13.09.2022, 9:15
Оқылды: 91

Түлей түс, Тайпақ!

Жағымды жаңалықтарды, жақсы істерді алдан күтіп, шаруасын тындыра беретін жұртымызға қарап, дәтке қуат дейсің! Әрине, тірлік кем-кетіксіз болған ба?! Дейтұрғанмен, өткен бір кезеңдермен салыстыра қарасақ, көз көрген жақсылықтарымыз аз емес сияқты. Мың да бір шүкір! Сол жетістіктерді жалғастырып, оны  еселей түсу жолында шауып жүрген азаматтарымызды көргенде көңілің тіптен жадырай түседі. 

DSC_0034

... Сонау алыста қалған 90-шы жылдарда, бәрімізге мәлім өтпелі шақта үлкен Тайпақ ауылы да азыңқырап кеткен-ді. Бірақ уақыт солай екен деп, тіршілік тоқтай ма?! Біртіндеп еңселі ғимараттарға, тұрғын үйлерге көгілдір отынның жеткізілуі тұрғындардың келешекке деген үміт шырағын  жаққаны рас. Әсіресе, күрмеуі бастан асқан сол кездегі тауқыметті тірлікпен алысып, аз-мұз қаражатпен газдандыру ісін үзбеуге тырысқан Әлжан Досмақов, Серік Рахымберлиев және Қожақ Бижанов секілді жетекші құрылыс білгірлерінің еңбегі Тайпақ шежіресіне өшпестей жазылды, мұны ағайын әлі күнге жыр қып айтады. Сонымен бірге 1997 жылы мұнда математика-физика пәндерін тереңдетіп оқытатын инновациялық білім ордасы – мектеп-гимназияның ашылуы көңіл жадыратты. Алғашқыда аталмыш орын тар болғанымен, мұғалімдердің асарлатуы арқасында бос қалған ғимараттар жөнделіп, қосымша бөлмелер қосылуы бұл тұйықтан шығарды. Алғашқы күннен осы білім ошағын абыройлы басқарған Қазақстан білім беру ісінің озаты Болат Дошаевтың да  еңбегі зор. Бүгінде тәжірибелі ұстаз Алмас Орынбасарұлы басшылық жасайтын аталмыш мектеп-гимназияның ашылғанына биыл ширек ғасыр толып отыр.

Иә, жылдар жылжыған сайын тәу етер тәуелсіздігіміздің жемісін ауыл адамдары молынан көріп келеді. Соңғы уақыттағы жаңа құрылыстар, жаңа мекемелер алтын бесігімізге тың тыныс әкелді. Мысалы, желілік байланыс қызметін көрсететін «Қазақтелеком» немесе балалар спорт кешені, балабақшалар, «Жайықтехсервис» кәсіпорнының филиалы – бәрі де ауыл ажарын әйгілеп тұр. 2018 жылы Шабдаржап елді мекенінде заманауи үлгідегі 198 орындық білім ұясының пайдалануға берілуі де көпке  қуаныш  сыйлады.

Сонымен, ата күлдіктерінің игіліктерін осылай еселеген тайпақтықтардың жарқын болашаққа ұмтылысын бүгін айтпағанда ше?! Оған мысал дегенің жетеді. Алдыңғы жылы 1982 жылы туған жеке кәсіп иелері Есенаман Жарылғасов, Жандос Айтмағанбетовтың жетекшілігімен Орал – Атырау күрежолынан Тайпаққа дейін (4 шақырым) 70-ке жуық электр бағаны тартылып, жарықшам орнатылуы ерек бір жаңалық болды. Енді бірі екі көше бойына көрікті тал отырғызса, 1966 жылғылар балалар ойын алаңын, 1978 жылғылар жазғы сахна мен жолаушылар үшін екі аялдама тұрғызған. Томпақ елді мекенінде де көше­лер жарықтандырылып, спорт алаңы салынып, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға ескерткіш-белгі қойылыпты. Ал енді кәсіпкер Нұртай Сақипов 10 га алқапқа түрлі жеміс ағашын егіп, өнімін өз жерлестеріне ұсынса, шаруақор азаматтар – Серікбай Серғазиев пен Есенкелді Жарылғасов мұқтаж жанұяларды тұрғын үймен қамтуға қолұшын беріп, үлкен сауап арқалап жүр.

Міне, біздің Тайпақ – жаныңа жапырақ жаяр жақсылар мен атамекенін аялағандар мекені. Осынау жаңашылдықтардың   бастамашысы – ауыл әкімі Болат Шәленовтың Тайпақты одан әрі түлету төңірегіндегі ой-жоспары көп-ақ. Лайым, азаматтың алға қойған межелері жүзеге асқай деп тілейді халқы.

1

Айтпақшы, Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептегі «Атамекен» өлкетану музейінде ғасырлар жүзіндегі тарихпен қатар, ауылдағы соны өзгерістер мен оңды істер хатталып отырады. Жақсы ырым. Бәрі де қажет. Барыс жылы да бұл жылнама байи түсері шүбәсіз.

Болат Қосжанұлы,

Ақжайық ауданы

Тайпақ ауылы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале