7.05.2021, 11:35
Оқылды: 108

Теректіліктер тарихи атауды қайтарғысы келеді

Теректі ауданының Новопавлов ауылдық округінде жергілікті қоғамдастықтың жиыны өтті. Күн тәртібінде жалғыз ғана мәселе – ауылға тарихи «Құмақсай» атауын қайтару. Жиын барысында қоғамдастық мүшелерінің пікірлері жеке-жеке тыңдалды. Қоғамдастық мүшелерінің 4-еуі тарихи атауды кері «тірілтуге» қарсы емес екендігін жеткізсе, бір адам қарсылық танытыпты.

 36a4813b-7400-4b48-b629-306ed1ce087b

Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің журналистері ауылға арнайы ат басын бұрып, округ әкімі, жергілікті қоғамдастық мүшелері және тұрғындарды сөзге тартты.

Деректерге сүйенсек, ауыл тарихы 1909 жылдан бастау алады. Украинадағы Павловка деген жерден сол жылы қоныс аударушылар келеді. Дегенмен, дәл қазіргі ауыл тұрған жерден 7-8 шақырым жерде Құмақсай деп аталатын ауыл болған. Қоныс аударушыларды ауыл тұрғындары қабылдамай, сондықтан Павловкадан келгендер сәл әрірек қонып, үй тігіпті. Сол кездегі саясатты айтпасақ та түсінесіз. Қоныс аударушылар жайғасқан жерге бір жылы мектеп салынып, үйлер бой көтеріп, содан Новопавловка ауылы «дүниеге кепті». Әрине, барлық жағдай жасалған ауылға қоныстанушылар саны артып, Құмақсай ауылы бір күнде құмға сіңген. Алайда, тақыр жерге кеп үй салдық, ешқандай ауыл болмады деген деректер қате екендігін қазіргі тұрғындар да жақсы түсінеді. Бірақ сан түрлі адам, сан түрлі пікір.

36621c35-fc71-4a49-a51b-fb4f805fd9bf

Арнайы жүргізілген сауалнамаға қарасақ, ауыл тұрғындарының 73 пайызы Құмақсай атауын қайта жаңғыртуға қарсы емес. Аудандық газет журналистері округ әкімі Бахтияр Карлды сөзге тартып, бүгінгі ахуалды сұрады.

- Қоғамдастықтың жиыны өтетіндігі туралы хабарлама басылым бетінде жарық көрді. Күн тәртібіндегі мәселе де анық болды. Қоғамдастық мүшелері өзара пікір алмасып, ойларын айтып, басым көпшілігі «Құмақсай» атауын қолдады. Халықтың да пікіріне құлақ асып, үйді-үйге кіріп, ойларын білдік. Тарихи атауды қайтару мәселесі бойынша ауыл халқының басым бөлігі оң көзқараста, - деді Бахтияр Асқарұлы.

Жергілікті қоғамдастық мүшесі Арман Мұхамедьяровпен де кездесудің сәті түсті. Ол ауылға тарихи атауды қайтару мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқандығын айтты.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылға «Құмақсай» атауын беру туралы әңгіме көтерілді. Міне, қолымда 1987 жылғы ауылдық округтің картасы бар. Көріп тұрсаңыздар, Құмақсай деген ауылдың атауы анық көрсетілген. Павловкадан келгендер ауылға кіре алмай, сай бойын жағалап қоныстанған сәтте де бұл арада адамдар болған. Дегенмен, қоныс аударушалар кеп қонған жерге мектеп, балабақша салынғасын, 1970 жылдары Құмақсай ауылы түгелімен көшіріліп, Новопавловка екеуі бір ауыл болды, - дейді Арман Кенжеғалиұлы.

7544a932-6f08-435d-961a-cad4722d56c5

Дәл осындай пікірді ауыл тұрғыны Надир Оджиев те ұстанады.

- Шыны керек, Новопавловка атауы бір ғасырға жуық қызмет етті. Қазір заман басқа, қазір адам басқа. Еліміз Қазақстан болған соң, ауыл атаулары қазақыланғанын мен құптаймын. Себебі, тарих дегенді ұмытпау керек. Новопавлов қалыптаспай тұрып бұл жерде де адамдар тұрды, яғни өзіндік тарихы болды. Сол кезеңде ұстаным өзгеше болғасын, атаулар да өзгеріп жатты. Қазір сол тарихи атауларды қайта жаңғырту керек. Ол жастар үшін маңызды.

Ауылдың тағы бір тұрғыны Евгения Тютюма «Новопавлов» атауы сол күйінде қалу керек деп есептейді.

- Мен ауыл атауы еш саясатқа қатысы жоқ деп ойлаймын. Павловкадан аталарымыз келді, ауыл қалыптасты, олар осы ауылдың аяқтан тұрып кетуі үшін еңбектенді. Мен , қала берді менің ұрпағым осы жерде дүниеге келді. Бұл жер - менің ата-бабамның құтты қонысы. Мен қазақы атауға қарсы емеспін, бірақ осы ауылдың қалыптасуына еңбек сіңірген адамдарды да ұмытпау қажет қой. Тарихқа құрмет деген міне, осы. Құмақсай деген мүлдем басқа ауыл. Новопавловка мен Құмақсайды ештеңе байланыстырмайды. Көпшілік қолдап өзгертсе, қабылдауға тырысамыз. Бірақ менің пікірім осындай.

Ауыл атауының өзгеруі жастар үшін қажет деп есептейді ауыл тұрғыны Ольга Сугакова. Ол өзгеріске бет бұрар уақыт келді дейді.

- Ауылымыз көпұлтты, бірақ достығымыз берік. Бізде ұлтқа, тілге бөліну мәселесі мүлдем орын алған жоқ. Қазірдің өзінде ауыл тұрғындарының басым бөлігі «Құмақсай» атауына қарсы емес. Тарихи атаудың қайта келуі жастар үшін аса маңызды деп ойлаймын. Бұл іске салғырт қарамай, керісінше тың өзгерісті қабылдайтын сәт жетті.

Міне, ауыл тұрғындарының пікірі дәл осындай. Жұмыс сапары аяғында қазір тек орны қалған Құмақсай ауылына барып, қорымдар мен зираттардың, құлпытастардың көп екендігін көрдік. Сайын далада бақандай бір ауыл болғандығын бізге құлпытастар дәлелдеп тұр.Ендеше, тарихи атауды ұрпақ санасында жаңғыртудың еш әбестігі жоқ сыңайлы.

 

Әділет Орынбасарұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале