10.03.2022, 16:20
Оқылды: 47

Ұстаздық – мәртебелі мамандық

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – мұғалім. Орақ тілді ақын да, ғылым иесі ғалым да, жаужүрек батыр да, егін еккен диқан да, мал бағар шопан да, ел басқарған басшылар да барлығы ұстаздан тәлім-тәрбие мен білім алады. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, ұстаздың берген тәрбиесі мен өнегесі, білімі баланың өміріне азық.

08

Мұғалім болуды асқақ арман еткен, бақытын еңбектен тапқан, бүгінгі таңда еңбегімен ел арасында шәкірт махаббатына бөленген тәжірибелі ұстаз,  отбасында бақытты ана, ардақты әже жаңақалалық Бисенова Қарлығаш Бақтығалиқызымен мереке қарсаңында әңгімелескен едік. Соны қалың оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

05

Арман – адам қанаты

- 1963 жылы Жаңақала ауданының Бірлік ауылына қарасты Үшкемпір елді мекенінде дүние есігін аштым. Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебін тәмамдадым. Бала күнімнен мұғалім болуды арман етіп, білім нәрін сусындатқан ұстаздарыма еліктеп, шәкірт тәрбиелесем деген мақсатым ұстаздық жолға алып келді. Ата-анам маған үлкен үміт артты. 1984 жылы Орал педагогикалық училищесінің күндізгі бөліміне қабылданып, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын,  2005 жылы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, диплом алдым.

1985-2017 жылдар аралығында туып-өскен мекенім Үшкемпірде ұстаздық жолымды бастадым. Оның 15 жылында мектеп меңгерушісі қызметін атқардым. Осы ауылдың азаматы Жақсыбай Өтешқалиевпен бас қосып, 32 жыл ауыл мектебінде бастауыш сыныпқа сабақ бердім. Жолдасым өмірден ерте кеткенімен ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырып, бір-бір маман иесі етіп тәрбиеледім. Мектебіміздің бала саны азайып, жабылуына байланысты ауданға қоныс аудардық. Мектептерде оқу жылы басталуға жақын қалғандықтан орын болмады. Сол себепті пәтер жалдап, отбасымнан жырақта, 2017 жылы Пятимар округіне қарасты Борық ауылына мұғалім болып келдім. Кіп-кішкентай балаларға әріп танытып, санауды үйретіп, ұстаздық қызмет етіп жүргеніме 36 жыл.

06

Ұстаз жүгі – ауыр жүк

- Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қиындықтардан өтуге тура келеді. Әр сабаққа жетік әзірленіп, балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім-тәрбие беру, адамгершілік қасиеттерін бойына дарыту, еңбекқорлыққа тәрбиелеу оңай шаруа емес. Ал олармен сырласып, түрлі шаралар ұйымдастыру, аптаның 5 күнін бірге өткізу, бір уақытта өзіңді бала сезіну – ерекше бір қызықты кезеңдер.

Көп мамандықтың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық жол. Көп жылдық еңбегімді, бойларына дарытқан білімімді шәкірттерім өмірде пайдаға асырып жатса, сол мен үшін бақыт. Жұмыстан шаршадым, қажыдым деп айта алмаймын. Мектепке келгенде оқушыларымды көріп бәрін ұмытып кетемін. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсем де, «болдым, тойдым, шаршадым, бәрін білемін» - деп айтып көрмеппін. Жалпы ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өмір бір орында тұрмайды, алға жылжып отырады. Сол себепті жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін әрдайым ізденіп, біліктілікті арттырып отыру керек деп санаймын. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты шығармашыл, білімді болу керек.

Ұстаздық жолды таңдауда қазіргі жастардың қызығушылығы өте жоғары. Техниканың дамыған уақытында өз білімдерін жетілдіріп, мұғалім мамандығын таңдап, қызмет етіп жүрген жастар жетерлік. «Оқы, оқы және оқы!» -  демекші жас ұстазға өте білімді болыңыз  дер едім. Қазіргі уақытта ұстазға көмекші құралдар, дайын әдемі көрнекіліктер, ғаламтор желісінде ақпараттарда жетерлік. Бұрын біз осы көрнекіліктің барлығын қолдан сурет салып, қиып жасадық.

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегін кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға! – деп һәкім Абай жырлағандай өмірдегі ұстанымым оқу, үйрену, жүрегіңнің дүрсілі таусылғанша  еңбек ету! Кейінгі артымыздан ерген жас мамандарға айтар болсам, сабырлы болып, балаларды өзіне жақын тартып, жақсы көріп, шәкірт жүрегінен орын таба біл дегім келеді. Ұстаз болу үшін батылдық қажет – деп кеңес айтып өтті Қарлығаш Бисенова.

Есімде қалған естелік

- Бұрынғы оқушылар мен қазіргі оқушылардың аралығы жер мен көктей. Бұрынғы уақытта ауылдарда балабақша, мектепке дейінгі оқыту болған жоқ. Қалам ұстап көрмеген балалармен жұмыс жасадық. ХХІ ғасыр балалары қолдарында ноутбук, смартфон, яғни ақпарат көздерінің барлығы қолдарында жүр. Олардың ойлау қабілеті де жоғары. Қазіргі балалардың ерекшелігі көп. Кей жағдайда сұрақтарының өзі тосыннан болып қалады.

Мектеп табалдырығын енді аттаған балалармен оқу жылын бастап кеткен болатынбыз. Алдымен оқушыға жазуға, әріп тануға бейімдейміз ғой. Дәптерлеріне қызыл сиямен үлгі ретінде әріптерді салып береміз. Содан барлық бала жазып отыр да, бір ғана бала жазбай отыр екен. «Неге жазбай отырсың?» - деп сұрасам, есімі Ерғали «менде қызыл сия жоқ» деп жауап бергені бар. Қызыл сиямен толтырып жазу керек екен деп ойлаған екен. Осындай қызықты жайттар өте көп. Бір айта кететіні, шағын жинақталған мектепте қызмет еткен соң, кей уақыттарда екі сыныпты қосып, сабақ өткізетін уақыттарымыз болды. Бір уақытта екі сыныпқа сабақ түсіндіру қиындау. Екі сыныпқа екі сабақ жоспары, екі түрлі көрнекілік дайындаймыз. Осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін, қайта ұзақ жыл еңбек етіп, алдымда бас иіп, құрметтейтін шәкірттерім барына қуанамын және ризамын. Ендігі уақытта еңбек жолым – зейнеткерлікке ұласуға аз ғана уақыт қалды. Ендігі арманым – зейнет жасына аман-есен жетіп, балаларым мен немерелерім ортасында алаңсыз демалу – дейді Қарлығаш апай.

Сыйлық -  сыйластық

- Жылда 8 наурыз мерекесі қарсаңында шәкірттерім құттықтау айтып, гүл шоқтарын ұсынып жатады. Үлкен маман иесі болып жүрген шәкірттерім де еңбегімді бағалап, еш ұмытқан емес. Мерекелерде құттықтап, әрдайым жағдайымды сұрап тұрады. Отбасыда балаларымда әрқашан құрметтеп, аяулы анамыз деп мерекелерде ескерусіз қалдырмайды. Шәкірттерім, балаларым адами қасиеттерін жоғалтпай, сыйластық танытып жүрсе, соның өзі маған ең үлкен сыйлық.

8 наурыз – көктемнің шуақты күнінде аналарымыздың, нәзік жандыларымыздың ерекше мейрамы. Барлық әйелдер қауымын, әріптестерімді, апа-жеңгелерімді, қыз-келіндерімді мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! – деп ақжарқын тілегін білдірді.

Мерзат Бақтығалиев, шәкірті Алматы Технологиялық университетінің  грант иегері:

07

- Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Қарлығаш Бақтығалиқызы өте кеңпейіл, мейірімді, әр сабағын жүрекпен түсіндіретін ұстаз. Менің қазіргі күнге дейінгі жетістігім осы алғашқы ұстазым Қарлығаш Бақтығалиқызының арқасында деп білемін.

Арайлым Айденова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале