер де спортқа жақын жандар. Осы орайда, мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиадада қазақ күресінен алдына келгенді алып жығып, жүлделі үш орынды қанжығаға байлап қайтқан Қайрат Жанғалиев,Фарит Шарипов, Мейірбек Мәжит – үздіктер қатарында.

Сол спорт додасында волейболдан ІІІ орын алған қыздар командасы да марапатқа лайық деп танылды. Ал, зерде мен зейінді қажет ететін шахмат тартысында І орын алған Құралай Каримова мен Темірлан Түркеев – «Жыл қорытындысы-2021» жүлдегерлері.  

Спорт – өмірлік ұстаным. Спортта «ардагер» деген болмайды. Десек те, биыл спорт ардагерлері арасында өткен облыстық жарыста теректілік  волейбол командасы ІІІ орын алды. Жүлде қоржынын толықтырған команда мүшелері де осы салтанатты күні мақтау мен мадақтауға ілікті.

Салтанатты рәсім спорт пен туризмді дамытуда белсенділік танытып жүрген Теректі балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының қызметкерлерін марапаттаумен тәмамдалды.

«Жыл қорытындысы -2021» жүлдесін иеленген әр спортшыға аудан әкімінің алғыс хаты мен бағалы сыйлық табыс етілді.

Шара соңы мерекелік көңіл күй сыйлаған концертпен аяқталды.

 Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале