17.06.2021, 11:30
Оқылды: 111

Ұлттық дәстүр дәріптелген күн

Кеше Шыңғырлау ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бабалар мұрасы» атты аудандық байқау өтті. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткізілген шара ауылдық округтер арасында ұйымдастырылды.

EC15FAA4-D411-4C59-B8F6-FAA6006096D0

Еліміздің рухани-мәдени құндылықтарын сақтап, халық арасында жаңғыртуды, ұлттық құндылықтарымызды болашақ ұрпаққа насихаттап, рухани бай ұрпақ қалыптастыруды мақсат еткен шарада командалар 5 кезең бойынша сайысқа түсті. Екі бөлімнен тұрған жарыстың алдыңғы үш кезеңі онлайн түрде, видеоролик түсіру арқылы жіберілсе, қалған екі кезең дәстүрлі форматта аудандық орталық саябақта өткізілді.

І кезең командалық таныстыру сайысы, келесі кезең белгіленген уақытқа сиыр сауу, ал ІІІ кезең салт-дәстүрден көрініс көрсету болды.  Саябақ төрінде дәстүрлі форматта құрт жасау, қамшы өру және бауырсақ пісіру сынды сайыстар өткізілді. Әр ауылдық округтен құрамында 5 адамы бар топ қатысты. Және ұйымдастырушы мәдениет қызметкерлері де команда құрамында өнер көрсетіп, қатысушыларға барынша қолдау көрсетті.

  Шара соңында әділқазы алқалары аталмыш шараның маңызы жөнінде айтып өтті. Қамшы өру, сиыр сауу сайыстары жөнінде, баланы бесікке бөлеу, беташар, тұсау кесу сынды салт-дәстүрлерді көрсету бойынша кемшін тұстарын түзей отырып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Барша сайыстарды бақылап, байқау нәтижесін шығарды.

  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген танымды әрі қызықты шараның қорытындысы бойынша Шыңғырлау округі және Шыңғырлау мәдениеті командалары белсене қатысқаны үшін арнайы дипломмен және сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі 3-орынға Ақшат, Ақбұлақ және Ардақ ауылдық округтері ие болса, Ащысай және Алмаз ауылдық округтері 2-орынды қанжығаларына байлады. Ақтау ауылдық округінің командасы шараның жеңімпазы атанды.

 Айбарша Лекерова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале