16.09.2021, 19:00
Оқылды: 98

Хан мұрасы қорғауға алынды

Көрші Ресей еліндегі «Волгоград облысы аумақтық ұлттық-мәдени автономиясы» құрылымының төрағасы Айболат Ахметовтің Палласов жеріндегі хан Жәңгірден қалған тарихи нысандарды сақтап қалу жөнінде көтерген тың бастамасы туралы Бөкей ордасы аудандық «Орда жұлдызы» газеті бетінде жазған едік.

сүйінші

Қандасымыз ұлттық-тарихи мұрамызды кеңінен насихаттап, халық игілігіне пайдалануды мақсат тұтып қана қоймай, Жәңгір хан салдырып кеткен ғимараттарды жаңартып, музейге айналдыруды көздейтінін жеткізген болатын. Осы күнге дейін Ресейдегі тиісті мемлекеттік органдарға хат жазып, тарихи жәдігерлердің жойылып кетпей, сақтап қалуға үлкен үлесін қосты. Еңбегі еш кетпеді де.

Айболат Ахметов бастаған жанашырлар қауымының ұсыныстары назарсыз қалмай, Волгоград облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау комитетінің арнайы шешімімен Жәңгір ханның жазғы ордасы және соған тиесілі ғимараттар мемлекеттің қорғауына алынды.

Осынау сүйіншілі жаңалықты өздеріңізбен де бөлісуге асықпыз, ағайын! Жәңгір хан мұрасын жаңғыртып, ұлт тарихын түгендемекке ниет еткен Айболат Ахметов бастаған ресейлік қандастарымыздың сәтті жүзеге асқан бастамасы бөкейліктердің де айбынын асқақтата түсеріне сенеміз.

 

Арайлым Маратқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале