26.03.2024, 17:15
Оқылды: 19

Теректідегі штабқа 130 өтініш түсті

Қар қарқынды ери бастаған соңғы 2-3 күн ішінде Теректі ауданында қарбалас басталды.

су басу теректи 2024 (1)

25 наурыз күні екі жерде - аудандық маңызы бар Сарыөмір - Дуана жолының 20 шақырымында (150 метр) және Сарыөмір - Дуана жолының 9 шақырымында (10 метр) еріген қар суының жол үстінен ағуы тіркелді. Бүгін осындай жағдай Қандық ауылына кіреберіс жолдың 0,1 шақырым учаскесінде (30 метр) қайталанды.

Су тасқынына қарсы шараларға аудан бойынша 107 адам жұмылдырылып, 15 техника (8 ассенизатор, 4 погрузчик, 2 экскаватор, 1 фреза), 47 мотопомпа жұмыс істеп жатыр.

Бүгін су сору жеті аумақта - Теректі, Подстепное, Ақжайық, Ақсуат, Ұзынкөл, Шаған, Шалқар ауылдық округтерінде жүріп жатыр. Таңғы сағат 8-00-де аудандық көктемгі су тасқынына қарсы штабта жинақталған мәлімет бойынша жалпы 23 380 м3су сорылған. Штабқа жалпы су басуына байланысты 130-ға жуық өтініш түскен. Олардың дені жеке тұрғын үй секторларынан түсіп жатыр.

су басу теректи 2024 (2)

Бүгін күні бойы толассыз жауған жаңбыр қар суына қосылып, кей аулаларды су басу қаупі төнуде. Әсіресе, қауіптілік басым Подстепное ауылында 10 жерде мотопомпамен су сорғызып жатыр. Техникадан бұл ауылда аудан тарапынан 4 ассенизатор автокөлігі, тіркемесімен 1 трактор, күрегімен 2 трактор, фрезалы трактор, экскаватор, ұңғыма қазу техникасы, 11 мотопомпа жұмылдырылды. Қосымша төтенше жағдайлар департаментінен 1 КАМАЗ, тіркемелі 3 мотопомпа әкелінді. Жергілікті азаматтар – «Теректі» спорт клубы, «Теректі» колледжі, ауылдағы екі мектеп, округ әкімдігі ұжымдарынан 43 адам арық қазу, қапшықтарға құм толтыру, су сорғыштарды орнату сияқты қажетті жұмысты жасап жүр.

Аудандық көктемгі су тасқынына қарсы штаб өз жұмысын үзіліссіз, тәулік бойы атқарады.

Егер су басу қаупі болса «112» және «101» нөмірлеріне хабарлаңыздар.

Тамара Жұмат,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале