7.10.2022, 20:58
Оқылды: 128

Той басталды Аңқатының төрінде

Әмбеге асылтұқымды ақбас сиырымен әйгілі Аңқаты ауылының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Ауылдың іргетасы 1932 жылы қаланған.

IMG-20221007-WA0025

Аз-маз тарихқа үңілсек, Аңқаты совхозында отандық етті сиыр тұқымын — қазақтың ақ бас сиырын шығару жұмысы 1933 жылы, яғни совхозды ұйымдастырылғаннан кейін бір жыл өткеннен соң басталған. Ол кезде сиыр табынындағы  мал саны 4500 шамасы болған. Мысалы 1938 жылы тұңғыш жүргізілген бонтировканың мәліметіне қарағанда, жергілікті қазақ сиырыныың саны 1283, қалмақ сиыры 76, симментал сиыры 100-ге жеткен. Қазақтың ақ бас сиырының табыны Уругвай мен Англиядан әкелінген герефорд бұқаларын жергілікті қазақ сиырымен шағылыстыру негізінде шығарыла бастаған екен. Мінекей, мал шаруашылығы осылайша бастау алған Аңқаты ауылы — бүгінгі таңда бірлігі бекем, тірлігі тындырымды ауылға айналды. Өркенді өңірдің әр саласында даму бар. Халық саны — 2026. Орталықтағы адам саны — 1235. Аталмыш ауылдық округтің құрамында Аңқаты, Новая точка, Сатымшеген, Қандық, Тасыншеген, Ерсары, Рыбцех сықылды ауылдар бар. Бұл ауылда  көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселе — мектеп еді. Білім  ғимаратының іргетасы 1967 жылы қаланып, 1968 жылы пайдалануға берілген. Содан бері оның қабырғаларына құрылысшының қалағы тимеген.

— Мектебіміздің екі қабатты ғимараты ескі. Осы уақытқа дейін жыл сайын тек ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп келдік. Салынғаннан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүргізілген жөндеу жұмыстарын мердігер  «ЮгСтройСервистің» қызметкерлері білек сыбана атқарды, — дейді Аңқаты ЖОББМ-нің директоры Қарылғаш Тасанова. Ауыл үшін бұл да қуанарлық жәйт, әрине.

Өлкеде өнер жарысы өтті

Дана халқымызда «Той — халықтың қазынасы» деген жақсы сөз бар. Қашанда рухы биік елдің өресі биік болатыны белгілі. Ежелден ынтымақ-бірлігі жарасқан, халықтың абзал қасиетімен, қазақы салт-дәстүрімен сүттей ұйыған Аңқатының тойында «Абыройы асқақ Аңқаты» атты облыстық ақындар айтысы өтті.

IMG-20221007-WA0033 (1)

Шараға жиналған жалпақ жұртшылық ең алдымен мәдениет үйінде ұйымдастырылған ауылдың тарихынан сыр шертетін көрмені тамашалады. Одан әрі сахнаның шымылдығы ашылды. Теректі ауданының әкімі Тілек Габдушев сөз алып, осынау мерейтоймен құттықтады. Сонымен қатар айтыскерлерге сәттілік тіледі.

IMG-20221007-WA0009

Мерейтойға қатысқан мажарлық зерттеушілер, яғни Сомфай Кара Давид пен Грегор Агоч, өздерін «Дәуіт» және «Аққұс» деп таныстырған ғалымдар Мажарстанның Будапешт қаласынан келген екен.  Дәуіт – филология ғылымдарының докторы, этнография институты гуманитарлық зерттеулер орталығының аға қызметкері. Ол 20 тілді жетік меңгерген ғалым. Қазақ тілінде де сайрап тұр. Ал Аққұс – этнография ғылымдарының докторы, салт-дәстүрлерді зерттеу орталығының аға қызметкері, музыкатанушы. Бірі ән салса, бірі қазақ тілінде мерейтойға арнап жылы лебізін білдірді.

IMG-20221007-WA0184

Сонымен бірге БҚО инновациялық-технологиялық университетінің профессоры,  филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр Аңқаты ауылы хақында баяндама оқыды.

IMG-20221007-WA0195

Әр ғасырдың өз айғағы, өз шежіресі бар. Алайда ол қағаз бетіне түспесе, ұмыт қалуы мүмкін. Осы орайда кешегі өткен тарихымызды құрметтеп, келер ұрпақ жадында қалдыру мақсатында ауданның 90 жылдық мерейтойына арналған «Аңқаты — атамекенім»  атты кітаптың тұсаукесері болды. Кітапты құрастырып баспаға әзірлеген — филология  ғылымдарының докторы,  профессор Мұрат Сабыр және тарих пәнінің мұғалімі Назым Қауленова. Бұл кітапта ауыл тарихы терең сарапталып, кейінгілерге үлгі, ұрпаққа тағылым болған ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі жан-жақты көрсетілген. Екіншіден, киелі өлкеден түлеп ұшқан арда азаматтарды жас буын біле жүрсе деген ниетпен елге белгілі тұлғалардың өмірбаяны берілген. Кітап авторларының айтуынша, басты мақсат — туған өлкенің тарихын түгендеу.

Жалпы, айтыс — ақынның  талантын шындайтын үлкен өнер жарысы. Өткен ғасырда Жанақ, Сабырбай, Шөже, Сүйінбай сынды ғажайып айтыс ақындары болған. Бұл дәстүр қазіргі уақытта жалағасын табуда.

IMG-20221007-WA0185

«Жайықтың Жүрсіні» атанған ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Ерікқали Ахметов жүргізген  сөз додасына Айнабек Бисенғалиев (Ақжайық ауданы), Талғат Мықи (Бөкейорда ауданы), Мұрадым Мирланов (Жәнібек ауданы), Жансая Мусина (Орал қаласы), Орынбек Меңдіқұл (Жаңақала ауданы), Бауыржан Ширмединұлы (Жымпиты ауданы), Әділ Ахметов (Теректі ауданы), Жарқынбек Шынтаевтар (Бөрлі ауданы) қатысты. Ал айтысты бақылаушылар қатарында филология  ғылымдарының докторы,  профессор Мұрат Бөкенбайұлы,қоғам қайраткері, ақын, жазушы Дариға Мұштанова, ақын Үзілдік Елубайқызы болғанын айта кеткен жөн.

IMG-20221007-WA0031

Сайып келгенде, ақындардың барлығына ауыл азаматтарының демеушілігімен қаржылай сыйлық пен аудан әкімі Тілек Габдушевтің атынан алғысхат табысталды. Сондай-ақ, аудан әкімшілігі 90 жылдыққа орай Аңқаты ауылдық мәдениет үйіне ноутбук пен микрофон тарту етті.

Аңқаты ауылдық округінің әкімі Асқар Хайреккев:

- «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас» демекші, осы тойды ұйымдастыруға ат салысқан барша ауылдастарыма алғысым шексіз. Айтысқа Бекет Нұрмұханов деген азаматымыз бір тай тіккен еді, — деген Асқар Қылышұлы елдің атынан Жансая Мусинаға тай сыйлады. Марқұм ақын Ақмаржан Таубаеваны «жырға қосқаны үшін» деген ақынның бауыры Қайыржан Таубаев өз атынан Ж.Мусинаға арнайы жүлде табыстады.

IMG-20221007-WA0188

Ал Теректі аудандық бәйге федерациясының басшысы, талпындық Кәкім Теміров айтыс бойы «елге қалай жетем енді» деп жырлаған Мұрадым Мирлановқа тай мінгізді. Сонымен қатар Қырымгерей Қажымовтың отбасы Айнабек Бисенғалиевке шапан жапты.

IMG-20221007-WA0197

Аңқатының тойына арналған айтыс бүгін осымен тәмәмдалды. Ал ертең, яғни қазанның 8-і күні асылтұқымды мал көрмесі, дала қызықтарына жалғаспақ.

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

Суретті түсірген автор

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале