18.07.2022, 20:22
Оқылды: 284

«Үш сиырдың құнына бір дөңгелек сатып ала алмау не деген сұмдық?»

Бүгін Сырым ауданына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова келді.

IMG_8862

Сенаторлардың жұмыс сапары «Жібек жолы» шаруа қожалығының Жымпиты ауылдық округінің іргесінде орналасқан егістік алқабын аралаудан басталды.

«Жібек жолы» - Тәуелсіздікпен бірге шираған шаруашылық. Жаңа ғасырдың басындағы нарықтық тәжірибелерден тайғанақтамай өтіп, іргелі ісхана болып қалыптасты. «Жібек жолы» бүгінде бизнесте әртараптылықты ұстап отыр. Асыл тұқымды малдың басын көбейту, жол бойындағы сервис, мейрамхана, сауда сияқты салалардың қатарын былтыр егін шаруашылығы толықтырды.

IMG_8845
«Жібек жолы» шаруа қожалығы осы көктемде 3 764 га жерді өңдеп, оның 2682 гектарына егін салды. Бидай, арпа, тары, күнбағыс, мақсары және судан шөбінен бөлек, шаруашылық биыл тәжірибе есебінде күнбағыстың жаңа сортын және жүгері дәнін шашты.
Қожалық басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Парламент өкілдеріне ауылшаруашылық саласының негізгі мәселелерін айтты:
«Ауыл – ел бесігі» - деп бағдарлама іске қосамыз, «Қазақстанның болашағы – ауылшаруашылығында!» - деп ұрандатамыз. Бірақ, үкіметтен ауылдағы тауар өндірушілерге көңіл бөлініп жатқан жоқ. Мал асыраймыз, етін шекара сыртына экспорттай алмаймыз. Ал Ресей Федерациясының фермерлері дайындаған ет, егін өнімдері елге еркін енуде. Батыс Қазақстанда орыс тауар өндірушілерінің қоймалары да бар. Осының бәрі бағаға әсер етеді. Айналып келгенде, ауылдастар ақадал малының етін арзанға сатуға мәжбүр.
Жазғы далалық жұмыстар – шығыны көп шаруаға айналды. Мал азығын дайындау үшін де, егін ісіне де сапалы техника керек. Ауылшаруашылық машиналарын былай қойғанда, агрегаттарының өзі заманауи жол талғамайтын көліктердің құнынан қымбат. К- 700 тракторының бір дөңгелегін былтыр 248 мың теңгеге сатып алдым. Биыл бұл баға 670 мың теңгеге жеткен. 3 сиырға 1 дөңгелек сатып ала алмау деген не сұмдық?
Техникалар – шетелден, агрегаттар – шетелден, олардың қосалқы бөлшектері де – шетелден. Қазақстан болт та шығармайды. Өндірісті жолға қоятын уақыт жетті ғой. Әйтпесе, ауыл еңбеккерлері көрші мемлекеттерді асырап отыр, - деп ашынды Ғанимат Нұрмұханов. Шаруалардың бұл жанайқайы Сенат қабырғасында жаңғырады деп сендік.

Кейін Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова және Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Бибігүл Қонысбаева Сырым аудан әкімдігінің мәжіліс залында халықпен кездесті. Жергілікті депутаттар, қоғам белсенділері, шаруашылық жетекшілері, ауыл тұрғындары, мемлекеттік қызметкерлер қатысқан кездесуде сенаторлар заңдағы жаңа өзгерістер туралы баяндады. Сырымдықтар Қаңтар оқиғасына әділ баға беру, әйелдердің зейнет жасын төмендету, мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізу, Үкімет министрліктерінің жұмысын қайталайтын ұйымдардың жұмысын тоқтату туралы мәселелер көтерді.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале