28.07.2021, 17:08
Оқылды: 110

Ұзынкөлде үлгі болар іс бар

Былтыр теректіліктер жақсы іс бастап, ұжымдық көкөніс-бақша салуды қолға алған болатын. Бірінен-бірі кем қалмай, ұжым болып жер жыртып, дақыл тіккен ағайын күзде сол еңбегінің жемісін татты.

ужым

Ұзынкөлдіктер былтыр ұжымдық бақшаны Барбастау өзенінің жағасына салды. Көктемде тың жатқан жерді таңдап, ауылдағы балабақша мен әкім аппараты қызметкерлері бірігіп, картоп салған-ды. Жаздай түптеп, арамшөбін отап, күтім жасаған олар күзде өнімін жинап алды.

Биыл да сол үрдісті жалғастырған ұзынкөлдік округ әкімшілігі мен балабақша ұжымына екі ауыл тұрғыны қосылды.

- Биыл біз тек картоп қана емес, қауын-асқабақ, қияр-қызанақ та салдық. Дақыл егілгеннен бері бар күтімін жасап келеміз. Мал түспесін деп айналдыра қоршап тастадық. Суды Барбастаудан тартып, суарамыз. «Балапанды күзде санайды» дейді ғой. Сондықтан, шығымы мен түсімі жайлы айту әлі ерте. Жалпы, Ұзынкөлде аулада бау-бақша, көкөніс өсіруге жағдай бар. Ауыл ішінде Барбастаудан су беретін техникалық су желісі жұмыс жасайды. Тұрғындар жиналысын өткізіп, су айдайтын қондырғыны іске қосатын, жөндеу жасайтын, оның шығынын өтеуге қажетті қаржыны жинайтын адам белгіленді. Ауыл ішіндегі суару жүйесі кешкі сағат алтыларда қосылып, тоғыз жарымға дейін су беріледі. Бұл ауыз суды үнемдеу үшін жасалған шара,- дейді ауылдық округ әкімі Жалғас Ерсайнов.

Ауыз суды ысырап қылмай, үнемдеудің жолын тапқан ұзынкөлдіктердің бұл ісін басқа ауылдарда да қолға алса, құп болар еді. Бұл бір деңіз. Ал, екіншіден, көкөністің бағасы «аспандап» тұрған кезде олардың ұжымдық бақша салып, ауласын пайдаға асырып отырғандары үлгі болуға лайық.

«Күтімді егін бітімді» демекші, жаздай кетпен арқалап, су басындағы бақшасын айналдырған ұжымдастардың ісіне береке берсін. Жиын-терім мол болсын!

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале