2.04.2021, 21:28
Оқылды: 88

Вирус - қауіп, екпе - «сауыт»

Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы екпе егу басталды. Екпе салу ерікті дегенмен, жыл соңына дейін 6 миллион адамды вакцианамен қамту жоспарда бар екен. «Бұл қандай екпе, оны салдырған соң не істеу керек?» деген секілді көптің көкейіндегі сауалдың жауабын білмекке, Сырым ауданының тиісті сала басшыларына арнайы барып, тілдесіп қайттық.

0EB1F4AC-DC7E-4E78-BC51-13044D180A43

Аудандағы эпидахуал қалай? 

Сырым аудандық санитариялық-эпидемиологиялык бақылау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, ауданда жыл басынан бері зертханамен анықталған КВИ жұқтырған 58 адам тіркелген. Оның 41-і симптомды (ауру белгілері байқалған) , 17-сі симптомсыз. Мұның ішінде жүкті әйелдер - 2 , 18 жасқа дейінгі 6 бала болып отыр. Қазіргі уақытта науқаспен қарым-қатынаста болған 155 адам үй карантинінде. Бүгінде стационарда 14 адам ем қабылдап жүрсе, стационардан кейінгі бақылауда 3 адам үй карантинінде. Амбулаториялық ем кабылдап жатқан 7 адам симптомды, жеңіл түрімен ауырса, қайтыс болғандар саны - 2. Аурудан құлан-таза айыққандар - 37.

– Індеттің жұғу қаупін төмендету үшін карантин енгізілген уақыттан бастап емханаға келушілерді барынша азайтып, оларға үйіне бару немесе онлайн байланысқа шығу арқылы жоспарлы емі түсіндіріліп, жүргізілуде. Дене қызуы көтеріліп, жөтел, тағы басқа инфекциялық жұқпаның белгісіне ұқсас ауру пайда болса, науқас үйден шықпай, бірден учаскелік дәрігерге немесе ауруханадағы қабылдау бөлімінің 21-3-11 нөміріне қоңырау шалуына, мобильді топтың көмегіне жүгінуіне болады. Үйде ауырып жатқан науқастарға медициналық көмек көрсетуге мобильді топ құрылды. Ауру көбейіп кетпес үшін үйден себепсіз шықпай, адам көп жиналатын орындарға бармай, тазалық сақтап отыру керек. Алдағы уақытта сәуір айынан бастап халықтың осал топтарына – созылмалы ауруы бар, 65 жастан асқан адамдарға және басқа да тұрғындарға вакцинациялауды бастау жоспарлануда, – дейді аудандық орталық аурухананың директоры Роза Тахамбетова.

 «Спутник V» жайлы не білеміз?

 ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елде 1 ақпаннан бастап ресейлік «Спутник V» екпесі салынатынын мәлімдеген болатын. Қарағанды фармацевтикалық кешені шығарған «Ган-КОВИД-ВАК» («Спутник V») вакцинасы жеткізіліп, пайдалануда. Әзірге басқа вакцинаны қолдану туралы нұсқау келген жоқ. «Спутник V» – аденовирус векторына негізделген векторлық вакцинация. Екпе екі дозадан тұрады, адамның иығына салынады. Алдымен 0,5 мл бірінші доза салынып, арада 19-23 күн өткенде тағы 0,5 мл жіберіледі. Екпе салардың алдында дәрігер пациенттің дене қызуын, сатурациясын, қан қысымын, жүрек соғысын, ауыз қуысын тексеруге тиіс. Егер адамның ыстығы 37 ºС градустан жоғары болса, екпе салынбайды. Екпенің бір флаконында 3 мл доза болады. Бір флакон бес адамға салуға жетеді. Екпенің сырты бүлінсе, қолдануға жарамсыз.

 Вакцинаны кімдер алды?

 Апта басында Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев Covid-19-ға қарсы «СпутникV» вакцинасын салдырған болатын. Одан бөлек, вакцина салдыруға аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, аудан әкімі аппаратының басшысы Медет Мырзаш пен бірқатар бөлім басшылары да аталмыш вакцинаны қабылдаған болатын. Аудан әкімінің айтуынша, індетке төтеп беру үшін, денінің саулығын ойлаған әрбір тұрғын вакцина салдырғаны абзал.  

– Қазіргі таңда «Спутник V» вакцинасының 110 адамға арналған бірінші компонентін 81 медициналық қызметкер, 14 ұстаз, 9 тәртіп сақшысы, 1 тұрғын, 5 мемлекеттік қызметкер алып үлгерді. Вакцинаны 18 жасқа толған тұлғалар ғана салдырады. Екпе қарсы көрсеткіші жоқ адамға егуге рұқсат етілген. Вакцинация алдында дәрігер пациентті міндетті түрде тексереді. Адам алдымен вакцина жайлы толық ақпарат алады, кейін жазбаша келісімге немесе профилактикалық егуден бас тарту туралы құжатқа қол қояды. Екі сатылы вакцина арасындағы интервал – 21 күн. Екінші компонент 31 наурыздан бастап егіледі. Екпе алған мамандардың жағдайы бірқалыпты. Олардың барлығы 30 минут бойы медицина мекемесінде дәрігердің бақылауында болады. Одан кейін үш күн тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік дәрігер бақылайды, – дейді эпидемиолог көмекшісі Әсел Қалбаева. Ауданның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ләззат Мұқанованың айтуынша, вакцинациялау вакцинаның келіп түсіне байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл ретте бірінші кезекте коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал топтары, одан әрі иммундауға жататын халықтың осал топтары вакцинациямен қамтылады. Бірінші кезеңде инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлеріне, санэпидқызмет мамандарына екпе егіледі. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтары, бірінші кезеңге кірмеген медицина қызметкерлеріне салынады. Үшінші кезеңде вакцинация мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарға жүргізіледі. Бұдан басқа, халықтың қосымша осал топтары: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚҚ, Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.

Екпе салу тегін бе?

Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам ағзасындағы антиденелер саны артады. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов 27 қаңтардағы брифингте: «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында вакцинация тегін болады. Тиісті қаражат мемлекет резервінен алынады, бұл шығын есептеледі», – деген болатын.

Вакцинаның жанама әсері бар ма?

Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімі, қарсы көрсетілімі, иммунизациядан кейінгі ықтимал көрінісі, вакцинаны енгізу және сақтау, тасымалдау шарттары туралы толық мәлімет бар вакцинаның нұсқаулығы талап етіледі. Осыған байланысты қарсы көрсеткішті қазіргі уақытта тізіп шығу мүмкін емес. Адам ағзасы кез келген вакцинаны енгізуде иммунитет қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын атап айту маңызды.

Түйін

Биылғы жыл басы жақсы жаңалықпен, яғни «тәжтажалға» қарсы вакцина шыққанымен ерекше болды десек, артық айтқандық болмас. Вакцинаның шығуы өз алдына, ел арасында «Ол ағзаны қаншалықты қорғайды?» «Вакцина салдырған жөн бе?» деген үміт пен күдік әлі де қатар келе жатқаны анық. Вакцина да тұмауға қарсы екпе сияқты, тек атауында, құрамында өзгеріс бар. Ал екпеден кейін иммунитетіңіздің әрі қарай мықтылығын қалыпты ұстап жүру сіз бен бізге байланысты. Ұлт саулығы отбасының саулығынан бастау алады.

Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы

   zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале