16.05.2023, 3:18
Оқылды: 66

Ұлттық ойын – ұлт қазынасы

Ұлттық ойындар – ата-бабамыздан қалған асыл қазына. Қазақ халқының ұлттық спорт түрлері өте бай. Халқымыз ежелден барлық мерекелерде жарыс ұйымдастырған.

ұлттық ат спорты 7

Қаламыздың Қызылтал шағынауданындағы ат шабар алаңда ұлттық ат спорты түрлерінен аудандық ашық турнир өтті. Аудандық турнир 7 мамыр – Отан қорғаушы және 9 мамыр – Жеңіс күніне арнап өткізілді. Жарыс жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ және құмай тазыдан тұрды.

-Бүгінгі жарыс Отан қорғаушы және Жеңіс күніне арнап ұйымдастырылды. Жарыс өте тартысты өтті. Ұлттық ат спортынан аудан бойынша жылына 15 шақты жарыстар өткізіліп тұрады. Ұлттық ат спортын жақсы көретін жастарымыздың көбеюі көңілді көтереді. Алдағы уақытта ұлттық ойындарымыздан жарыстар үлкен дәрежеде өтеді деген үміттемін,- дейді «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің басшысы Бауыржан Мухтубаев.

ұлттық ат спорты 8

Жамбы ату – қазақ халқының көнеден келе жатырған ұлттық ойыны. Жамбы ату ойыны – мергендік сынның бір түрі. Қазақ халқы жігіттің мергендігі мен ептілігін сынау үшін жамбы атудан жарыс өткізген. Жамбы атудың ережесіне сәйкес, нысана атудың бірнеше түрі бар. Бірінші, спортшылар бір орында тұрып, биіктігі 1,5 метр, қашықтығы 10 метр нысананы шапшаңдықпен ату. Екінші, қатысушылар жеребедегі кезекпен арнайы жолмен шабады. Шауып келе жатып қапталындағы арасы 30-35 метрден орнатылған, биіктігі 1,5 метр, қашықтығы 10 метр үш нысананы тұсынан өте бере атады. Үшінші, арасы 30-35 метрден орнатылған, биіктігі 3 метр  және 7, 10, 12  метр сияқты түрлі қашықтыққа орнатылған қозғалмалы үш нысананы шауып келе жатып ату.

Жамбы ату жарысы өте тартысты өтті. Жарыс қатысушылары мергенділіктерін сынады. Жарыс нәтижесінде І орын - Ғалымжан Баймұқанов, ІІ орын – Райымбек Сабырғалиев, ІІІ орынды – Эльдар Мифхатов иеленді.

ұлттық ат спорты 10

Теңге ілу - Түркі халықтарына ортақ, ұлттық ат спортына жататын ертеден келе жатқан ойындарының бірі. Теңге ілуші жігіт құйғыта  шауып келе жатқан аттың үстінен еңкейіп,  баяуламастан жерде жатқан, шүберекке түйілген  теңгелерді тез іліп алып, лақтырып отыруы шарт. Теңгені көп ілген ойыншы  жеңімпаз атанады. Қорытындысында Райымбек Сабырғалиев І орын, Эльдар Нифхатов ІІ орын, ал Нұрсұлтан Төлеген ІІІ орынға ие болды.

Аударыспақ – мықтылар қатысатын ат күресі, себебі ол ептілікті, төзімділікті және ер тоқымды тамаша ұстай білуді талап етеді. Екі ат үстіндегі шабандоздар қайсысы қарсыласын ат үстінен түсіре алады деп жарысады. Аударыспақ үшін атты таңдап алуда маңызды. Олардың шапшаң, әрі күшті болуы қажет.

Аударыспақтың 60 келі салмақ дәржесінде Бекнұр Абдрахманов (Ақсай қаласы), 70 келіде Махамбет Амангелдиев (Шыңғырлау ауд.), 80 келіде Дәурен Исламбеков (Шыңғырлау ауд.), 90 келіде Жұбаныш Темешов (Шыңғырлау ауд.), 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Нұрқанат Теңізбайлар алдыңғы қатардан көрінді.

ұлттық ат спорты 3

Құмай тазы даланың ұлы құндылығы, қазақ халқының жеті қазынасының бірі. Тазыларды тұқымына қарай қазақтар құмай, құмай тазы, таза қандылығы мен түгіне қарай; құны, құны таза, будандасқан болса; дүрегей, дүрегей тазы, қайын, қайын қаптал деп бөледі. Жүйріктігі желмен бірдей қазақы иттердің ұшқырлығы, ептілігі, қырағылығы сыналды. Тазы – өте ақылды, асыл жануар. Құмай тазы жарысында Нұрболат Ақпановтың Көкше атты тазысы жеңді.

ұлттық ат спорты 8 (1)

  • Мен ұлттық ойындарды қарағанды жақсы көремін. Ұлттық ойындардан ауданымызда жарыс өткізілсе, әрқашан қалмауға тырысамын. Бүгінгі күні қатысушылардың арасында жастарымыздың қарасы көп. Ұлттық ойындарымызды ұмытпай, осындай жарыстардың көп болғаны көз қуантады, - дейді қала тұрғыны Сәбит Халықов.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің тиісті дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.

 

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале