26.04.2023, 21:49
Оқылды: 18

 Түйткілді тақырыптар талқыланды

Бүгін рухани орталықта аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев пен ауылдық округ әкімі Ақан Қапанов ардагерлермен және жастармен кездесті. Сонымен қатар жиынға мәслихат төрағасы, депутаттар, мекеме басшылары да қатынасты. Күн тәртібінде мал бағымын ұйымдастыру және ауыл тазалығын басты назарда ұстап,  зиратты қоршау мәселелері талқыланды.

IMG_0915 (1)

Аталған мәселелер бойынша және одан да басқа ауылымыздағы түйткілді жайлар жөнінде біраз ұсыныс-пікірлер айтылды. Өңірімізге қатысты шешімі табылмаған қандай да болсын мәселе бәрімізге ортақ. Сондықтан ауыл ардагерлері мен ел аналары халықтың көкейінде жүрген сауалдарды жолдады. Атап айтсақ, Закария Сисенғали, Айтуған Шарафутдин, Жансұлу Қожанова, Қайырғали Жайымов, Фарида Аманғалиева, Рабиға Ишекенова қазіргі кездегі басты мәселелердің бірі – ауыл тазалығы жөнінде айтып, мал терілерімен бірге жүні шашылып, жинаусыз жатқанын сөз етті. Сондай-ақ басталған істің тиянақты аяқталуын өтініп, ауыз суды үнемді пайдалану үшін, жаз айларында техникалық суды тұрақты беру қажеттігін жеткізді.

IMG_0923 (1)

Соның ішінде көлік жуу орындарының ауыз суды пайдалануын тоқтату, саябақтарға отырғызылған талдарды көл суымен қамтамасыз ету, суарылуын қадағалау, орталықтағы кейбір көшелерге қатқыл табанды жол төсеу, бағдаршам орнату сынды ұсыныстар айтылды. Бұл сауалдар бойынша А.Жанабайұлы жауап беріп, жаз мезгілінде берілетін техникалық суды тұрақтандыруға жұмыстанатынын жеткізді. Шаһидолла Әбуғали ауылда халық арасына іріткі салатын «блогерлер» көбейіп кеткенін, тек материалдық жағдайды алға тарта бермей, рухани тәрбиеге де көбірек көңіл бөліну керектігін жеткізді.

IMG_0905

IMG_0907

Шайдолла Тілеубергенов жасанды жол бұдырлығының кейбір көшелерге қажеттілігін айтып, мал азығының бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс жасауды сұрады. Ермек Меңдіхан ауыл шетіндегі зират ішіне сенбілік жасауға ұсыныс тастаса, Тыныштық Өтешқалиев Халықтар достығы көшесіндегі қақпаны ашып, көлік қозғалысын реттеуді ұсынды. Сонымен бірге халық атынан сайланған депутаттардың білек сыбанып, жұмыс істейтін сәті келгенін баса айтты. Жолданған сауалдар бойынша мәслихат төрағасы Қамбар Каменов, полиция майоры Алихан Ізбанов жауап беріп, аудан әкімі А.Көшкінбаев айтылған мәселелер бойынша жұмыстанатынын жеткізді.

Нұргүл Елтайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале