26.07.2022, 11:00
Оқылды: 219

Тоқсанға толатын Есенсай деген ауыл бар

Кезінде талай жыр мен сырға мұрындық болған Есенсай ауылының биыл құрылғанына 90 жыл толмақ.

есенсай1

Кеңестер одағы кезінде өрісі малға толып, қыры егіннен жайқалып, дәулеті тасыған, атағы алысқа кеткен ауыл болған еді бұл Есенсай. Сол ауылда дүниеге келгенмін, сол елден түлеп ұшқанмын. Марқұм әкем Санжан да сол ауылдың дәулеті мен бақуатын арттырамын деп өмір бойы маңдай терін сыпырып, еңбек баққан момын шаруалардың бірі болды. Алыстан «Есенсайға 90 жыл толады екен» деген әңгімені құлағым шалғаннан кейін туған ауылымның тарихын өз бетіммен қаузадым. Расында да, биыл Есенсайымыздың төбе жас 90-ға толатын жылы екен. 1932 жылы күз айларының бірінде осы Есенсай «Тайпақ» кеңшарынан өз алдына еншісін алып, бөлініп шығып, «Есенсай» ет-сүт өндіретін кеңшар болып құрылыпты.

Осы жерде ауылдың «Есенсай» деген атауы қайдан алынған деген сұрақтың шеті қылтиуы мүмкін. Баяғыдағы біз көрмеген көнекөз қариялардан бізге жеткен әфсаналардан және өз әкем Санжаннан (1895 жылы туылған еді) өз құлағыммен естігенім бойынша, ерте заманда бұл жерде Есенсай деген бай болыпты. Төрт құбыласы сай, төңірегіне атағы мен дәулеті мәшһүр, сыйлы жан атанған. Яғни қай-қай жағынан да нашар кісі болмағасын, есім-сойы ұмытылмай, атағы жойылмай, бүгінге жетіп отыр ғой деп ойлаймын. Сосын бұл мекеннің айналасы мен төңірегі бір кезде толған сай, ол суға мөймілдеп, жағасы қамыстан жайқалып тұрады екен деген де аңыз бар. Ал анау батысындағы жағаларын ну орман көмкеріп, ағып жатқан Ақ Жайықтың, жарықтық, орны бөлек қой...

Торқалы той алдында мен өзім оқу, жұмыс бабымен көшіп кеткенше көре қалған сол ауылдың ақ иық азаматтары мен азаматшаларын тілге тиек еткелі отырмын. Іскерліктерімен бірінен-бірі өткен үш директорды – Уахит Айтмұхамбетов, Ғазез Хаймулдин, Темірбек Әбдешев ағаларды жақсы таныдым, қарауларында жұмыс істедім. Жиырманың үстінде ауылдық кеңес төрағасы, қазіргіше айтқанда, ауыл әкімі қызметін атқарған. Анау 2013-2017 жылдар аралығында осы ауылдың перзенті Құмар Арыстанғали ауыл әкімі болды. Қазір ол мал дәрігері болып еңбек етуде. Бүгінгі күні ауыл әкімі болып Ілияс Баймұратов қызмет атқаруда. Бұл азаматтар ауылға болса екен дейтін жігіттер. Енді той алдында кейбір кем-кетік түзелер деген ниетпен мына бір базынамды да жасырып қалмайын дедім. Бір кезде ауылдың ортасында теректері жайқалған, төңірегі қоршалған саябақ болып еді. Ауылға керемет көрік беріп тұратын. Бүгінде теректері де, қоршаулары да ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Әрине, сонау 90-шы жылдары ауыл біткенді тоз-тоз қыла жаздаған қиын кездер бастан өтті. Бірақ көп ауыл барын жойып алмай, көздің қарашығындай сақтап, ол кездерден де аман-есен өтті. Салыстыра айтсақ, алысқа бармай-ақ іргедегі Қарауылтөбе ауылын алайық. Сол ауыл да шалағайлау әкімдердің кесірінен жайқалып тұрған қос бағының орнын сипап қалды. Дегенмен соңғы үш жылда сол Қарауылтөбеге Жәнібек Абиров деген жап-жас жігіт әкім болып келіп, біраз жұмысты қолға алған. Жан сүйсінетін істерінің ішінде ауылдың бағын қайта түлетіп жатыр. Жаңадан түрлі теректер әкеліп ектіріп, оны әдемі қоршаумен қоршатып, бүгінде жұтындырып қойыпты. Ауыл азаматсыз болмайды, соларды жұмылдыра білген жас әкім мешіт салдырып, спорттық орындар, алаңдар ашқызыпты, Қарауылтөбені бара-бара құлпыртатын түрі бар. Жәнібек балама жақсы бастамаң басқаларға жұғысты болғай дейміз.

Есенсайдың кезінде үш бөлімшесі болды. Кеңсуат №1 бөлімше солардың ішінде орталыққа тиіп тұратын. Ал 25 шақырым жерде жатқан №2 бөлімшесі Дәуренбайдың басынан дәурені мен бағы тайғалы қашан. Сол Дәуренбайды Мұқтар Абдуғалиев деген азамат ұзақ жыл басқарды. Тіл тапқыш, елгезек, қарапайымдылығы мен еңбекқорлығының арқасында елге сыйлы болған азамат еді. Ал Ақ школ деп аталған №3 бөлімше орталықтан 30 шақырым жерде. Ақ школ аталу себебі – оның айналасында үш көл жатқан екен. Соның әсері шығар, ол жер әуелі Үш көл атаныпты. Күндердің күнінде сол елді мекенде балаларға мектеп салынады. Оның сырты ақ балшықпен ақталып, қысы-жазы алыстан аппақ болып, атойлап көрініп тұрса керек. Халық содан Ақ школ атап кеткен ғой... Мен сол Ақ школда Әсия деген әжейдің үйінде жатып, 1-4 сыныптарда оқыдым. Күні бүгін сол Дәуренбай мен Ақ школ аталған бөлімшелердің бірі де жоқ, тек құлаған үйлердің төмпешіктері ғана жатыр...

Есенсайдың ерекше дәуірлеген тұсы – Темірбек Әбдешев басқарған жылдар. Бұл жылдарда шаруашылық малдан да, егіннен де алынатын өнімді тасқындатып, ауданда, облыста озат шаруашылықтардың бірі болды. Талай еңбек озаттары шықты. Директор Әбдешевтің де Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі дүркін депутат болып сайланатыны да осы жылдар. Ауыл тұрғындарының бақуатты тұрмысқа кенелетіні де осы тұс.

Темірбек ағайдың да жұмыс тәсілі ешкімге ұқсамайтын. Кеңседе сарылып, қағазға көміліп отырмайтын. Таңертеңгі жоспарлау жиналыстарын шеберханаға ертерек келіп, сонда өткізеді. Жұмысшыларының уақытын жиналыспен алмауға қатаң көңіл бөлді. Ылғи алыс жолдарда жүретін шопырлардың жағдайын ойлап, оларға барынша жағдай туғызды. Басшының қарауындағыларға барынша қамқор болуға ұмтылған ниетінің арқасында Есенсай ауылы сол жылдарда қай-қай жағынан да ерекше гүлдеп еді.

Бағана айттым ғой, Есенсайдың тұрған жерінің өз ретін, орайын тапса, жұмақтай жер. Орман алқабының өзі 16 мың гектарды алып жатыр. Іргеден ерке Жайық сылаңдап ағады. Су мол келген жылдары ауылдың іргесіндегі Қарасуды мөймілдетіп алуға әбден болады. Тек ұйымдастыра білу керек. Сонымен қатар аудан әкімдігі де қолдап, қолпаштап, көтермелеген көмегін аямаса дейміз.

Иә, сонымен, Есенсайдың 90 жылдығы есік қағып тұр. Алыстан жеткен хабарға қарағанда, әзірлік әлі ақсап жатқан сыңайлы. Осы ауылда кіндік қаны тамған, Есенсайдың мектебінен түлеген небір жампоздар бүгінде байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүрген шығар?.. Олардың арасында депутаттар да, кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлер де, Құдайға шүкір, бар. «Теңіз тамшыдан», «Көп түкірсе, көл» дейді халқымыздың даналығы. Ауылдағы ағайын да, қарапайым шаруалар да бұл шарадан шет қала қоймас... Сол туған ауылына жаны ашитын, оны ұмытпайтын жандар жиналса, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарса», бітпейтін шаруа, алынбайтын қамал жоқ!

 Ендеше, есенсайлықтар, туған ауылымыздың төбе жасы 90-ға жеткенде бір сілкінейік! Бірігейік! Сөйтіп, Есенсайымыздың тойын есте қаларлықтай етіп өткізейік дегім келеді.

Мұрат Тұйғынбетов,

Есенсай орта мектебінің 1969 жылғы түлегі,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале