17.08.2022, 11:30
Оқылды: 115

Үкілеген үміттер үкіде тұрғандай...

Мейрамбек Бесбаевтың орындауындауындағы «үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек» деп басталатын әнді бәрі білетін шығар. Сондағы үкі сөзіне, жалпы үкі қауырсынына мән бере бастағанымызға да көп бола қойған жоқ-ау.

6

Фото дереккөзі: egemen.kz

Қазақ қоғамында қасиетті, киелі саналатын құстардың бірі – үкі. Сәбидің тыныш ұйықтауына көмектеседі деген сеніммен үкі қауырсындарын жас нәрестенің бас киіміне, бесігіне таққан. Ары қарай қыздар әшекей ретінде сәндікке пайдаланған. Құс қауырсынын ертеде қыздар ғана емес, жігіттер де қолданған екен. Батыр  аталарымыз найзаларының ұшына тақса, қазақтың сал-серілері бас киімдерін үкімен әсемдеген. «Бөркіме үкі тағып, сәндеп киіп...» деп өзі жырлағандай, ақын «Үкілі Ыбырай» аталып кеткен, Ыбырай Сандыбайұлы да қазақтың сал-серілеріне тән ортақ қасиетті ұстанған. Сонымен қатар, бұрын сыйлы әрі құрметті мейманға үкі сыйлайтын дәстүр сирек те болса  болған деседі.

Қыз баланың бесігінде үкі тұрса, халық оны екі мағынада қабылдаған. Бірі – тіл-көзден сақтау үшін, екіншісі – «бесік құдалықтың» белгісі деп түсінген. Ертеде қазақтар қызын ұнатқан шаңыраққа барып, болашақ келіндеріне үкі тағып кеткен. Ауылдың жігіттері үкі тағылған қыздың абыройын өз қарындастарындай қорғаған.

Халқымыздың ұмытылып кеткен, қазіргі кезде қайта жаңғырып, қолданыла бастаған салт-дәстүрлерінің бірі – сырға салумен қатар «үкі тағу» рәсімі. Үкі тағу дәстүрінің  бұрынғыға қарағанда басқаша бағыт ала бастағанын соңғы кезде тойға барып жүргендер байқаған да шығар.

Бүгінгі заманда үкінің жасанды қауырсынын сатып алады. Ал бұрын үкіні амалын тауып аулап, құсқа зиян тигізбей мамығын жұлып, өзін өлтірмей тамақтандырып, ұшырып жіберген.

Қыз бала – жат жұрттық, бірақ та бауыр еті баласын жат жерге қию – ата-анаға оңай емес.Үш қызын аялап өсірген аяулы ана Гүлмира Бектұрсынова жақында үлкен қызын ұзатты. Тағы да екі қызын үкілеп өсіріп отыр. Гүлмира ападан осы үкі тағу дәстүрі туралы ой бөлісуін сұрағанмын:

«Халқымызда «қыз мұраты – кету» деген ежелден келе жатқан сөз бар. Біз де тұңғышымызды қазақтың салт-дәстүрімен ұзаттық. Сырға салу ниетімен келген құдайы қонақтарымызды қазақы қонақжайлықпен күтіп алдық. Қызыма сырға салып, басына үкісін тағып жатқанда, көзіме еріксіз жас келді. Ұлттық дәстүрімізді сақтап, ата жолымен келген  құдаларға риза болдым. Сосын тойда тағы да үкі алдымнан шықты. Осы уақытқа дейін қанша тойларда болсақ та, құда түсіп келген қызға үкі таққанын көргеніммен, ұзатылып бара жатқан қыздың құрбыларына үкі тағылған білезіктерді сыйлағанын бірінші рет көрдім. Бұндай дәстүрдің ертеректе болғанын да білмеппін. Ұзату тойында қызымның құрбыларына үкі таратып жатқанын көргенде, басында көзіміз үйренбегендіктен біртүрлі көрінгені рас. Бірақ, кейін ойлап қарасам,  еуропалықтарға еліктеп қалыңдықтың гүлін бір топ қызға лақтырғаннан әдемі көрінеді екен.  Ата-бабамыздың қайта жаңғырған салт-дәстүрі қандай керемет деген ойға келдім. Болашақта осындай әдемі, астарлы ғұрыптың кеңінен қолданысқа енгізілгенін қалаймын» - дейді Гүлмира Бектұрсынова.

Иә, соңғы кездері қыз ұзату тойларда қалыңдықтың құрбыларына ырымдап үкі тарататынын да көріп жүрміз. Бұл «құрбыларыма да осындай күн бұйырсын» деген ниеттен туындаған дәстүр сияқты. Жақында құрбым Айгерім ұзатылды. Тойда тамада бұрынғы сценарий бойынша қалыңдықты гүлімен ортаға шығарды. Қыздарға қарай гүлін лақтыруды сұрады. Айгерім гүл лақтырмайтынын, құрбы қыздарына үкі дайындағанын айтты. Тамада әуелі не істерін білмей сасып қалды да, сосын әзілге айналдырып алып кетті. Мен Айгерімге риза болдым. Өйткені ол өміріне, отбасына ғана емес, тойдағы гүліне де үлкен жауапкершілікпен қарап тұр ғой деп ойладым. Бұрын мұндай дәстүр болмаған деушілер табылар. Болмаса заманына сай жақсы дәстүр шыққан шығар. Әйтеуір, көпшілікке ұнап жатқанын байқап жүрмін.

Үкіде тұрған ешнәрсе жоқ шығар мүмкін. Бірақ өзгенің қаңсығын таңсық қылмай, өз салтымызды  осылай үнемі төрге оздырып отырсақ шіркін.   Үкінің қасиетіне, оның әсемдікке баулитынына халық сенген. Ал «халық айтса, қалып айтайды».

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале