23.06.2022, 16:31
Оқылды: 52

"Халықтың мәселесі назардан тыс қалмайды"

Казталов ауданы аумағында 48 елді мекен орналасқан. Осы ауылдарға ортақ мəселелер де жоқ емес. Атап айтар болсақ, жол, ауыз су, көгілдір отын, ұялы байланыс секілді ауыл тұрғындары үшін маңызды мəселелерді шешу жергілікті атқарушы биліктің назарынан тыс қалған емес. Əр жұмыс жоспарлы, кезең-кезеңімен шешілуде.

20220623_121201

Бүгін Казталов ауданының əкімі Рүстем Зұлқашев аудан орталығынан шалғайда орналасқан Болашақ ауылдық округінің Аққурай ауылына барып, тұрғындармен кездесті.
Аудан басшысы өз кезегінде аққурайлық ағайын көтерген ауыз су, ұялы байланыс, көгілдір отын мəселелеріне қатысты түсінік берді.
- Ауданда 48 елді мекен болса, соның 23-і орталықтандырылған таза ауыз су қондырғыларымен жабдықталған. Биыл таза ауыз сумен қамтылған елді мекендер қатарына Талдықұдық, Қоныс ауылдарын қосамыз. Сонда аудан тұрғындарының 86 пайызы ауыз суға қол жеткізеді. Ал қалған 23 шағын ауылдарға ауыз суды тазартатын блокты-модель кешенін орнатуды жоспарлаудамыз. Мұндай қондырғыны Қараоба ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылына орнаттық. Енді ең шалғай орналасқан Аққурайға да биыл қаражат бөлінсе, осы қондырғыны қоятын боламыз.
Аққурай ауылының тұрғындары айтып жүрген тағы да бір мəселе - ұялы байланыс. Ауылда Beeline ұялы байланысын таратушы "Кар-Тел" ЖШС-нің матчтасы қойылған. Ендігі кезекте іске қосу ғана қалып отыр. Сонымен бірге ауылға көгілдір отын жүйесі тартылуда. Бас мердігер - "АлияСервис" ЖШС. Бəрі жоспардағыдай аяқталып жатса, Аққурай ауылы осы жылдың қараша айына дейін газбен толық қамтылатын болады. Халықтың ортақ мəселелері назардан тыс қалмайды, - деді аудан əкімі.

20220623_121303
Расында, ауданда бірталай нəтижелі жұмыстар атқарылып жатқанын көруге болады. Шалғадағы Аққурай ауылы да таза ауыз сумен қамтылып, ұялы байланыс орнатылып, көгілдір отын жүйесіне қосылатын күн де алыс емес.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале