22.05.2018, 10:52
Оқылды: 78

Зеленовтық мәдениет және өнер қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

 

DSC_8150Зеленов ауданында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.

Сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай келген жұртшылық алдымен мәдениет саласының ардагерлері мен «Халықтық» атағы бар өнер ұжымдарын, этномәдени бірлестіктер мен балалар өнер топтарын айрықша қошеметпен қарсы алды.

Кейін аудандық мәдени-демалыс орталығы әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Амангүл Намазова салада атқарылған жұмыстар мен еңсерілген жетістіктер туралы баяндап өтті. Өнерді дәріптеп жүрген жандардың ұдайы ізденісінің нәтежиесінде «Халықтық» атағын иеленген ұжымдар саны  жетіге жетіп, айтулы биіктерді еңсеруде. Жас таланттардың өнер бәйгесінде жеткен жетістіктері бір төбе.

Сахна төрінен сөз алған аудан әкімі Асхат Шахаров сала қызметкерлерінің еселі еңбегін лайықты бағалап, мәдениеті озған, өнері өркендеген елдер қатарынан мығым орын алған еліміздің қарышты қадамдарына тоқталып, төл мереке қарсаңында бірқатар қызметкерлерге алғыс хат табыстады. Сондай-ақ аудан мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан жандарға Батыс Қазақстан облысы әкімінің міндетін атқарушы Игорь Стексовтың, БҚО Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің алғыс хаттары табысталды.

DSC_8091Ұлт мәдениетінің биігін бағындырған туындылар орындалған кеште мереке иелерін аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов құттықтап, салаға еңбегі сіңген  ардагерлерге сый-сияпат ұсынды.

Кеш барысында қатарынан озық шыққан таланттар мен өнер ұжымдары сахнада анықталып, дарияндық суретші Әлібек Ролланов «Үздік жас мәдениет қызметкері», Белес ауылдық клубы «Үздік мәдениет ошағы», Трекин ауылдық клубы «Үздік ұжым», «Нұр-Ай» үлгілі би ансамблінің жетекшісі, көшімдік Гүлмира Алканова «Шығармашылық ұжымның үздік жетекшісі» аталымдарын иеленді.

Нұржан Дүзбатыр

Зеленов ауданы

    

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале