2.06.2026, 19:00
Оқылды: 7

Ұлттық өнерді ұлықтаған ұстаз

«Өнер – таусылмас қазына, ұлттың рухани байлығы» дейді дана халқымыз. Бүгінде сол асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп жүрген жандар арамызда аз емес.

image-02-06-26-06-57

Сондай еңбекқор да өнегелі жандардың бірі – Қуағаш негізгі мектебінің технология пәні мұғалімі, қолөнер шебері Нұржамал Құлмағамбетова.

Ол 1965 жылы Шыңғырлау ауданында дүниеге келген. Бала күнінен еңбекке жақын болып өскен ол қолөнерге деген қызығушылығын анасынан алған тәлім-тәрбиемен ұштастырды. Анасының ісмерлігі мен ұқыптылығы болашақ маманның өмірлік бағытын айқындауға ықпал етті.

1982 жылы Тасмола орта жалпы білім беретін мектебін тәмамдаған соң, білімін жалғастырып, 1985 жылы Орал қаласындағы техникалық училищені әйелдердің жеңіл көйлектерін тігу мамандығы бойынша аяқтады. Жас маман еңбек жолын тұрмыстық комбинатта бастап, кәсіби шеберлігін шыңдай түсті. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, әр бұйымға жан жылуын қоса білген тігінші аз уақыттың ішінде әріптестері арасында беделге ие болды.

Алайда нарықтық кезеңнің қиындықтары көпшіліктің тағдырына әсер еткені белгілі. 1995 жылы тұрмыстық комбинат жабылғаннан кейін Нұржамал апай ауылдағы әртүрлі маусымдық жұмыстарға араласып, еңбек етуден ешқашан қол үзген жоқ. Қандай жұмыс болса да адал атқарып, отбасының берекесін сақтауға өз үлесін қосты. Бұл оның қайсарлығы мен еңбекқорлығының жарқын көрінісі еді.

2002 жылдан бастап Қуағаш негізгі мектебінде технология пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Ұстаздық қызметті таңдаған ол білімін жетілдіру мақсатында Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде оқып, мамандығы бойынша кәсіби даярлығын нығайтты. Содан бері талай шәкірт тәрбиелеп, қыз балаларға тігіншіліктің, қолөнердің қыр-сырын үйретіп келеді.

Ұстаздың өмір жолы тек еңбекпен ғана емес, өнегелі отбасылық құндылықтармен де өрілген. 1986 жылы ауыл азаматы Ғабит Құлмағамбетовпен шаңырақ көтеріп, төрт бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балалары жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тауып, түрлі салада еңбек етуде. Ана ретінде балаларына мейірім мен тәрбие берсе, жар ретінде өмірлік серігінің қиын кезеңдерінде жанынан табылып, қамқорлық пен төзімділіктің үлгісін көрсете білді.

Нұржамал Құлмағамбетованың  ұстаздық жолындағы басты ерекшелігі  ұлттық құндылықтарды дәріптеуге деген ерекше ықыласы. Ол технология сабағында оқушыларға тек бұйым жасауды ғана емес, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен салт-дәстүрін де танытып келеді. Әсіресе соңғы жылдары жүн өңдеу, киіз басу, текемет жасау өнерін жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп жүр.

Оның жетекшілігімен мектеп оқушылары жүннен түрлі бұйымдар жасап, ұлттық қолөнердің қыр-сырын меңгеруде. Бұл жұмыстар республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі көрмелерде көрсетіліп, жоғары бағасын алды. Мұндай жетістіктердің артында ұстаздың табанды еңбегі мен шығармашылық ізденісі жатыр.

Ұлттық өнерді насихаттаудағы мақсаты туралы Нұржамал апай былай дейді:

«Қазақ халқының тұрмысында жүннің орны ерекше болған. Біздің әжелеріміз бен аналарымыз жүнді кәдеге жаратып, тұрмысқа қажетті көптеген бұйымдар жасаған. Қазір сол өнер түрлері ұмытылып бара жатқандай көрінеді. Сондықтан оқушыларға жүн өңдеуді, киіз басуды, текемет жасауды үйрету арқылы ұлттық мұрамызды сақтауға үлес қосуды мақсат еттім. Жүннен жасалған бұйымдар табиғи, экологиялық таза әрі денсаулыққа пайдалы. Ең бастысы – балалар еңбекке баулынады, ата-баба дәстүріне құрметпен қарауды үйренеді».

Шынында да, бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтаудың бір жолы дәстүрлі өнерді ұрпақ санасына сіңіру. Осы бағытта аянбай еңбек етіп жүрген Нұржамал Құлмағамбетованың еңбегі зор құрметке лайық.

Көп сөзге жоқ, сабырлы мінезімен, инабаттылығымен ерекшеленетін ұстаздың әрбір ісінен жауапкершілік пен ұқыптылық байқалады. Оның өмір жолы адал еңбек пен табандылықтың, отбасы құндылығы мен ұлттық мұраға деген сүйіспеншіліктің айқын үлгісі.

Бүгінде шәкірттеріне өнер үйретіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген Нұржамал Тыныштыбайқызының еңбегі кейінгі буынға өнеге, қоғамға үлгі болары сөзсіз. Осындай жандар барда халқымыздың бай мұрасы ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіні анық.

Сара Әділ, 

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале