7.11.2023, 12:15
Оқылды: 5186

«Ұшынып кеттім. Картобы көгеріп, қап-қара болып кеткен»

 

«Аудан орталығындағы мейрамхананың біріне тойға барған едім. Мейрамхана әдемі безендірілген, мін жоқ. Дастархан басына жайғастық. Ортаға ыстық тағам келді. Дәлірек айтсам, картоп пен ет келді. Үстел басында отырған қонақтар кезекпен кезек тәрелкелеріне ыстық тағамнан салып алды. Мен де салып алып, жей бастағаным сол еді, арасынан газеттің қиындысы шыға келгенде, не істерімді білмей қалдым. Ысырып тастап жей берейін бе, әлде мейрамхананың басшылығына көрсетсем ұятқа қалар ма екем деп ойланып отырдым да, «қой өзімнің қазағым ғой, ұят болар, көрсетпей-ақ қояйын деп шештім» деген кезекте тұрған бір апайдың әңгімесін құлағым шалып қалды.

mantoo-60647_1280

Фото: иллюстрация pixabay.com

Таң қалған жоқпын. Неге? Өйткені Жәнібек аудандағы қоғамдық тамақтандыру орындары, яғни мейрамханалар мен дәмханалардың санитарлық жағдайы мәз емес. Оған аудан тұрғындары да куә. Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысалдарға жүгінейік.

Жәнібек ауылының тұрғыны Фатима Нұрланқызының (есімі өзгертілген) айтуынша, орталықтағы «Sultan Kebab» атты дәмханада жұбайының қуырдағынан қылшық шыққан екен.

 - Аталған дәмханаға достарымыз шиыршыққа шақырды. Бардық. Тағамға қуырдақ ұсынды. Енді жей бастаған кезде жолдасымның тәрелкесінен ұзын қылшық шықты. Сонымен қатар наннан көгерген иіс шығып тұрды. Өте жағымсыз болды. Басшылыққа айтпадық та, қылшықты көрсетпедік те. Сол уақыттан кейін ол дәмханаға бармадық. Тағы бір жағдай «Бекнұр» дәмханасында болды. Мерейлі 30 жасқа шақырды. Жаз. Күн ыстық. Пиццаға тапсырыс берген екен. Ол пиццаны сыртқа пісірген бе, түсінбедік. Әйтеуір сол пиццаның қамырына көбелек жабысып, ол бірге пісіп келген. Осы келеңсіздіктен кейін дәмхана басшылығы кешірім сұрап, орнына басқа пицца ауыстырып әкелді, - деді Ф.Нұрланқызы.

Тағы бір ауыл тұрғыны Гүлім Арманқызы жұбайымен «Sultan Kebab» дәмханасында қуырылған мантыға тапсырыс беріп, оны жегеннен кейін қатты ауырып қалған екен.

 - Түскі ас кезінде асығыс болғасын дәмханадан қуырылған мантыға тапсырыс бердік. Мантыны тістеген кезде ішіндегі картобы көгеріп, қап-қара болып кеткен. Бірақ қарным ашып тұрғаннан кейін оған мән бермей жеп алдым. Көңіліме алып қалдым. Сол кезде фотоға түсіріп немесе барып айқай шығарып, кері тапсырып, ақшасын қайтарып алуға, болмаса арыз-шағым кітапшасына жазып кетуге болатын еді, бірақ ешқандай әрекет еткен жоқпыз. Себебі Жәнібекте «Sultan Kebab-тан» басқа fast food жасап, сататын дәмхана болмағандықтан, барлығы сол жерден алып тамақтанып отырғаннан кейін және сол баяғы «өзіміз ғой» дедік те көз жұма қарадық. Дейтұрғанмен әрекет етуіміз керек еді. Қандай келуші болса да ұнаса, ұнағанын, ұнамаса, шағымын айту керек. Сол қателіктерден дәмхана басшылары сабақ алып, түзелу қажет. Айтпағым, сол жеген мантыдан үш күн құсып, ішім өтіп, қатты ауырып, бір сөзбен айтқанда, өліп-тірілгенім бар. Жолдасым да ауырды. Екеуміз бірге қатты ұшынып кеттік.

Мен сияқты «өзіміз ғой» деп, бәріне көз жұма қарайтындар көп деп ойлаймын. Бұл әңгіме өзара жиналған кезде ортада айтылады да, бірақ сол дәмхана мен мейрамханалардың басшыларына жетпей қалады. Мүмкін жетіп те жатқан шығар, дегенмен тіке барып ешкім айтпайды. Менің де қателігім сол еді. Үндемей қалғанымның себебі бар. Біріншіден, шағымым еленбейді, екіншіден, аудан орталығында бір-біріне бәсеке болатындай дәмхана жоқтың қасы. Бәрібір халық түбі солардан алатынын біледі. Сол үшін олар менің айтқанымды елемейді. Босқа жаман атты болмай, бір жағынан айтпай-ақ қояйын дедім. Мүмкін бәсеке болса, сапаға көңіл бөлінер ме еді. Адамның өмірімен ойнауға болмайды. Аллаға шүкір, біз жазылдық. Бірақ уланып, өліп кетіп жатқандар қанша?. Қоғамдық тамақтандыру орындарын СЭС неге тексермейді деген сұрақ туындайды, - деді ызаланған Г.Арманқызы.

Осы ретте аудандық газеттің тілшісі Ақтілек Әлібекұлы да өз наразылығын білдірген еді. Ол аудан орталығындағы Х.Чурин көшесінде орналасқан №1 асханадан (қазіргі кезде жабылып қалды) бөрек алған екен. Ішіндегі самсасы түгелдей көгеріп, сасып кеткен. Ақтілек оны көрді, әрине жемеді. Ол тағам қанша күн тұрып қалды немесе оны қаншасы жеп ауырды, ол бізге беймәлім.

Сол сияқты жәнібектік Мөлдір Жұмағазиева да өз ойымен бөлісті. Оның сөзіне сүйенсек, тағы да сол «Sultan Kebab-тың» жыры. Дәмхананың артқы жағынан жазғы кафе ашылып, ондағы тазалықты көріп «жағасын ұстаған» болған. Үстел үстінде тарақандар «өз үйінде жүргендей» толып жүрген, баяғы сол қылшық, донердің ішінен сіріңкелер табылған, одан бөлек артқы жағындағы күл-қоқыстың иісі (әсіресе жел тұрғанда) «таза ауада отырмаңдар» дегендей мүңкіп тұрған. Шағымдар айтылған, бірақ басшы тарапынан еш әрекет болмаған. М.Жұмағазиеваның айтуынша, ол аталмыш дәмхананың асханасын көрген екен. Тазалық мүлде сақталмаған, тарақандар, соның ішінде қызыл тарақандар өріп жүрген көрінеді. «Sultan Kebab-тан» бөлек, «Бәйтерек» деген дәмханадан сушиге тапсырыс берген Мөлдір Әбілахатқызы «оның ішіндегі балығы сасып кеткен» деп сөзін түйіндеді.

Ауыл тұрғындарынан бірнешеуінің ғана пікірін келтірдік. Осыларға ұқсас пікір өте көп.

Аудан орталығында жеті қоғамдық тамақтандыру нысаны бар. Осы асханаларда өзіміз де түстенеміз, кешкі ас ішеміз. Сонда аспаздардың бөлкелерді жалаң қолмен алып беріп жатқанына тіксініп қалатынымыз бар.

Кейде тамағына, кейде ыдыс-аяғына қарап, ішіміз қылп ете қалатын кездер болады.

         Қоғамдық тамақтандыру орындарындағы антисанитариялық жағдайларды, ауыл тұрғындарының пікірлерін басшылыққа ала отырып, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Қамарсұлу Қадырбайға жолыққан едік.

         -Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінде эпидемиологиялық маңызды нысандардың қатарына енетін нысандар атқаратын қызметіне сай нормативтік-құқықтық актілермен (НҚА) санитариялық талаптарға сәйкестендіріледі. Түрлі деңгейдегі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін келушілер мен персоналға арналған раковиналар қол жуу, өңдеу, сүрту немесе кептіру құрылғыларымен және құралдармен жарақталады. Медициналық тексеріп-қараудан, гигиеналық оқытудан өткендігі туралы белгісі және жұмысқа рұқсаты бар әр жұмыскердің жеке медициналық кітапшасы жұмыс орнында сақталады. Сол сияқты нысан күнделікті жұмыскерлерде іріңді аурулардың, шағын жарақаттардың болмауына бақылау жүргізеді.

Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге салынған мораторий мерзімі 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды. Жарлық жарияланғанша қандай шешім болатыны әзірге белгісіз. Жоспардан тыс тексерулер аноним жолданым болған жағдайларда жүргізілмейді. Нақты бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты анықталған және осы жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған фактілер мен мән-жайлар жоспардан тыс тексеруге жатады.

Қоғамдық тамақтандыру саласы қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады. Себебі бұл сала халықтың барлық тобының мүдделеріне әсер етеді. Осы себепті қоғамдық тамақтандыру орындарындағы әрбір кәсіпкер қоғамдық тамақтандыру қызметтерін көрсету кезінде жұқпалы аурулардың қаупін азайту мақсатында санитариялық және эпидемияға қарсы (профилактикалық) шараларды қамтамасыз етуі тиіс, - деді Қамарсұлу Ғарифоллақызы.

P.S «Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылауды барып жүргізуді тоқтатсын» деп жазылған Жарлықта.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнестің дамуына заңсыз кедергі келтіретіндердің бәрі заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылатынын айтқан еді. Жақсы, айтылсын, тартылсын. Бірақ адам өмірі, оның денсаулығы бірінші орында болуы керек. Мораторий аяқталғаннан кейін оның кері жалғасып кетпесіне кім кепіл? Сол себепті аудан тұрғындарының назарына! Үйде ауырып, өздеріңіз дәрігер болып емделіп жатпай, нақты кінәлілерді жазалау қажет екенін естен шығармаңыздар.

 

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале