2.03.2022, 10:30
Оқылды: 61

Ұстаз аты өшпейді

...Ұстаздың үлгі етпесе нұрлы істерін,

Елде осы жоғалардай үрдіс керім.

Ең ұлы міндет артып иығына,

Қоғамның қалайды олар кірпіштерін.

Арды ойлап, ертең үшін салады аттан,

Ешқашан аттап өтпей аманаттан.

Тірлікте ең бейнеткер жандар олар

Арқалап болашақты бара жатқан.....- деп  жырлаған ақын Ғайсағали Сейтақ ағамыз бұл өлең жолдарында ұстаздардың зор еңбегі мен  асқақ бейнесін еріксіз көз алдыңа елестетеді.

WhatsApp Image 2022-03-02 at 10.25.45

Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған тұлға саналы ғұмырын ұстаздық жолына арнаған, өз саласының үздігі ретінде шәкірттерінің жүрегінен орын алған, ұстаз деген атқа кір келтірмей, өз мамандығына шын берілген ізденімпаз, Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің озық қызметкері – Мәжит Әшенов жайында болмақ.

Ол 1914 жылы 1 қаңтарда Орда ауданы, Шоңай ауыл кеңесінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Әшен Арықов түйеші, анасы Арықова Бақтылы үй шаруасындағы адам болған. Отбасында төрт ағайынды. Інілері Хайруш Ұлы Отан соғысының ардагері болса, Сәрсенбайы ауданда тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш мешіт ашып, имам болса, қарындасы Мақпал да мұғалім болған.

Мәжит Әшенов Орда орта 7 жылдық мектебінен білім алып, шаруашылыққа ерте араласып, 1929-1930 жылдары Шоңайда жұмыс жасаған. Кейін 1932-1936 жылдары Покровский атындағы Орал мемлекеттік педагогикалық институтында физика-математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алады. Елімізге танымал физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асан Таймановпен бір курста оқып, Орал педагогикалық институтының алғашқы түлектерінің бірі болғандығына сақталған фотосуреттері дәлел.

Еңбек жолын 1936-1941 жылдары Орал облысы, Тайпақ ауданында Қызылжар орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі, осы мектептің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

Отанымыздың басына түскен сұрапыл соғыс басталған жылы Орда ауданына оралады. Отанын қорғау үшін әскерге сұранғанына қарамастан, жоғары білімді азаматтар қатарында болып, елде«броньмен» қалдырылған. 1941 жылы  М.Горький атындағы Орда орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісі қызметін атқарған.

1939-1941 жылдары Орда мектебінде 1090 оқушы білім алған. Сол кезеңдерде ауданда екі ғана орта мектеп (біреуі - Азғырда) болған.

Осындай қилы кезеңде 1942 жылы біздің кейіпкеріміз М.Горький атындағы Орда орта мектебіне директор болып тағайындалды. Ел басына күн туған шақта мектептерде де ахуал өте төмен болды. Қазақ балаларымен бірге еліміздің әр түкпірінде өзге ұлт өкілдерінің балалары мектептерде білім алды. Жасы жеткен оқушыларда әскерге кетуге мәжбүр болды. Себебі кей оқушылардың жастары ұстаздардан да үлкен еді. Осындай жағдай Орда орта мектебінде орын алды.  Елімізге көптеген өзге ұлт өкілдері көшіп келді, солардың қатарында еврейлерде болды. Доннер, Сафро, Гитлин, Сонфер деген балалар мектепте оқыған. Сонфер деген еврей баласы Орда орта мектебін алтын медальмен бітіріп, Бухарест университетіне түскен.

Кейін партия қатарына өткен жас коммунист Мәжит Әшеновті 1943 жылдан бастап, партиялық жұмыстарға жұмсады. 20 жылдан астам уақыт бойы Орда, Қаратөбе, Тайпақ аудандарында басшылық қызметтерде болды.

Мажит

1966-1974 жылдары зейнеткерлікке шыққанға дейін Ақжайық аудандық Восход орта мектебінің директоры қызметін атқарды.

Ұзақ жылдардағы жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеудегі еселі еңбегі бағаланып, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің «Құрмет» грамотасымен, 1974 жылы «Қазақ ССР-нің Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен және «Тың жерлерді игергені үшін», 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы «Еңбектегі ерлігі үшін», Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің «Үлкен күміс медалімен», В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Ерлік еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.

«Ұстаз еңбегі– шәкірт жетістігімен бағалы» дегендей, көп шәкірті ұстаз жолын жалғастырып, түрлі салада жоғары деңгейде қызметтер атқарған. Мәжит Әшенұлы 1996 жылы дүниеден озған.

Мәжит ағамыз 1943 жылы Уасиля Жақсымбетовамен отау құрды. Уасиля апай соғыс кезінде Орданың жетімдер үйінде тәрбиеші-ұстаз болып қызмет еткен. Екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Қыздары Сәуле мен Рита әке жолын қуды. Сәулесі балабақшада тәрбиеші болса, Ритасы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, шәкірт жүрегіне жол тапқан жоғары санаттағы ұстаздардың бірі болған. Қазіргі таңда Елорда тұрғыны.

Рита апамыз өзінің әкесі туралы: «Әкем қарапайым, мейірімді, ашулануды білмейтін өте сабырлы жан еді. Анам екеуі ел басына күн туған шақта панасыз қалған Сабила апай мен қызына қамқорлық танытып өскенше өз үйлеріне паналатқан. Бақтылы деген балалар үйінің тәрбиеленушісін өз қамқорлықтарына алып, өскенше оқытып, тәрбиелеген жанашыр жандар еді», - деп еске алды.

Мәжит Әшеновтың құжаттарын музей-қорығына інісі Сәрсенбай ағаның қызы Айман Әшенова апа тапсырды. Қосымша мәліметтерді қызы Рита ұсынды. Қорымызды жаңа мәліметтермен толықтыруға, сонымен қоса мақаламызды тың деректермен толықтыруға өз үлестерін қосқан  апаларымызға алғысымды білдіремін.

Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздардың ізгі де, игілікті ісін кейінгі ұрпақтың біле жүргені жөн деген мақсатта қолға қалам алдық. Өйткені, ұлағатты ұстаздың қалдырған ізі мәңгілік өшпесі хақ.

Нұрзада Хамитова,

Хан Ордасы музей-қорығының экскурсия

 жүргізушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале