24.05.2021, 9:19
Оқылды: 65

"Туған ауылымды гүлмен көмкергім келеді"

Туған елін, жерін түлеткен, туып-өскен ыстық ұясы - туған ауылына деген сағынышы мен махаббатын еңбегімен айқындаған азаматтардың игі істері туралы айтып тауысу немесе жазып бітіру мүмкін емес шығар. Бір жылдары сəтін салып Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Нағи Ілиясов ауылына барудың сəті түсті. Сол ауылдың көркі мен келбетін келтірген кəсіпкер Абзал Ералин есімді азаматтың еңбегіне тəнті болдық. Ауылға салған ғимараттарды айтпағанда ауылдың сəнін кіргізген гүлді бақтар көздің жауын алады. Бейне бір гүл көмкерілген жұмақта жүргендейсің. Сол кезде "Осындай гүл жайнаған бақ бізде неге жоқ, біздің азаматтар неге гүл өсіруді қолға алмайды?" деп ойға баттық, қиялдадық.

226295FC-E3C8-4034-8A72-1CCD5587AD84

Жуырда қаладан туған ауылына келіп, жылыжайда көкөніс пен гүл егіп жатқан азамат туралы хабарды естідік. Дереу қолымызға фотоаппаратымыз бен диктофонымызды алып, Казталов ауданына қарасты Қараөзен ауылына жол тарттық.

613A2C42-A90E-428B-A098-E5B9FAF7606C

Өзін Нұрлыбай Айдыновпын деп таныстырған азамат Қараөзен ауылының тумасы екен. Қараөзеннен түлеп ұшқан жас агроном мамандығын алыпты. Осы күнге дейін облыстағы гүл мен жасыл желек егетін біраз мекемелерде еңбек етіп, тəжірибе жинаған Нұрлыбай туған ауылына қайтуға шешім қабылдаған. Ауылға келгесін қарап жатуға болады ма, сүйікті гүл өсіру ісін қолға алған. Ауылда Жасұлан Темірханов басқаратын "Жайлау" шаруа қожалығымен күш біріктіріп, жұмыс бастаған. Жалпақталдан жылыжай салып, қияр мен қызанақ секілді көкөніспен қатар гүлдерді де егіп шығаруда. Бүгінде көкөніс көшеттерін, сонымен қатар алуан түске боялған гүлдерді де сатып жатыр. Бағасы да қымбат емес. Маманды əңгімеге тарттық.

FB3FF06A-24FA-4611-837A-BD47108CDDB7

- Ауылда гүл санаулы үйлерде болмаса көп ешкім екпейді. Менің арманым - туған ауылымды гүлмен көмкеріп, көркейту. "Біздің жердің топырағы нашар, ештеңе шықпайды" деп сылтау айтады көбісі. Бұл еріншектіктен туған жəй сөз. Ең бастысы еңбектенсе, гүлді баптап, бала секілді аяласа жақсы нəтиже болмақ. Үйдегі балаңызға кішкене кезінен дұрыс ақыл, тəрбие бермей, ата-аналық махаббатыңызды төкпесеңіз ол да ер жеткен кезде қандай болмақ? Өсімдік те солай, күтіп баптағанды ұнатады. Əзірге бастамамыз жаман емес. Күзге дейін өсетін гүлдердің 10-ға жуық түрін шығардық. Осы жердің топырағын пайдаландық. Халықтың сұранысына қарай гүл мен көкөніс көшеттерін сатып жатырмыз. Аудан орталығын абаттандыру үшін біздің гүлдерімізге тапсырыс беріп жатыр,- деп ағынан жарылды Нұрлыбай.

A47EB95B-7DAC-48D8-9B3A-14B4536B1460

Міне, осындай жанашыр азаматтар көп болса, еліміз де, жеріміз де гүл жайқалған баққа айналары сөзсіз.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале