7.10.2022, 10:47
Оқылды: 72

Үдере келген көштен қауіп бар ма?

21 қыркүйек күні Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин «Ресей Федерациясында ішінара жұмылдыру жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа қол қойылып, Президент жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үндеуін жариялады. Өз сөзінде халықты қолдауға шақырғанымен, ресейліктердің басым бөлігі В.Путинді қолдамайтынын ашық білдіріп, бірі көршілес мемлекеттерге, бірі шетелге шекара асып жатыр.

10

«Біз бұл соғысты қаламаймыз»

Әлем жұртшылығының назары – Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығыста. Биылғы 24 ақпанға қараған түні Владимир Путин Донбассқа ресейлік әскерилер енгізілгенін және әскери арнайы операция басталғанын ресми түрде хабарлады. Оның мақсатын елді «демилитаризациялау» деп атады. Алайда Ресей әскері Украинаның өзге қалаларына да соққы берді. Сегіз ай уақыт бойы бейбіт заманның тыныштығын бұзған Ресей Президенті мен жақтастарының әрекеті Батыс елдерінің де, Орта Азия мемлекеттерінің де наразылығын туғызды. Батыстан салынған санкциялар да бұл әрекетке тосқауыл бола алмады. Керісінше, Ресей Президенті ішінара мобилизация жариялап, батыс елдерін айыптады. Тиісті Жарлыққа қол қойылған күннен бастап елден қашқан азаматтар саны артты. Ресми дерекке сүйенсек, 21 қыркүйектен бері елімізге 98 мыңға жуық Ресей азаматы келген болса, 64 мың ресейлік елден шығып кеткен. Ал осы уақыт аралығында сегіз мыңнан астам шетелдік жеке сәйкестендіру нөмірін алған.

Хош. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шекарадағы ахуалдан хабардар болып отырмыз. Көршілес Жәнібек ауданы мен Ресей шекарасындағы жағдай да құзырлы органдар бақылауында. Шекарада кезекте тұрып, Орал қаласына бет бұрған Ресей азаматтары Казталов ауданына да уақытша табан тіреді. Өз елінен безген азаматтармен тілдесудің сәті түсіп, көкейдегі сауалға жауап алдық. Әйтсе де пікір беруге қуана келіскенімен, аты-жөнін жасырып қалуды өтінді. Мақсаты – жанға жайлы орын тауып, қалыпты өмір сүру.

– Біз бұл соғысты қаламаймыз! Себебі украиналықтар – қандастарымыз. Өз бауырымызға қарсы қару алып, жазықсыз халыққа оқ жаудыруға батылымыз жетпейді. Бұл – Ресей халқының емес, биліктің қалаған соғысы. Халықтың 60 пайыздан астамы бұл соғысқа қарсы және елден кетіп жатыр. Ресей халқы, шын мәнінде, татулықты қалайды. Бізге «қашқындар», «Отанын сатқандар» деген сынды айып тағылып жатыр. Егер ел басына күн туып, әлдекім бізге қарсы соғыс өртін тұтатса, аянып қалмаймыз. Отанымызды қорғаймыз, әрине! Алайда бұл соғыстың жөні бөлек екенін әлем елдері де біледі емес пе?! Туған жерімізді, үйімізді тастап кету бізге оңайға соқпады. Мәселен, біз Санкт-Петербургтен Мәскеу арқылы шекараға жеттік. «Альфабанкте» әжептәуір қызметте болдық. Мобилизация жарияланған соң елден кетуді жөн санадық. Біздің есіміміз халықаралық іздеуде жүрген Ресей азаматтарының қатарында болуы мүмкін. Сіздің елдің атқарушы билігі де бізді ұстап берері анық. Әйтсе де жолымыз болмай, ұсталған жағдайда мойныма қан жүктегеннен гөрі түрмеде азап шеккенім артық болар, сірә?! – деді Василий (есімін өзгертуді сұрады) және оның достары.

Олар өмірі қай арнаға бұрылып, болашағы не боларынан да бейхабар. Әзірге бас сауғалар орын тауып, күн көрудің қамына жоспар құру керек. Елінен қашқан ресейліктерді өзге де мемлекеттер қабылдауға әзір. Мәселен, күні кеше Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер АҚШ билігі баспана іздеген ресейліктердің барлығын қарсы алуға дайын екенін мәлімдеді.

«Біз оларды ұлтына қарамастан АҚШ-тан баспана алуға өтініш бере алады деп санаймыз. Сонымен қатар олардың өтінішінің не себептен екені нақты қарастырылады. Біз баспана іздеп келгендердің барлығын қолдаймыз және мүмкіндігінше бізді паналағысы келген кез келген адамды қарсы алуға дайынбыз.

Бірақ сіздер білесіздер, осыған дейін біз соңғы алты айда осы соғыста жүрген украиндықтардың батылдығы туралы және олардың бостандық пен бейбіт өмір үшін қалай күресіп жатқанын айттық. Сонымен қатар ресейліктер бұл соғысты қаламайтынын, олар Путиннің соғысын қолдамайтынын бірнеше рет байқадық», – деді ол.

Ар мен пайда немесе ұлттық болмыс

Ресейліктердің елімізге үдере көшкені сол-ақ екен, қазекем баиймын деп, қалтырайдының күйін кешті. Жол жүру билетінің құны мен пәтер ақысы екі-үш есеге қымбаттады. Барар жері, басар тауы жоқ «ормансыз бұлбұлдар» кісі басына 10 мың теңге төлеп Оралға қатынап, айына 300 мың теңгеге бір бөлмелік пәтерді жалға алып жатыр. Ірі қалалардағы ахуал тіптен бөлек. Пәтер ақысы 600 мыңға дейін барып, ар емес, пайда ойлаған арсыздар паналап отырған отбасыларды, студенттерді бір-ақ түнде қуып шықты. Әлеуметтік желілерде сөмкесін сүйрелеп, қоңыр күздің суығында саябақтарды жағалаған қазақтардың бейнежазбасы қаптады. Батыс өңірде де бұл ахуал орын алып, арнайы құрылған еріктілер бір сәтте уақытша баспанасынан айырылған қазақстандықтарға көмек көрсетудің орнына орекемнің жағдайын маңызды деп тауып, ішер сусыны мен шегер шылымына дейін тегін үлестірді. Бұған жергілікті қоғам белсенділері де қарсы шығып, қоғамның пікірі екіге бөлінді. Бірі еріктілерді қолдаса, енді бірі «Қазақтың қазаққа жаны ашысын» деген ұранды ортаға салды. Ар мен пайда таразыға түскен уақытта ардың құны төмендегеніне қынжылдық. Бұл мәселеге қатысты аудандық мәслихат депутаты Гүлбарам Елтайқызы да өз пікірін білдірді.

12

– Ресей елі азаматтарының елімізге қоныс аударуы заңды құбылыс деп білемін. Себебі кім болса да, бейбіт заманның шырқы бұзылмағанын қалайды. Қарапайым халықтың Отанын тастап, шекара асуы – өте қиын жағдай. Бұл – жазылып жатқан тарих. Біз сонау ашаршылық жылдарындағыдай панамызға алмай, жатсынып, қала берді пайданы ойлап, ардан аттауымыз ата-бабамыздың аманат етіп қалдырған «бауырмашылдық» қасиетіне қиянат жасағанымыз деп білемін. Сонау ХХ ғасырда Сталиннің қанды қылышының, жер аударудың құрбаны болған өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне қоныс аударып, халқымыздың түйіншегін құшақтап, тентіреген адамзатты бауырына басқанын қалай ұмыт қалдырдық. Мен мұны ұлттық сананың төмендігі дер едім. Әрине, бұл көште саясат иісі аңқиды. Дегенмен өмірде саясаттан да биік ұғымдар бар. Мемлекет басшысының өзі БҰҰ мінберінде барша адамзатты татулыққа, бірлікке шақырды емес пе?! – деді жас депутат.

Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева Қазақстанға келген шетел азаматы қазақ тілін меңгеруге тиіс деп санайды. Ол бұл туралы inbusiness.kz порталына берген сұхбатында атап өтті. Тілші Айбек Қосанның «Ресейліктер келе бастағаннан бері желіде «Қазақ жерінде өздеріңізді былай ұстағандарыңыз дұрыс» дегендей ақпараттық сілтемелер тарады. Наталья Григорьевна, сіз қандай кеңес берер едіңіз? Нені ескерулері қажет?» деген сауалына мынадай жауап берді:

– Өте орынды сұрақ. Ресейліктерге айтарым, келген жерлеріңізде қонақ екендеріңізді ұмытпаңыздар. Жергілікті халықтың өз дәстүрі, тұрмысы, ішкі жан дүниесі бар, өзінің дүниеге деген көзқарасы бар. Біздің өз менталитетіміз, былайша айтқанда, діліміз бар. Олар біздің бұл құндылықтарымызға міндетті түрде құрметпен қарауы керек. Ресейліктердің дені транзитпен басқа мемлекеттерге кетеді. Ал біздің елде қалғысы келгендерге айтарым – мемлекеттік тілді үйреніңдер. Егер қазақ жерінде қаламын десе, осыны қаперлерінде ұстасын. Неге десеңіз, тілге құрмет – елге құрмет!

Ресей азаматтарының басым көпшілігі елімізде қалып, қызмет атқарғысы келеді. Бұл мәселеде де алаңдаушылық бар. Дегенмен елде қалар болса, елге, тілге құрмет көрсетсе, нұр үстіне нұр. Ал осы тұста пәтер ақысы мен жол ақысын қымбаттатқан пайдакүнемдердің әрекеті билік назарында болады. Осы мәселе Үкімет отырысында талқыланып, бағаны негізсіз өсіргендерді жауапқа тарту жұмысы жүргізіліп, тұрғын үйді жалға беру нарығы реттелмек. Яғни көлеңкелі экономикаға тосқауыл қойылып, салық төлеместен пәтерін жалға беріп жүргендердің әрекеті заңмен реттелмек. Енді пәтер иесі жалға берушіге сес көрсетпей, пәтерді жалға алушы көшеде тентіремейтін болады.

Маман не дейді?

«Кенеттен үдере көшкен көштен қауіп бар ма?» деген заңды сауал туындады. Бұл сауалды белгілі экономист Мақсат Халық мырзаға да жолдадық. Ол мәселені жүйелі түрде шешпесе, еліміздің экономикасына үлкен соққы болатынын жеткізді.

11

– Иә, қауіп бар деуге болады. Ресейдегі жағдайға байланысты көптеген ресейлік азамат Қазақстан нарығына келіп жатыр. Әсіресе, еңбек нарығына үлкен ауыртпашылық түсуде деп айтуға негіз бар. Себебі жыл басынан бастап Қазақстанға келген ресейлік азаматтар саны 1 млн 660 мыңға жеткен. Бұл – ресми мәлімет. Ресейліктердің барлығы жай ғана турист сияқты демалып кетуге келді дегенге ешкім сенбейді. Өйткені бұл азаматтар, бірінші кезекте, қашып келіп жатыр, екінші кезекте, осы жақта көп уақыт аялдайды. Демек, осы жерден жұмыс қарайтыны түсінікті. Пәтер ақысының қымбаттауы, жол жүру бағасының өсуі – бұл бергі жағы ғана. Ертең азық-түліктің де бағасында қымбатшылық орнайды. Тұрмыстық химиялық заттардың да тапшылығы орын алуына байланысты баға өседі. Үкіметтің ресейліктердің көшіп келуі еңбек нарығында азаматтарға ешқандай бәсекелестік туғызбайды деген уәжін естіп жатырмыз. Мен мұнымен келіспеймін. Өйткені жыл басынан бастап ІТ саласы мамандары келіп, басым бөлігі ірі компанияларға орналасты. Сондықтан бұл – күрделі мәселе. Жұмыссыз жүрген қара халық қатары артатын болады. Бұған бейжай қарауға болмайды. Нақты, тыңғылықты түрде тексерілуі керек. Меніңше, уақытша болса да, форс-мажор жағдайы деп, Ресейден келетін азаматтар толқынын тоқтату үшін Үкіметтен Жарлық керек. Себебі нақты жүйелікпен кіргізбесе, экономикаға қысым болады. Оның кері салдарын көріп отырмыз. Бұған жүйе болмаса, әлеуметтік-экономикалық жағдайымызға, азаматтардың тұрмыстіршілігіне кері залал келуі мүмкін. Одан бөлек рубльдің де ағылуы болып тұр. Ұлттық банк 32 млрд рубльді Ресейге қайтарды деген мәлімет бар. Яғни рубль жиналып жатыр, Ресейдің өз валютасын кері қайтарғысы жоқ. Бұл өз кезегінде қаржы нарығында мәселе туындатады. Егер рубль құнсызданса, біздегі рубльді ұстап отырған банктер үлкен қаржылық шығынға ұшырайды, – деді экономист.

Түйткілді мәселені шешуде асқан қырағылық қажет. Ел мүддесі, ұлттар татулығы, халықаралық мәселе мемлекетімізді де әуре-сарсаңға салар түрі бар. Күні кеше Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов аталған мәселеге қатысты баспасөз брифингінде Минск келісіміне және өзге де халықаралық құжаттарға сәйкес халықаралық іздеуде жүрген ресейлік әскери борышын өтеуге қабілетті азаматтарды еліне қайтаратынын атап өтті. Сонымен қатар мигранттар да, ел азаматтары да «ҚР көші-қон» Заңында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға тиіс екенін жеткізді.

Тарихқа зер салар болсақ, соғыс өртінің тұтануы әр ғасырда бір болатын заңды құбылыс іспетті. Адамзат бұған тосқауыл қоюы керек. Әлем халқы бір-бірімен достық қарым-қатынаста болып, әлемдік ахуалды бірлесе реттеуге тиіс. Саясат адамзатты құрдымға кетірмей, биік белестерге бастауы қажет. Бұны әр мемлекет басшысы, билік тізгінін ұстаған азаматтар ұғынғаны жөн. Біз үшін де, келер ұрпақ үшін де қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүрген маңызды.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале