14.02.2024, 22:00
Оқылды: 14

Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын ширату қажет 

Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұршиновтың төрағалығымен аудан әкімі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі консультативтік кеңес отырысы өтті. Бұл шараға үкіметтік емес ұйымның жетекшілері мен бөлім басшылары қатысты.

IMG-20240214-WA0150

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аслан Бижанов баяндама жасап, 2023 жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылған жобалар туралы айтып өтті. Қазіргі уақытта аудан көлемінде 12 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде 11 қоғамдық бірлестік, 1 қоғамдық қор бар.

– Үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарын ширату мақсатында қаржыландыру мәселесі де біркелкі шешіліп келеді. Былтырғы жылы 10 млн 300 мың теңгеге 7 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. 2024 жылы 15 млн 900 мың теңгеге 8 әлеуметтік жобаны іске асыру көзделуде. Азаматтық қоғамды дамыту және оны тиімді жүзеге асыру үшін аудандағы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдары арасындағы іскерлік әріптестікті нығайту бағытында шаралар жалғасын таба береді, – деп атап өтті бөлім басшысы.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков сөз сөйледі. Бүгінде ардагерлер кеңесінің құрамында 2700 ардагер есепте тұр.

– Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен жыл бойына танымдық және мазмұндық бағыттағы шаралар жоспар бойынша өтуде. Биылғы жылға да жоспарымыз ауқымды. Наурыз айының алғашқы күнінен бата беру сайысын өткізгіміз келеді. Аға буын мен жастардың арасындағы ұрпақтар сабақтастығын дұрыс жалғау мақсатында неғұрлым көңілге қонымды, салиқалы шаралар көптеп ұйымдастырылса артық етпейді. Мәселеміз де жоқ емес. Өздеріңізге мәлім, Жаңақала ауданындағы сауықтыру кешені бастамасында полигоннан зардап шеккен азаматтарды сауықтыру мақсатында салынған еді. Қазір заманына қарай бейімделген орталықта екі бөкейліктің бірі барып, ем ала алмайтын деңгейге жеттік. Яғни, диагнозына қарай қабылдайды. Полигоннан зардап шеккен шын науқастарымыз тегін ем ала алмай жүр. Ресми түрде полигонның құрбандары деген мәртебеміз жоқтығынан көп мүмкіндіктен құр қалып жүрген жайымыз бар, – деп өзекті мәселелерді де ортаға салды Тілеген Керейұлы.

IMG-20240214-WA0151

«Нарын жастары» қоғамдық бірлестігінің жылдық есебін бірлестік төрағасы Медет Қаресов баяндады.

– Ауданымыздағы халық саны 15 451 адамды құраса, оның 4 318-і жастар. Осы күнге дейін жастар саясаты саласындағы іс-шараларды іске асыру бағытында 64 шара өтті. Соның 38-і ауылдық, 24-і аудандық, 1-уі республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қайырымдылық, мәдение, танымдық бағытындағы шаралар да жоспарға сай өтті. Аталған іс-шараларымыз туралы әлеуметтік желілердегі түрлі жаңалықтар порталында жарық көрді, – деп бөлісті.

Кеңес соңында аудан әкімінің орынбасары Кенесары Бекболатұлы қойылған сұрақтар мен ұсыныстарға тиісті жауаптар беріп, бірлесіп белсенді жұмыс атқаруға және үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарын ширатуға шақырды. Сондай-ақ, тиісті сала басшыларына хаттамалық тапсырмалар берді.

Нұрай Таубай,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале