16.11.2020, 10:36
Оқылды: 140

Теректінің кәсіпкерлік саласында әлеуеті зор жобалар бар

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағдарының басты жеті қағидатының бірі ретінде басымдық берген кәсіпкерлік саласына Теректі ауданында басшылық жасайтын мемлекеттік мекеме – Теректі ауданының кәсіпкерлік бөлімі. Мемлекеттік мекеменің басшысы – Бахтияр Карл.

D1567EDE-3180-48F5-825E-1800C9592970

Аудан аумағында жеке кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауда мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын бөлім шағын және орта кәсіпкерлікті, инновациялық қызметті қолдау үшін инфрақұрылым объектілерін құру мен дамытуды қамтамасыз етеді.

Қазіргі көпшілікті алаңдататын мәселенің бірі - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылау жасау да осы мекеме құзіретінде.

Кәсіпкерлік бөлімінің биылғы қызметі жайлы айтар болсақ, 2020 жылдың 1 қазаны көрінісінде, аудан бойынша  1700 орта және шағын бизнес нысандары тіркелген. Оның ішінде белсенді қызмет жасайтыны - 1495. Осы кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,8 млрд.теңге. Соның ішінде жеке инвестиция 2,1 млрд. теңгені құраған екен.

Ірі инвестордың бірі -  «Сырым-KZ» қожалығының 3 мың басқа есептелген мал бордақылау алаңы жұмысын бастайды. Инвестиция көлемі  1 млрд.теңге тұратын шаруашылық жыл аяғына  дейін 1000 ірі қараны бордақылау алаңына қоюды көздеп отыр.

DAA4B0C6-1A81-466C-9A32-8030E274736A

Биыл бастау алған ірі жобаның бірі – картоп өсіріп, одан жартылай дайын өнім өндіру. 1,3 млрд.теңге инвестициялайтын «West Agro Food» ЖШС қазір жердің құжаттарын рәсімдеп жатыр.

Өз қаражаты есебінен 3,9 млрд.теңге инвестиция жасайтын «RINGO-MILK» ЖШС-нің сүт тауар фермасының құрылысы басталды.  Подстепный ауылдық округі аумағында салынатын кешенде 600 бас ірі қара бағылып, тәулігіне 25 тоннаға дейін сүт өнімдерін өндіретін болады. Жоба екі жыл ішінде іске қосылады деп есептелген.

Өндірістік жобалардан бөлек, әлеуметтік бағыттағы іске асқан жобалар бар. Мысалы, Шаған ауылдық округінің орталығы – Жаңа Өмір ауылында 100 орындық балабақша ашылды. Жеке кәсіпкер Мақсот Сұлтанов өз қаржысына салған «Алмажан» балабақшасының ашылуы ауыл халқы үшін үлкен қуаныш болды. Бөбекжайды салуға 86 млн. теңге көлемінде қаржы кеткен. Тұрақты жұмыспен 20 адам қамтылды. Кәсіпкер алдағы уақытта тағы 100 орындық бөбекжай салу жоспарлап отыр.

Жаңа Өмірде биыл тағы бір халыққа пайдалы нысан іске қосылды. «Ақбазар» жеке кәсіпкерлігі30 адамға арналған қоғамдық монша мен шаштараз ғимаратын ашты. Инвестиция көлемі - 40 млн.теңге.

ҚР Президентінің «Алдымызда тұрған міндет – 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық маңызы бар жолдардың бәрін қайта жөндеп, жол бойындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз ету» деген жолдарын іске асырудағы жоба – Подстепное ауылдық округінде, жол бойында «Мирас» жеке кәсіпкерлігі салып жатқан құрылыс. Жалпы құны 40 млн.теңге тұратын жол бойында қызмет көрсететін кешен іске 2022 жылы қосылып, 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

246CBF8C-431E-4387-95B9-F6D0BF326A7E

Осыдан екі жыл бұрын, ҚР Тұңғыш Президенті қатысуымен бизнес жүргізу жеӊілдігі бойынша өӊірлер мен қалалар рейтингісініӊ қорытындысы бойынша  2017 жылы бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған үздік аудан деп танылған  Теректі ауданының кәсіпкерлікті дамытуда әлеуеті мол. Алдағы жоспары да орасан.

Мысалы, ауданда өндірісті ынталандыру, шағын және орта бизнесті дамытудың тиімді құралдарының бірі - индустриялық аймақ құру шаралары басталды. Тас жол мен темір жолдың бойында, облыс орталығына жақын жерден, Ақсуат ауылдық округі, Пойма станциясында 281 гектар жер аумағында индустриалды аймақтың инженерлік коммуникациялық құрылымын жобалау жүргізілуде. Өткен жылы Теректі ауданының инвестициялық картасы жасақталып, terekti-invest.kz. сілтемесі бойынша, аудан әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.

Жоба іске қосылғанда ауданымызға кәсіпкерліктен түсетін салық мөлшері ұлғайып, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

Жаңа жұмыс орындарын ашу көрсеткішінде аудан кәсіпкерлігінің үлесі зор.

Бүгінгі таңда «Бастау бизнес» жобасы бойынша 116 адам 64,171 млн.теңгеге мемлекетік грант алды. Бағдарлама көмегімін өз ісін ашқан теректіліктер автокөлік жөндеу, құс өсіру, мал шаруашылығымен айналысып, наубайхана, шаштараз, шағын цех ашып, өз нәпақасын айырып отыр. Өз ісін ашқан жерлестерінен үлгі алған теректіліктер осы жоба бойынша бизнес әліппесін үйрену үшін оқыту курстарынан өтуде.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, кәсіпкерлік бөлімі тек ұйымдастырушы ғана емес. Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізеді. Сондықтан да, әлемді айналдырған короновирус індетінің алдын алуға байланысты құрылған аудандық мониторинг тобы құрамында бөлім қызметкерлері бизнес нысандарында санитарлық талаптардың сақталуына, дәрі-дәрмек, азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған рейдтер құрамында белсенді қатысады.

Ауданның кәсіпкерлік бөлімінің әр күнгі қызметі теректілік орта және шағын бизнес нысандарына қолдау көрсетумен өтеді. Яғни, кәсіпкерліктен түскен әр теңге салықта, ашылған жаңа жұмыс орнында бөлім қызметкерлерінің үлесі бар. Оны жоққа шығара алмаймыз.

Қыркүйекте халыққа жарияланған Қазақстан Республикасы Президентінің  Жолдауындағы «Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ» деген тапсырмасын іске асыру үстінде.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале